Үкімет мүшелері Сенат депутаттарына республикалық бюджет былтыр қалай атқарылғаны жөнінде есеп беріп жатыр
Сенат мінберіне бірінші болып көтерілген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы біраз сындар айтылғанын мойындады. Министрдің айтуынша, осы бағытта мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жалғасады, жекешелендіру процесі күшейтіледі.
«Жыл сайынғы көтерілетін мәселе – ол квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы қалдықтар. Бюджет заңнамасына қажетті өзгертулер қабылданды. Бұл қаражаттар субъектілердің тиісті органдарының шешімімен белгіленген тәртіп бойынша жаңа жобаларға бағытталады. Әйтпесе бюджетке қайтарылады», — деді Ерұлан Жамаубаев. Министр мемлекеттік борыштың өсуіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Расында да, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін 2020 жылы біз бюджеттің тапшылығын және қарыздарды ұлғайтуға мәжбүр болдық. Алдағы уақытта біртіндеп бюджет тапшылығын төмендетпекпіз. Бұл жаңадан қарыз алу қарқынын да азайтады», — деді ол. Сонымен бірге валюталық тәуекелдерге жол бермей, қарыз құралдарының жергілікті нарығын дамыту үшін барынша ішкі нарықтың өтімділігіне назар аударылмақ.