«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан белгісіз біреулер қоңырау шалып, алаяқтық жолмен азаматтардан банк шоты бойынша жеке ақпараттарды білмек болған.
ҰКП 1432 бірыңғай байланыс орталығына осындай шағым айтып хабарласушы азаматтар жиіледі.
Оңай жолмен ақша жымқырғысы келгендер ұялы байланыс нөміріне хабарласып, азаматтардың грант ұтып алғанын және сол ақшаның шотқа түскен-түспегенін растағысы келгенін айтқан. Егер ақша түспеген болса, оны аудару үшін банк шотының деректері керегін ескертіп, жеке мәліметтерін сұраған.
Енді бірі ақшаны Қазпоштадан алуға болатынын айтып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысқан. Алаяқтар 700 мың, 750 мың, 1 млн теңге және т.б. көлемде грант ұтып алдыңыз деген ақпарат айтқан.
Осы орайда ескерер жайт, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсын ұйымдастырумен ғана айналысады. Ал, грант бөлу палатаның міндетіне кірмейді.
Құрметті қазақстандықтар,
Осыны ескере отырып, алаяқтық сипаттағы хабарламаларға немесе қоңырауларға сеніп, құйтырқы әдістерге алданып қалмауды ұсынамыз.
Егер сіз мұндай жағдайға тап болсаңыз немесе сізге «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша грант ұтқаныңызды айтып, бейтаныс адамдар қоңырау шалса, 1432 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуыңызды сұраймыз.
Ал, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметіне қатысты ақпаратты, сондай-ақ іске асырылып жатқан бағдарламалар жайында мәліметті atameken.kz ресми сайтынан немесе 1432 байланыс орталығы арқылы алуға болады.