2021 жылғы 19 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 695 875 адам вакцина салдырды, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі
Министрліктің мәліметінше, екінші компонентті 118 801 адам алған. Алматылықтар вакцина салдырудан алға шықты, мегаполисте бірінші компонентті 134 637, ал екіншісін 15 261 адам алып үлгерген. Нұр-Сұлтанда 58 553 адам бірінші, 10 мың 454 адам екінші компонентті алған.
Ал Маңғыстау мен Атырау облыстарының тұрғындары екпе салдыруда белсенділік танытпай отыр, Маңғыстауда бірінші компонент 12 796 адамға салынса, 1 410 адам екінші компонентті алған. Атырау облысында 14 707 адам бірінші, 3 296 адам екінші компонентті салдырды.
Еске сала кетсек, елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау биылғы жылдың 1 ақпанынан басталды. Ресейлік «Sputnik V» вакцинасынан бөлек 23 ақпаннан бастап вакцинациялау процесіне Қарағандыда шығарылған препарат қосылды.
Вакцина 18 жастан асқан адамдарға тегін және ерікті түрде егіледі.