ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданған шараларды баяндады
«Жалпы еңбек нарығының негізгі индекаторлары пандемияға қарамастан тұрақты болып қалды. Соңғы үш жылда жұмыс күшінің саны артты. Бұл жалдамалы жұмыскерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының қысқаруы есебінен орын алды. Бұл ретте еңбек нарығын сипаттайтын негізгі көрсеткіш – жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз көлемінде сақталды», – деді министр Үкімет отырысында.
2020 жылдың 2 тоқсанында уақытша жұмыспен қамтылған халық саны 4 есеге өсіп, 536 мың адамды құраса, шектеу шаралары кезінде қашықтан жұмыс істеу мен икемді жұмыс формалары кеңінен тарап, жыл соңында уақытша жұмыспен қамтылғандар саны 147 мың адамға қысқарды.
«Сондай-ақ, бейресми жұмыспен қамтылғандар санының азаюы байқалады, оның деңгейі қазір 14 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда біз экономиканың біртіндеп қалпына келуін байқап отырмыз, бұл еңбек нарығына жағымды әсер етуде. Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі міндеттерді ескере отырып, биыл біз 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдауды жоспарлап отырмыз. Олар 700 мың адамды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен, 32 мың адамды – жұмыспен қамту жол картасымен, 440 мың адамды – өзге де мемлекеттік бағдарламалармен қамтимыз», – дейді Еңбек министрі.
Еңбек бағдарламасы бойынша қамтылатын 227 мың адамға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шаралары көрсетіледі. Олар үш бағыт бойынша жүреді. «Біріншіден, қысқамерзімді оқытуға, техникалық және кәсіби білім алуға 36 мың адам жіберіледі. Бүгінгі таңда 2 мың адам қысқа мерзімді курстарды оқуға кірісті. Екінші бағыт бойынша, «Бастау» бизнес жобасында 10500 адамды бизнес дағдыларына оқыту басталды. Сайлауалды тұғырнамаға сәйкес, жыл соңына дейін 30 мың адам оқытылады. Оған қажет қаражат пен ресурстар толық қарастырылған. Биыл өзі үшін ашуға және кеңейту үшін 5 мың микрокредит пен 21 мың грант беріледі. Үшінші бағыт бойынша, субсидияланатын жұмыс орындары есебінен еңбек нарығына бейімделу бойынша 128 мың адамға қолдау және 7 мың адамның өз еркімен көшуіне қолдау көрсетіледі», – деп түсіндірді С. Шәпкенов.