Site icon Деловая Жизнь Казахстана

«Атамекен» мен антикор 40 млрд теңге шығынның алдын алды

businessman having headache «Атамекен» мен антикор 40 млрд теңге шығынның алдын алды

«Атамекен» ҰКП және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы арқылы бір жарым жыл ішінде 40 млрд теңге көлемінде бюджеттік қаражат үнемделді

Цифрландыруды ілгерілету, кәсіпкерлердің жұмыс істеу шарттарын оңайлату және жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында атқарылған жұмыс  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша V Республикалық кәсіпкерлер форумында талқыланған негізгі тақырыптар болды.
Бизнеске қысымды азайту үшін Ұлттық палата бірнеше шешімді ұсынды, атап айтқанда, шағын бизнеске минималды әрі қарапайым салықтарды енгізу, бизнестің еңбекақы төлеу қорына жүктемесін 20%-ға дейін төмендету, кәсіпкерлерге салынған 10 мыңнан астам талапқа тексеру жүргізу және бірыңғай өзекті тізілім құру.
Бизнеске қарастырылған салық олардың ауқымына сәйкес келуі тиіс, деп атап өтті Тимур Құлыбаев. Негізгі салық төлеушілер – 2,4 мың ірі және 6 мың орта кәсіпорын. Өз кезегінде саны 1 млн бірлікке жуықтаған  микро- және шағын бизнес субъектісі салық төлеуден жалтарады, өйткені олар күрделі әкімшіліктендіруді түсінбейді және қорқады:
«Сондықтан микро және шағын бизнеске ең төменгі әрі қарапайым салық қажет. Салық төлеу күнделікті өмірде мобильдік байланыс немесе коммуналдық қызметке төлегендей жасалуы қажет», – деді Тимур Құлыбаев.
ҰКП өкілдерінің айтуынша, бірінші кезекте бұл еңбекақы төлеу қорына қатысты. Қазір әрбір жалдамалы жұмыскер үшін бизнес салық агенті ретінде 5 төлем (ЖТС, әлеуметтік салық, БЖЗҚ, МӘСҚ, ӘМСҚ жарналары) төлейді, ал жалпы жүктеме 34%-ды құрайды. Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа деңгейде (2020 жылы 34,6%) болады. Біздің бағалауымыз бойынша 8,8 млн жұмыспен қамтылған халықтың 4 миллион адамға дейін өз табысынан тұрақты салықтар мен төлемдерді төлемейтін бейресми жұмыспен қамтылғандарға жатқызылуы мүмкін:
«Көпшілігі қайта несие алған, коллекторлар мен сот орындаушыларының кесірінен ресми жұмыс істегісі келмейді. Олар үшін біз бірыңғай төлем енгізуді және жүктемені 20%-ға дейін төмендетуді ұсынамыз. Бұл оларды көлеңкеден шығуға ынталандырады, олар есепке тұрады және мемлекеттің барлық әлеуметтік қызметін пайдалануға кепілдік береді», – деді  Тимур Құлыбаев.
Тимур Құлыбаев мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясында Үкімет кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа Тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын еске салды. ҰКП-ның жаңа нормативтік саясатты, салықтарды, кәсіпкерлікті қолдаумен байланысты барлық ұсыныстары жаңа Тұжырымдамада жүйеленетін болады. Бұл мәселеде Палата Агенттіктің қолдауына сенім артады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік жоспарлау мен мемлекеттік сатып алу порталдарын біріктіруді, бюджеттік өтінімдерді көпшілікке орналастыруды қамтамасыз етуді ұсынды. Ұқсас тауарларға бірыңғай сипаттамалар мен бағаларды белгілеу қажет. Ірі нысандарды салған кезде қаражаттың бюджеттік кезеңнің соңында игеруді емес, біз ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі бойынша жобалық қаржыландыруға көшуді ұсынды:
«Сондай-ақ, қаражатты бөлу кезеңінен игеруге дейін сүйемелдеуді енгізу орынды. Бірақ бұл бір қақпаға баратын ойын болмауы керек. Бизнес те  әділ ойын ережелерін қабылдауы тиіс – мемлекет және бюджет ақшасымен жұмыс істегің келсе, ашық саясатқа дайын бол. Міне – адалдық деген осы. Біз ҰКП-мен кезекті картаны әзірледік және тәсілді өзгертіп жатырмыз. Біз кәсіпкерлер үшін маңызды салаларды таңдадық және интеграцияланған талдауды қолдана отырып, әр салада егжей-тегжей жұмыс істейтін боламыз. Ол үшін құқыққорғау органдары мен ҰКП қызметкерлерін, қоғам өкілдерін тарта отырып, арнайы ведомствоаралық топ құрылатын болады. Нәтижесінде тәуекелдер жойылып, нақты заңнамалық түзетулер қажет болуы мүмкін», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.
Ұлттық палата мамандары жемқорлық мәселелерін шешу үшін цифрлық жүйе қажет деп есептейді. Ол барлық процеске – өтінім бергеннен бастап құжат алғанға дейін қатысты болу керек. Адами фактор толық жойылу керек немесе айтарлықтай шектелу керек. Ол үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысуымен Цифрлық трансформация орталығы құрылды. Ол: мемлекет және мемлекет, мемлекет және бизнес, мемлекет және тұрғындар деген үш бағыт бойынша жұмыс істейді.
«Мемлекеттің бизнеспен қарым-қатынасы бағыты бойынша біздің негізгі серіктестеріміз – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. ол мемлекеттік процестерге бизнес-көзқарасты қалыптастырады. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық факторларын көрсетеді. Біз бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін бәрін цифрландыруға тиіспіз», – деп атап өтті министр Бағдат Мусин.
ҰКП мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-ы цифрландырылған, алайда көптеген ақпараттық жүйе мен портал арасындағы интеграцияны реттеудің маңызы зор.
«Атамекен» өкілдері бірыңғай стандарттар мен бизнеске ашық АРІ арқылы мәселені шешуге болатынын алға тартады.
 
 

Exit mobile version