Экономистер алаяқтарға жем болмауы үшін қазақстандықтарға осындай мүмкіндік беру қажет деп есептейді
Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың мәліметінше, былтыр мұндай алаяқтық түрі алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе өскен болатын: 2019 жылы 7,7 мың факті тіркелсе, 2020 жылы 14,1 мыңнан асты.
Биылғы 2021 жыл басында 4 мыңнан асып кеткен. Бұл ретте онлайн жасалған мыңдаған қылмыс ашылмай қалады. Оларға тосқауыл қоюда мемлекеттік органдар қауқарсыздық танытуда. Алаяққа жем болғанын коллекторлар хабарлайды.
«Төлемдерді растау үшін пайдаланылатын парольдерді, кодтарды немесе өзге де құпия-конфиденциалды деректерді ешқашан ешкімге хабарламаңыз. Дербес деректеріңізді, әсіресе PIN-кодты, CVV-кодты (картаның сырт жағындағы 3 мәнді нөмір) ешкімге айтпаңыз, бермеңіз», – деп кеңес береді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Бұл әрине, ұялы телефон арқылы хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, алдайтын алаяқтарға қатысты. Мұндай жағдайда кеңес қарапайым: «банктың қауіпсіздік қызметінің өкілі» қоңырау шалып, қорқытса, асып-саспаңыз, тілдесуді үзіп, өз банкіңізге телефон соғып, мән-жайын өзіңіз анықтаңыз. Алайда қазақстандықтар бұдан да зор проблемаға кезігуде: оларға енді коллекторлар хабарласып, онлайн кредиті барын, соны өтеуі керектігін қатаң ескертеді. Немесе, ұзақ уақыт төлем жасамағаны үшін жеке сот орындаушылары азаматтың есепшотын, депозитін, зейнетақы, жәрдемақы не жалақысын бұғаттап тастайды. Қаннен қаперсіз жүрген адам бұл туралы ең соңында ғана біліп, сан соғады. Бұл жерде оның атына алаяқтардың қалайша жасырын несие рәсімдеп қойғаны көбіне белгісіз қалады.
Осылай алаяқтардың тұзағына түскен жандардың бірі Азат Зәкәрия бұған жол бергендерді жазалауды сұрап, полиция табалдырығын тоздырып жүр. «Биылғы 2 сәуірде, түс шамасында ұялы телефонымның нөміріне белгісіз біреу қоңырау шалды. Телефонды көтеріп, сөйлескенімде, Алматы қаласының жеке сот орындаушысы екенін білдім. «Несиеңізді төлемей жүрсіз. Сондықтан ісіңіз сот орындаушысына тапсырылды. 60 мың теңге несиеңізді төлеуіңіз қажет» дейді. Бұл бір алаяқтық шығар деп, өзімнің қаңдай банктен несие алғанымды сұрадым. Сөйтсем, 2020 жылы әлдекімдер «Lending and Financy technologies» микроқаржы ұйымынан менің атымнан микрокредит алыпты. Барлық сұрақпен МҚҰ-ның Қызылорда қаласындағы бөлімшелеріне баруым керектігін нұсқады. Дереу әлгі ұйымға жүгіндім, оның мамандары былтырғы 26 қазанда онлайн арқылы кредит алғанымды, қаражат мен көрсеткен есепшотқа аударылғанын жеткізді. Масқарасы сол, мен осы айтылып отырған несиені ешқашан алған емеспін», – дейді Азат.
Ол Қызылорда қалалық полиция басқармасына шағым түсірді. «Сонда қалай, алаяқтар еліміздің кез келген азаматының атынан осылай онлай несие рәсімдей алатын болғаны ғой. Неге Үкімет, құзырлы органдар қаптаған онлайн кредит мекемелерінің жұмысын қадағаламайды? Егер кім көрінгенге қашықтан несие рәсімдей беретін болса, мұндай МҚҰ-ларды лицензиясынан айыру қажет емес пе? Әйтпесе, 18 миллион қазақстандықтың бәрінің атына жаппай кредит жазып қоятын түрі бар», – деп алаңдайды жәбірленуші.
Ішкі істер министрлігі ондай фактілер тіркелгенін жасырмады. «Аталған шағымда көрсетілген факт бойынша Қызылорда қаласының полиция басқармасы 2021 жылдың 6 сәуірде Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» атты 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Жедел-тергеу тобы қажетті тергеу іс-шараларын жүргізеді. Қызылорда облысының полиция департаментіне толық, жан-жақты және объективті тергеу жүргізу тапсырылды. Нәтижесі туралы шағым иесіне белгіленген тәртіппен хабарланады», – деп түсіндірді ішкі істер органы. Сонымен бірге, ІІМ микрокредиттік ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша азаматтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануы керектігін нұсқады. Агенттік мұндай шағымдарды қылмыс жасалған соң, «постфактум» қарайды және бәрібір полицияға жолдайды.
Жасырын несиеге азаматтың өзі кінәлі ме? Қаржылық реттеуші мұндай алаяқтық фактілеріне көбіне азаматтың өзі кінәлі болуы мүмкін деген ұстанымда. «Алаяқтар басқа бір адамның атынан несиені қалай ресімдей алады? Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Мысалы, ол адам бір кездері жеке куәлігін не паспортын жоғалтуы ықтимал. Оны алаяқтар тауып алса, сондағы жеке тұлғаның құнды деректерін пайдаланып, құрбанын құрығына түсіреді. Сондықтан, егер құжатыңызды жоғалтсаңыз, дереу ХҚКО-ға жүгініп, өтініш жазуыңыз және сол өтініштің қай күні және қай сағатта берілгені көрсетілген анықтама алуыңыз қажет. Бұл өз атыңызға сыртыңыздан кредит рәсімделіп жатса, оған қарсы шағымданған кезде қажет болады», – деп ескертті Қаржылық реттеу агенттігі.
Ведомствоның түсіндіруінше, алаяқтар сондай-ақ зиян келтіретін компьютерлік бағдарламаларды пайдалану арқылы дербес деректерді ұрлай алады: мұнда «әлеуметтік инженерия» технологиялары қолданылады. Яғни, зұлымдар құрбанының сеніміне кіреді, немесе оны үрейлендіру жолдарын тауып, айтқанын істетеді.
«Құпия-конфиденциалды деректердің сыртқа «ағып» кету жолдары көп, ендеше азаматтар алдын ала қауіпсіздік шараларын қабылдағаны жөн. Мысалы, жеке куәлікті және көшірмелерін танымайтын адамдарға бермеңіз және жібермеңіз. Төлем картасының деректерін де ешкімге бермеңіз, оны әлеуметтік желілерде жария етпеңіз. Егер телефон соғылса, қоңырауға жауап бергенде «Иә?!» деп айтатын әдетіңіз болса, одан арылыңыз! Өйткені алаяқтар осы сөзіңізді жазып алып, оны кредит алуға келісу ретінде пайдалануы және сол арқылы атыңызға кредит рәсімдеп жіберуі мүмкін», – деп кеңес берді қаржылық реттеуші.
Тыйымы бар адамға кредит берсе,ол қайтармауға құқылы Қаржыгер Ерасыл Марат жалғыз «кибергигиенаны» сақтаумен алаяқтарды тоқтата алу қиын екеніне назар аудартады. «Интернет не телефон байланысын пайдаланатын алаяқтар схемаларын үнемі жаңартып тұрады. Қаржылық реттеу агенттігі немесе мамандар халыққа әлдебір кеңес берсе, алаяқтар да онымен танысып отырады. Тиісінше, іс-әрекетіне түзету енгізеді. Мысалы, ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер банк қызметкерлері атынан сұм жандар қоңырау шалатынын айтып түсіндіргелі, алдаудың бұл түрі күрт кеміді. Бірақ азаматтардың атына бөгде біреулердің кредит рәсімдеп алуы бәрібір тоқтар емес. Ендеше билік бұл алаяқтардың жолын кесудің басқа тегеурінді тетіктерін енгізгені дұрыс», – дейді қаржыгер. Ол азаматтарға өз атына кез келген онлайн кредит рәсімдеуге алдын ала тыйым салуына мүмкіндік беруді ұсынды.
«Егер адам ешқандай кредит алмайтынын көрсетіп, өзіне қатысты ерікті түрде тыйым енгізсе, онда ешбір алаяқ оған білдірмей, несие рәсімдеп қоя алмайды. Тіпті рәсімдегеннің өзінде әлгі бас тарту туралы өтініші ондай кредит бойынша төлемақы төлемеуге негіз болуға тиіс. Мұның бәрі заң жүзінде белгіленуі керек», – деді Е.Марат. Оның байламынша, бұл тетікті енгізудің еш қиындығы жоқ. Әрі оның үлгісі де бар: мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі «Электронды Үкімет» порталымен бірлесіп, Трансплантаттау мақсатында орган-ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан бас тартуды тіркеп жатыр. Ал несие беруге тыйым сондай-ақ «Кредиттік бюрода» тіркелуге тиіс. Қажетті ақпаратты банктер, микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер және басқа да қаржы ұйымдары сол жерден ала алады. Кейін, кез келген уақытта, мысалы, кредит алатын кезде азамат қайтадан өтініш жазып, оны төл электронды цифрлық қолтаңбасымен бекітіп, барлық дербес деректерін көрсетіп, ерікті тыйымын жойғыза алады. Осы орайда тыйымның жойылғаны туралы хабарлама оның жеке ұялы телефонына түсуі және азамат оны растауы қажет. Айтқандай, ұқсас тетікті Ресей енгізуге кірісіпті: тиісті заң жобасын МемДума әзірлеген. Солтүстік көршіде мұндай өтінішті «Госуслуги» порталы немесе банктер, соның ішінде ұялы қосымшалар, жеке кабинет арқылы жіберу тетігі қарастырылуда. «ТМД көлемінде алаяқтардың азаматтарды хабардар етпей-ақ сыртынан онлайн режимде кредит рәсімдеуі оқиғалары жиілеп кетті. Заманауи банктік ұялы қосымшалар мұны оңай жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Салдарынан, жай ғана ұялы телефонды, паспортты жоғалтып алу немесе банктер клиенттерінің дербес деректерінің сыртқа ағып кетуі азаматтардың өмірін күрделендіріп жіберуі мүмкін», – дейді заң жобасы авторларының бірі, МемДуманың қаржылық нарық комитеті төрағасының орынбасары Антон Гетта. Ол несиенің алаяқтық жолмен рәсімделгенін растау өте күрделі екенін, соның кесірінен мұндай істердің көбі сотқа жетпейтінін білдірді. Демек, азаматтарға өз кредиттік тарихын қорғап, кез келген несиені алудан өз еркімен бас тарту құқығын бекітуі маңызды. Азамат ерікті тыйымды қабылдаса, онда банктер мен қаржы ұйымдары ол клиенттің атына кредит рәсімдеуден бас тартуға міндетті болады. Егер заңды сақтамай, банк не МҚҰ ол адамға несие келісімшартын бекітсе, онда сол клиенттен борышын қайтаруды талап ету және берешекті коллекторлар мен ЖСО-ларға тапсыру құқығынан айырылады.
Қазақстандық депутаттар да қаржыгерлер ұсынып отырған осы тетікті заңнамалық қамтамасыз ету жайын ойластырса, құба-құп болар еді.