Site icon Деловая Жизнь Казахстана

12 сәуірден бастап «Әйелдер ипотекасын» алуға болады

Depositphotos 215210808 l 2015 12 сәуірден бастап «Әйелдер ипотекасын» алуға болады

Селективное внимание красивой женщины, держащей чашку кофе на кухне с картонными коробками во время переезда в новый дом - ru.depositphotos.com

Гендерлік теңдікке бағытталған ипотекалық өнім Қазақстан ғана емес, Азия елдерінде алғаш рет әзірленіп отыр. 12 сәуірде елімізде әйелдерге арналған ипотека беріле бастайды, деп хабарлады «Отбасы банкінің» баспасөз қызметі

2019 жылдан бері талқыланып, 2020 жылы іске қосылуы керек болған жоба пандемияға байланысты 2021 жылға шегерілді. Гендерлік теңдікке бағытталған бағдарламаның жай-жапсарын былтырғы жылдың қарашасындағы сол кездегі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндаған еді. Министр «Азия даму банкінің» президенті Такехико Накаонмен кездесу өткізіп, аталған жобаға 38 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу туралы келісімге келді. Бағдарлама операторы болып – «Отбасы банк» бекітілді. Бүгінде аталған қаржы институтының 60 мыңнан астам салымшысы әйелдер қауымы. Олардың 60%-дан астамы ауыл-аймақтарда тұрады. Сондықтан қарыздың 60%-ы ауыл әйелдеріне, 20%-ы табысы төмен қыз-келіншектерге ұсынылмақ.
«Қазір елімізде 9,1 млн әйел тұрады. Оның ішінде 4,4 миллионы жұмыс істейді, олардың жартысы өз отбасыларының жалғыз асырушысы. Бұл ретте әйелдер орташа есеппен ер адамға қарағанда үш есе аз жалақы алады. Сондықтан біз Азия даму банкімен бірлесіп, қазақстандық әйелдерге қолдау көрсетуді шештік», – деген еді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова. Жоба арқылы 3 мыңнан аса әйелдің баспаналы болу мүмкіндігі бар. Алайда оның шарттары қаншалықты тиімді? Аталған банктің Маркетинг департаментінің маманы Мақсат Заитовтың айтуынша жаңа бағдарлама несиені 15% бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді. Жоба бойынша несие мөлшерлемесі 12% және алдағы уақытта, яғни тұрғын үй заемына ауысқан кезде несие мөлшерлемесі 3,5%-ға дейін төмендейді. Бағдарлама бойынша қарыз сомасы – 30 млн теңгеге, ұзақтығы 25 жылдан дейін болуы шарт. Ал жобаға қатысу үшін отбасының жалпы табысы 320 мың теңгеден аспауға тиіс. «Ақпан айында бағдарламаға атау таңдап, 2 мыңнан аса адам дауыс беру нәтижесінде «Ұмай» атауы бекітілді. Ол түркі тілдес халықтардағы ұрпақ жалғастырушының нышаны. Ал әйелдер ипотекасының талаптарына келер болсақ, тұрғын үйді алғашқы немесе қайталама нарықтан сатып алуға болады. Басты ерекшелік – атыңызда үй болмау керек деген талап жоқ. Мейлі, 2-3 үйіңіз болса да 4-ші үйді ипотекаға рәсімдей аласыз», – деді банк қызметкері. Сонымен қатар қарызды үйді жөндеу жұмыстарына да алуға болады. Берілетін ең жоғары сома 3 млн 700 мың теңге. Шарт бойынша салымшы жөндеу жүргізілетін тұрғын үйдің меншік иесі немесе сол үйде үлесі болуы керек. «Банкке 12 айдың ішінде үйдің жөндеу жұмысына дейінгі және одан кейінгі суретін ұсынасыз. Сондай-ақ, бағдарламаға 65 жасқа дейінгі жұмыс істейтін зейнеткерлер қатыса алады. Ал бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер ипотека ала алмайды. Себебі ипотека рәсімдеу үшін соңғы 6 айда тұрақты табыс түсіп тұруы шарт», – деді банк өкілі. Егер несие рәсімдеушінің табысы жеткіліксіз болса онда кез келген үшінші тұлғаны қарыз алушы ретінде тіркеуге болады. Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко бағдарламаның тиімділігі туралы айтуға әлі ерте деп есептейді. Сарапшының пікірінше оған пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы және жобаның әлі іске қосылмауы себеп. «Бағдарлама тұрғын үй нарығына қандайда бір өзгеріс алып келеді деп айту әлі ерте. Мәселен, зейнетақы төлемін уақытынан бұрын алудың шарттары тиімді болды. Ал бұл әдеттегі банктік өнімдердің бірі. Сонымен қатар 12%-дық мөлшерлеме өте жоғары. Сондықтан бағдарламаның тиімділігі туралы айту үшін әлі де нарықты бақылау керек», – деді қауымдастық президенті.
Ал «Golden key» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Ботагөз Кенжебаева бағдарлама шарттары тиімсіз деп есептейді. Сондықтан ол жаңа бағдарламаға қарағанда қолданыстағы жобаларға басымдық беру керек деген пікірде. «Әйелдер ипотекасын жеңілдетілген деп атауға келмейді. Себебі «7-20-25» бағдарламасы аясында мөлшерлеме 7%, «Баспана хат» бағдарламасы бойынша 10,75%. Оның өзін көпшілік ала бермейді. Сондықтан үш бағдарламаның арасында таңдау болса, әрине, әйелдер ипотекасына басымдық берудің қажеті жоқ. Бұрыннан бар ипотекалық бағдарламаларға жүгінген абзал», – дейді маман. Бағдарламаны жүзеге асыратын қаржы институты ұсынған мысалға жүгінсек, отбасының табысы 200 мың теңгеден аспаcа, несие сомасы тұрғын үйді бағалау құнының 85%-на дейін беріледі. Мысалы, пәтерді бағалау құны 10 млн теңге болса, несиеге 8,5 млн теңгеге дейін қаражат алуға болады. Ал егер отбасының табысы 320 мың теңгеден аспаса, несие сомасы тұрғын үйді бағалау құнының 80%-на дейін ұсынылады. Мәселен, 10 млн теңге тұратын пәтер алу үшін 8 млн теңгеге дейін қаражат беріледі. Яғни, қолыңызда немесе шотыңызда пәтер құнының 15-20%-ы болуы керек. Әйтседе, жоба операторы алғашқы жарнасыз да ипотека рәсімдеуге де болады деп уәде етіп отыр. Алайда оның тетіктері әлі белгісіз.
 
 

Exit mobile version