Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 717 шарт рәсімделді

office 1209640 1280 Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 717 шарт рәсімделді

Осыдан 15 жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы жобалар жүзеге асырыла бастады

2016 жылға дейін жобаның мақталуы емес, датталуы көп болды. Себебі, 2000-2016 жылдар аралығында 3-ақ инвестициялық жоба іске асты. Қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік экономиканың барлық саласын қамтыған кезде ғана жағдай жақсара бастады. Дегенмен, түйіні тарқатылмаған мәселелердің күрмеуі күні бүгінге дейін шешілмей келеді.
Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында баяндалды, деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі. Біле жүріңіз, 2011 жылғы 29 маусымда үкімет Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке әртіптестікті дамыту жөніндегі бағдарлама қабылдады. Ал 2015 жылғы 31 қазанда Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң қолданысқа берілді. Осы заңның 3-бабында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің міндеттері: Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау; инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеменшік әріптестің ресурсын біріктіру арқылы ұлттық экономикаға инвестиция тарту; халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың қажеттілігін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру; Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті ілгерілету, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірісті дамытуға жәрдемдесу деп нақтыланды. Алайда іс жүзінде заң талабы ойдағыдай орындалмады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында орашолақтық қайта-қайта қылаң бере берді. Ол күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Осының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңына 2021 жылғы 2 қаңтарда өзгеріс енгізілді. Онда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жауапкершілігіне салмақ салынып, кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесіне басымдық берілді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жанынан құрылған сараптамалық топ жетекшісі, мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың пікірінше, орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істемейінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы әкімшілік кедергі мен сыбайлас жемқорлық жойылмайды. Керісінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңнамадағы шектеулер әкімшілік кедергіден басталып, сыбайлас жемқорлыққа ұласады.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы құқықтық кемшілік кәсіпкерлердің тұсаулап тастайды. Бұған «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңның кейбір актілерінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жол бермейтіндігі бірден-бір дәлел. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын қайтаруға немесе жобаларды мақұлдаудан бас тартуға қатысты нақты талаптың болмауы сыбайлас жемқорлықтың тамырлануына түрткі болатыны айтпаса да түсінікті», – деді Аманжан Жамалов. Айта кетейік, елімізде «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ жұмыс істейді. Мемлекеттік институтқа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тарту міндеті жүктелген. Ұлттық экономика министрлігі орталықтың жалғыз акционері саналады.
Өткен жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ ел аумағында жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негіздегі 717 шарттың рәсімделуіне ұйытқы болды.

Exit mobile version