1 шілдеден бастап Қазақстанда аяқ киімге міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Нарықтың жаңа ережелеріне тап болатын кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында қазіргі уақытта «жедел желі» жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Цифрлық экономиканы дамыту орталығының баспасөз қызметі
Байланыс орталығында бірнеше ауысымда 20 оператор қызмет көрсетеді. Олар 3 қолдау желісіне сәйкес өтініштерді тіркеп, жауап береді. «Жедел желіге» қоңырау шалып, кәсіпкер жалпы мәселелер шеңберінде тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша кеңес, сондай-ақ қажет болған кезде жекелеген тауар топтарын таңбалау мәселелері бойынша маманданған сарапшылардан егжей-тегжейлі түсініктеме ала алады. Жүйеде тіркелуге, құжаттарды ресімдеуге, қалыптастыруға, жөнелтуге байланысты мәселелер туындаған жағдайда өтініш техникалық қолдау желісіне жіберіледі. Цифрлық таңбалау бойынша «жедел желі» жұмысы былтыр тамызда – темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға дейін екі ай бұрын басталған.
Байланыс орталығына қыркүйектен желтоқсанға дейін көп өтініш келіп түскен. Бұл бизнестің темекі нарығындағы жаңа жұмыс жағдайларына бейімделу кезеңі болған. Осыған байланысты көптеген сұрақ туындады. Цифрлық таңбалау бойынша байланыс орталығы 9 ай ішінде 10 мыңнан астам өтінішті өңдеп үлгерді. «Жедел желі» тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Жұмыстың нағыз қызған шағында мамандар тәулігіне 300-ге дейін өтінішке жауап беріп, тиісті шешім тауып берген. «1 шілдеден бастап аяқ киім тауарларын міндетті таңбалау енгізілуіне байланысты маусым-шілде айларында біз аяқ киім нарығына қатысушылар тарапынан өтініштер санының өсімін болжап отырмыз. Кеңесшілеріміз бизнеске барынша жедел түсініктеме, кеңес беруге дайын. Кеңес беру сипатындағы сұрақтарға клиент 5-10 минут ішінде жауап алады. Егер мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет болса, ең ұзақ дегенде жауап беру уақыты 24 сағаттан аспайды. Қалай болғанда да, жүгінген әрбір адам қойылған сұраққа толыққанды жауап алады. Бұл байланыс орталығы жұмысының басты ережесі», — дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының техникалық директоры Гүлжан Қонқашева.