Кеше Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерді қолдаудың Жаңа парақтан бастап реттеу реформасы, қаржылай емес қолдау, көмек көрсету саласын цифрландыру бағыттарына тоқталды.
Палата төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бизнесті жаңа парақтан бастап реттеу реформасы аясындағы заң жобасы Мәжіліске енгізілетінін атап өтті.
«Бұл – өте күрделі мәселе. Осы жаңа парақтан бастап реттеу реформасының негізгі міндеттерінің бәрін өткен жылдың соңында шыққан Мемлекет басшысының жарлығымен толық анықталды. Жарлықты орындау аясында біз Ұлттық экономика министрлігімен бірігіп, отандық және шетелдің сарапшылардың қатысуымен заң жобасын дайындадық. Заң жобасы жақында Мәжіліске енгізіледі. Онда барлық сала қамтылған. Айта кетсем, 2024 жылға дейін 4 негізгі саланы қамтиды. Осында істейтін кәсіпкерлердің реттеу саласы, ол – сауда, халыққа қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және көлік. Осы төрт саланың өзі қазір мемлекетімізде істеп жатқан кәсіпкерлеріміздің негізгі 60 пайызын қамтитын болады», – деді ол.
Басқарма төрағасы бұл реформа іске асырылса, жемқорлық және ескірген немесе бірін-бірі қайталайтын реттеу талаптары жойылатынын айтты.
«Ең бастысы бизнестің тиімді, пайдалы жұмыс жасауына барлық жағдай жасалады. Тексеру саласында істейтін мемлекеттік бақылау органдарының жаңа мәдениетін қалыптастыру күрделі мәселе болып қалып отыр. Яғни, ақылды реттеу саясатына көшу. Бұл саясаттың бәрі ашық жүргізіледі. Жемқорлыққа жол берілмейді. Ең бастысы ескірген немесе бірін-бірі қайталайтын реттеу талаптарының бәрі толығымен жойылады. Мұның бәрі, әрине, кәсіпкерлікке үлкен жағдай жасайды», – деді ол.
Соңғы жылы пандемияға байланысты кәсіпкерлік саласында көп қиындық туындады. Үкіметпен бірлесіп кәсіпкерлерге ауқымды көмек көрсетілді. Оның ішінде несие беру, салықтан босату т.б. Осы көмектерден басқа өңірлік және салалық кәсіпкерлер арасында сауалнама жасалып, жүйеле мәселелер қамтылды. Айта кетсек, 282 жүйелі мәселе көтерілді. Қазір жартысына жуығы қаралды. 90 мәселе толық шешілді. Қалғандарына қатысты жол картасы жасалып, толық жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізінен ауыл шаруашылық, көлік, құрылыс, салық, кеден саласындағы мәселелерді қамтиды.
Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерге ең тиімді бағдарламалардың бірі – Бизнесті дамытудың жол картасы екенін атап, биылғы жоспарға тоқталды.
«Соңғы 5 жылда бағдарлама аясында 34 мыңнан аса жаңа кәсіпорын ашылды, 23 мыңнан астам түрлі құжат беруге көмек көрсетілді. Бұл көмектің бәрі мемлекет тарапынан тегін көрсетіледі. 61 мыңнан астам кәсіпкерді сүйемелдеу, яғни сату, экспортқа шығару саласында көмек көрсетілді. 16 мыңнан аса кәсіпкер бизнесін ұлғайтты. Биыл жоспар бойынша 21 300 кәсіпкерге көмек көрсету керек. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 7 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілді. Бұл — жылдық жоспардың 32 пайызы. Содан кейін аудан орталықтарында мемлекет тарапынан қолдаудың арқасында әрбір шағын кәсіпкерге ақпараттық қолдау көрсетеді. Яғни қандай мемлекеттік бағдарлама бар, қалай қатысуға болады дегендер түсіндіріледі. 2020 жылы жоспар бойынша 156 мың кеңес берілген, оның 22 пайызы бірінші тоқсанда көрсетілген», – деді ол.
2019 жылдан бастап бұл қызмет онлайн көрсетіліп жатыр. 2020 жылы 30 пайызы онлайн болған, биыл 100 пайыз орындалады деп жоспарланып отыр. Көрсететін қызметтердің кәсіпкерлерге ең тиімділері: бухгалтерлік, заңгерлік, маркетинг және салық есебін көрсету.
Сондай-ақ Палата төрағасы Мемлекет басшысы Үкіметтің бизнеске қызметі порталын құру тапсырмасын орындау аясындағы жұмысқа тоқталды. Оның айтуынша, болашақта кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтің бәрі цифрлық форматта болады.
«Осы жобада «Атамекенге» тиісті заңнамалық құзыреті бекітілді. Биылдан бастап Үкіметпен тиісті келісімшартқа қол қойдық. Яғни кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтің бәрін цифрлық форматта, бір терезеден беру. Айта кетсем, 32 қаржылық көмек (субсидия алу, кепілдік алу), сондай-ақ 14 қыржылай емес көмек көрсету. 526 мемлекеттік қызмет ұсыну. Орта есеппен 570 қызметтің бәрі осы порталда біріктіріледі. Жылдың аяғына дейін бұл жұмыс толық аяқталады. Сондықтан көмек көрсетудің бәрі цифрлық жүйеге ауысады. Бұл реформалардың бәрі кәсіпкерлерді қолдап, олардың жұмысын жеңілдетеді», – деп түйіндеді сөзін Абылай Мырзахметов.
Сонымен қатар, ШОБ-ты қолдау шаралары туралына қатысты ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, «Даму» қорына «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің барлық қолдау түрін алу жөніндегі өтінімдерін қысқа мерзімде қарауды тапсырды.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканы тұрақты етудің маңызды факторларының бірі. Бизнестің қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды-конструктивті жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, пандемия өз түзетуін енгізді. Шектеулерден шағын және орта бизнес зардап шекті. Осыған байланысты Үкімет тұрақты түрде «Атамекен» ҰКП және өңірлік кәсіпкерлер кеңестерімен бірге бизнесті мейлінше толғандыратын мәселелерді жедел қарап, олар бойынша тиісті шешім қабылдайды», – деді Үкімет басшысы.