Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Мемлекет халықты онлайн алаяқтардан қорғап жатыр

woman s eye with smart contact lens biometric secu technology concept e1622646042868 Мемлекет халықты онлайн алаяқтардан қорғап жатыр

Бір топ депутат бұған дейін халыққа шағын несие беруге байланысты алаяқтық жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірген еді. Расында да, алаяқтарға жем боп, алмаған несиесінің әлегіне шырмалып жүргендер көп

Сауалын мәжілісмендер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымоваға жолдаған болатын. Олардың айтуынша, алаяқтар азаматтардың қатысуынсыз-ақ онлайн несие рәсімдей береді. Ол үшін жеке деректерін пайдаланады. Ең сорақысы, зардап шеккендер несиелік қарызының бар екенін коллекторлық агенттіктер мазалай бастаған кезде ғана біледі.
Ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернет алаяқтыққа байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, ал 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есе артып 14 110-ға жеткен. 2020 жылдың қорытындысы бойынша микронесиелік ұйымдардың интернет-сайттары арқылы онлайн несиелерді ресімдеу бойынша 3 мың құқықбұзушылық жасалған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында бір ғана ер адам өзге азаматтардың атына 50 несие рәсімдеген.  «Агенттікке клиенттің сәйкестендіруін анықтау жүйесін күшейту бөлігі бойынша микронесилік ұйымдардың онлайн несиелер берудегі рәсімдерін қысқамерзімде қайта қарау ұсынылады. Біріншіден, клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейту қажет. Нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растау, яғни алаяқтардың бұрын дайындалған бейне немесе фото материалдарды қолдануы мүмкіндігіне жол бермеген дұрыс. Екіншіден, ақпараттық-бағдарламалық жүйелерді пайдалану арқылы онлайн-несиені ресімдеу кезінде екі сатылы аутентификацияны енгізген жөн», – деген еді депутаттар.
Депутаттардың бұл сауалына жауап берген Мадина Әбілқасымова осы мәселеге байланысты 2021 жылдан бастап бірқатар шара қабылданғанын айтады. Атап айтқанда, 2021 жылғы ақпанда агенттік МҚҰ-ға (микроқаржылық ұйымдар) қатысты электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен биометриялық идентификаттаусыз электрондық тәсілмен микронесие беруді тоқтатқан. Екіншіден, азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микронесие бойынша сыйақы және айыпақы есептеуді тоқтатқан. Сондай-ақ несиелік бюроға несие тарихтарын түзету туралы ақпарат жіберген. Үшіншіден, 2021 жылғы наурызда агенттік онлайн-қарыздар беруді жүзеге асыратын барлық МҚҰ-ға клиентті нақты тексеруді және оны растауды, оның деректерін өтінімде берілген деректермен салыстырып тексеруді, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкес болуын қамтамасыз етуді міндеттеген.
«Онлайн несие беру кезінде қарыз алушыларды идентификаттаудың жаңа 4 тәртібі енгізілді. Енді онлайн микронесие алу үшін қарыз алушыны тек идентификаттау электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы, не Ұлттық банктің ҚБЕО РМҚК СДАО сервисін пайдалана отырып, қарыз алушының биометриялық өлшемдеріне сәйкестігі немесе нақты уақыт режимінде қарыз алушының жеке деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. МҚҰ несие беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, оны заңсыз өзгерту, үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз іс-әрекеттерді жүзеге асыру анықталған жағдайда, екі жұмыс күні ішінде осындай іс-әрекеттердің себептері мен салдарларын жою үшін шаралар қабылдауға міндетті.
Бұдан басқа, агенттік онлайн-қарыздар бойынша алаяқтық операцияларға азаматтарды тартуға жол бермеу үшін қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізу бойынша ісшараларды іске асырды», – делінген Әбілқасымованың жауабында.

Exit mobile version