Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Акция нарығының капиталы көбейді

stock exchange 3087396 1920 Акция нарығының капиталы көбейді

Қазақстан қор биржасы (KASE) биылғы жылдың I тоқсанын оң нәтижемен аяқтады. Сауда саттықтың жиынтық көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге ұлғайып, 35,6 трлн теңгені құрады

KASE индексінің мәні кезекті тарихи максимумды белгілеп, 16,3 %-ға өсті, делінген қордың есептік хабарламасында.
Белгілі болғандай, акция нарығының капиталы 21,4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері биржаның ресми тізіміне 10 эмитенттің 15 түрлі бағалы қағазы еніп, оның екеуі алғаш рет листингтен өтті. Есептік кезеңде корпоративтік облигация нарығындағы қарыз көлемі 164,4 млрд теңгеге азайды. Ал BMY корпоративтік облигацияларының табыстылық индексінің мәні 11 базистік нүктеге төмендеді.
Бастапқы нарыққа жалпы құны 312,2 млрд теңгені құрайтын 9 эмитенттің 14 облигациясы орналастырылды. «Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаты бойынша екінші деңгейлі банктердің үлесі – 2,5%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 3%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 34,2 %, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 59,6%, жеке тұлғалардың үлесі – 0,7 % болды. Бейрезиденттердің үлесі – 6,1%-ды құрады», – деп хабарлады Қазақстан қор биржасының баспасөз қызметі.
Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында саудаланатын мемлекеттік борыштың номиналды құны жыл басынан бері 6,8%-ға артып, 17,9 трлн теңгеге жетті, ал сауда көлемі 11,2%-ға ұлғайып, 924,7 млрд теңгені құрады.
Бастапқы нарықтағы ақша айналымы 725,2 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,9%-ға жоғары көрсеткіш. Халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары нарығына Еуразиялық даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және Азия Даму банкінің 35 облигациясы шығарылды. Мұндағы сауда көлемі 31,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінің нәтижесінен 39 есе немесе 31,1 млрд теңгеге артық көрсеткіш. «Бастапқы нарықтың барлық көлемі Азия даму банкінің орналастыруына тиесілі болды. Инвесторлардың негізгі санатындағы бастапқы нарықта екінші деңгейлі банктердің үлесі – 13%-ды, басқа институционалдық инвесторлар – 50,3%-ды, өзге заңды тұлғалар – 36,7%-ды құрады. Қайталама нарықтағы сауда көлемі 14,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы нәтижеден 18 есе асты», – деген ақпарат таратты қордың баспасөз қызметі.
2020 жылдың I тоқсанында инвестициялық қордың бағалы қағаздар нарығында 6 басқарушы компания мен 4 ETF басқаратын 13 инвестициялық пай қоры болды. Бұлардың сауда көлемі 17,3 млрд теңгені құрады. Шетел валютасының нарығында да белсенділік байқалды. Дәл осы нарықтың алыс-берісіне биржаның 31 мүшесі қатысты. Мұндағы жалпы сауда көлемі 3,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 99,7 млрд теңгеге кем көрсеткіш.

Exit mobile version