Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев еліміздің макроэкономикалық көрсеткіштері жайлы мәлімдеме жасады. Ол жылдық инфляция 7%-ға баяулағанын баяндады
«Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға құйылған инвестиция 34%-ға өсті. Жылдық инфляция 7%-ға дейін баяулады», – деді министр.
Әсет Ерғалиевтің айтуынша, нақты сектордың салалары тұрақты өсім көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласында 9,9%-ға өсу байқалды. «Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6%-ға дейін жақсарды. Өңдеу өнеркәсібі саласында өсу қарқынының жеделдеуі байқалды. Серпінді өсу машина жасауда 21,8%-ға, оның ішінде автомобиль құрастыруда 20,7%-ға ұлғайды», – деді Ерғалиев мырза.