Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отан қорғаушы күнімен құттықтауы

7mamyr Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Отан қорғаушы күнімен құттықтауы

Бүгін елімізде Отан қорғаушы күні аталып өтуде. Мемлекет басшысы барша қазақстандықты айтулы мерекемен құттықтады. Құттықтау мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды

«Біз бұл күні Қарулы Күштеріміздің ардагерлеріне және еліміздің егемендігі мен ұлттық мүддесін қорғап тұрған, антына адал әскери қызметшілерге құрмет көрсетеміз. Қазақстан жер жүзіне қашанда бейбітшілікті жақтайтын және жауапкершілігі жоғары мемлекет ретінде танымал. Сондай-ақ, экономикалық, гуманитарлық мүмкіндіктері ғана емес, әскери әлеуеті де мықты елге айналдық.
Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан еңбегінің арқасында заманауи қару-жарақпен және жаңа техникамен жабдықталған қуатты армия жасақталды. Қарулы Күштеріміздің барлық құрылымында қызмет ететін сарбаздар мен сардарлардың жауынгерлік рухы, отаншылдығы, әскери дайындығы және кәсіби машығы еліміздің қорғаныс қабілетінің жоғары болуын қамтамасыз етеді.
Мемлекет туған жері үшін аянбай еңбек етіп, әскери қызметке бүкіл ғұмырын арнаған отансүйгіш перзенттерін жан-жақты қолдауға айрықша мән береді. Біздің міндетіміз – жаңа геосаяси ахуалға сай еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсу.
Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне халқымыздың қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі жолындағы мінсіз қызметі үшін ризашылығымды білдіремін».

Exit mobile version