Үкімет отырысында энергетика министрі Нұрлан Ноғаев теміртаулық тұтынушылардың 2 тәулік жылусыз отыруына не себеп болғанын баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның №2 жылу электр орталығы қазандықтарының техникалық жағдайы нашар
Теміртау тұрғындарының қыстың көзі қырауда жылусыз отыруына қазандықтың істен шығуы себеп болған. «Өткен жылыту маусымында Теміртау қаласының тұрғындары жылу энергиясының жеткіліксіздігіне тап болды.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның №2 жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге бөлген қаражаты физикалық тозу мен апаттық деңгейді төмендете алмады. Себебі ЖЭО-ның негізгі жабдығының орташа тозу көрсеткіші 77%-ды құрап отыр», – деді Нұрлан Ноғаев. Оның айтуынша, жылыту маусымында 5 қазандық жұмыс істеп, 1 қазандық резервте болуға тиіс.
Министр жоғарыдағы факті бойынша Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті 10-25 наурыз аралығында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның №2 жылу электр орталығына қатысты электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талабын сақтауына жоспардан тыс тексеру жүргізді.
«Тексеру қорытындысында қазандықтар мен қазандық цехының ғимараттарын пайдалануға қойылатын талаптың бұзылғаны анықталды.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына №2 жылу электр орталығындағы №7 қазан құрылысын жеделдету, сондай-ақ 2-ші жылу электр орталығын жаңғыртудың перспективалық жоспарын әзірлеу қажет деп санаймыз», – деді Нұрлан Ноғаев.