«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында Мемлекеттік халықты жұмыспен қамту «Еңбек» бағдарламасы бойынша Палатының ұсынысын айтты
Ұлттық палата басшысы «Бастау» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие беру, қысқа мерзімді оқыту, сондай-ақ мобильді жұмыспен қамту орталықтарының белсенді жұмысы сияқты төрт негізгі бағытқа назар аударды.
«Бастау Бизнес» биыл бесінші жыл іске асырылып отыр. Соңғы төрт жылда 151,5 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Оның ішінде 44 362 жоба (29%) іске қосылды. 64% грант жағынан қаржыландырылды, 36 % микронесие алды. Соның ішінде 60 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Егер салалық жағынан алып қарасақ, 60% (26 132) ауыл шаруашылығында, ал 40 пайызы қызмет көрсету, өндіріс орындарында еңбек етіп жатыр», – деді Абылай Мырзахметов.
Сондай-ақ Басқарма төрағасы 2021 жылға арналған «Бастау Бизнес» жобасының жоспарын таныстырды.
«Жоспарымыз – 30 мың адамды оқыту, 30 пайызы өз жобасын ашу керек. Қазір бірінші лекке 11 мыңға жуық адам өтініш білдірді. Оның ішінде 70 % – жұмыссыздар, 23 % – өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар. Қазір жобаға қызығушылық көп. Сондықтан тағы 10 мың квота бөлуді сұраймыз. Министрлікпен тиісті жұмысты атқаруға дайынбыз», — деді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, жоба аясында микронесие беретін 15 ұйымның 9-ы лицензия алған.
«Микронесие беретін ұйымдардың 13-і құрылды. 15 мамырға дейін бәрі толық жұмысқа дайын болады. Жол картасы бойынша 22,5 миллиард теңгеге 5300 жоба толық қаржыландырылады. 10 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылады», – деді Абылай Мырзахметов.
Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту бойынша Палата іске асырып жатқан тағы бір сала – қысқамерзімді оқыту.
«Қысқамерзімді кәсіптік оқытуда «Атамекен» ҰКП соңғы екі жылда тізімін жасады. Онда 902 оқыту орталығы бар. Айта кететін жайт – кәсіпорын қасында құрылған орталықтар 4 есе өсті. Өткен жылы 16 мыңнан аса адам осы орталықтарда оқыған. Оның 13 мыңы жұмыс тапқан. Биылғы жоспар бойынша 15 мыңнан астам қатысу керек. Тағы 80% көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өтінішіміз – осы уақытқа дейін ҚМКО құнын методика әлі бекітілмеген. Осыған назар аударсаңыз», – деді Басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту бойынша Палата іске асырып жатқан тағы бір сала – проактив түрде мобильді орталық құру.
«1,5 жылдық пилоттық жобаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары қатысты. Осы пилоттық жобаны барлық аймаққа таратуды қолдауды сұраймыз. Жобаның арқасында жылына 560 мыңға жуық жұмыссыз немесе жұмыс істеймін деген азаматты қамтуға болады. Сондай-ақ Үкіметтің қолдауымен кооперация мәселесі жақсы нәтиже көрсетті. Осы жобалардың бәрін біріктіріп, Ұлттық жобаны халықтың ойынан шығатындай етіп іске асыруға барлық мүмкіншілік бар», – деп түйіндеді сөзін Абылай Мырзахметов.
Премьер-министр Асқар Мамин «Бастау Бизнес» жобасы бойынша квота санын көбейту туралы «Атамекен» ҰКП ұсынысын қолдады.
«Бастау Бизнес» жобасы тиімділігін көрсетті. Биыл 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. «Атамекен» ҰКП және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, білім алушылардың санын көбейтсін», – деді Үкімет басшысы.