Әлемде 100 адамның 27-сі тауарды интернет арқылы сатып алады. 2025 жылы Қазақстанда электрондық сауданың үлесі 15% болады
2021 жылы әлемде тауарды онлайн сатып алушылар саны 2,14 млрд-қа жетті. Бұл әлемдегі халықтың жалпы санының 27,6%-ы, яғни әрбір төртінші тұрғын тауарды интернеттен сатып алады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осы жылы да мұндай сатып алушылар саны 4,4%-ға артады деп болжанып отыр.
Әлемдегі ең танымал интернет-дүкендер – Amazon.com, eBay.com, Rakuten, Samsung.com, AliExpress.com және тағы басқалар. Коронавирус пандемиясы кезінде тауар сататын сайттардың жұмысы жүрді. Өйткені, халықтың басым бөлігі үйде болып, тауарларға интернет арқылы тапсырыс берді. Қазақстанда да онлайн сатып алу қарқынды дамып келеді.
Мысалы, 2019 жылы елімізде электронды нарық көлемі 700 млрд теңгеден сәл асса, 2020 жылы ол 1,1 трлн теңгеден асып, бөлшек тауар айналымының 9,7%-ын алды (11,6 трлн теңге).
Елімізде интернеттен жиі тауар сатып алатындар саны да өсіп келеді: 20%-ға жуық, 3,8 млн-ға дейін. 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,2 млн болған. Бүгінде нарықта шамамен 650 интернет-дүкені жұмыс істейді.
Сондай-ақ, қазақстандықтар AliExpress.com, Amazon.com және тағы басқа интернет-дүкендердің қызметін жиі пайдаланатын болған. Мысалы, 2019 жылы олар интернет-дүкендерден 280 млрд теңгенің тауарын сатып алған. Бұл сайттарда тауарды тек халықаралық төлем жүйелерінің карталары арқылы сатып алуға болады. 2021 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, Қазақстанда айналымда 51,5 млн төлем картасы бар. Оның 69,5%-ы немесе 35,8 млн-ы халықаралық төлем жүйелерінің карталары болып саналады. Бұл ретте олардың 95,3%-ы MasterCard Worldwide және Visa International-ға тиесілі.
Электронды сауданың дамуы қолма-қол ақшасыз төлемдердің артуына ықпал етеді. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 12,7 трлн теңге болды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе көп. Мұнда барлық көлемнің 82%-ы интернет және мобильді банкинг арқылы жасалған қолма-қол ақшасыз операциялар үлесінде.
Халықаралық төлем жүйелері бөлінісінде барлық қолма-қол ақшасыз транзакцияның 99,1%-ы MasterCard Worldwide және VISA International-ға тиесілі. 2020 жылы жалпы сомасы 35,3 трлн теңгеге 2,9 млрд қолма-қол ақшасыз транзакция жүргізілді. Халықаралық төлем жүйелері бөлінісінде өткен жылы Қазақстанда ең көп қолма-қол ақшасыз транзакциялар MasterCard Worldwide төлем карталары арқылы жүргізілді: 4,4 трлн теңге сомасына 553,6 млн транзакция. Бұл қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы санының 19,2%-ы.
Электронды сауданы дамыту елімізге экономикалық жағынан өсудің жоғары әлеуетін береді. Электронды коммерцияның арқасында халық көптеген тауарды арзанға сатып ала алады. Бұл бағыт көлеңкелі айналымды қысқартуға және кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.
Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді. Алдағы жылдары секторда өсім болады деп сенімді түрде айтуға болады. 2025 жылы электрондық сауданың үлесі кемінде 15% болады.