Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Қарызды мәжбүрлеп өндіру уақытша тоқтатылды

business 1839191 1280 Қарызды мәжбүрлеп өндіру уақытша тоқтатылды

Үкімет шағын және орта бизнес субъектілерін еңбекақы төлеу қорынан бюджетке аударылатын салық түрлерінен 3 айға босатты

Жеңілдік мерзімі 1 сәуір мен 1 шілде аралығын қамтиды.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мәлімдеуінше, 50 мың бизнес субъектісі арасында жүргізілген сауалнама осындай шешім қабылдауға негіз болды. «Бұған дейін үкімет бизнесті салықтық ынталандыру бойынша бірқатар шара қабылдады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Ал 1 сәуірден 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салық төлеу кейінге қалдырылды. Сәйкесінше шағын және орта бизнес cубъектілері еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерді: жеке табыс салығын, әлеуметтік салықты, міндетті зейнетақы жарнасын, міндетті медициналық сақтандыру мен әлеуметтік аударым төлеуден уақытша босатылды.
Шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа пакеті кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктерге 750 млрд теңге көлеміндегі несиені қайтару мерзімін кейінге шегеруге мүмкіндік берді», – деді ұлттық экономика министрі.
Әсет Ерғалиевтің айтуынша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа пакеті әзірленді.
«Экономикалық өсімді қалпына келтіруді көздейтін кешенді шаралар жоспарында 60-тан астам қолдау түрі қамтылды. Жоспарда мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қолжетімділікті арттыру мәселесі қарастырылған. Бұған қоса отандық тауар өндірушілерді қолдауға басмыдық беру қажеттігі нақтыланған», – деді министр.
Әсет Ерғалиевтің сөзінше, шағын және орта бизнес субъектілерін еңбекақы төлеу қорынан аударылатын салықтан уақытша босату кәсіпкерлерге 200 млрд теңгеге жуық қаражатты сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 1 шілдеге дейін шағын және орта бизнес субъектілерінен салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу да тоқтатылды.
«Бұл шаралар кәсіпкерлердің бизнесін ілгерілету үшін жасалып жатыр. Қолдау аясында шағын және орта бизнес субъектілері айналым қаражатын 279 млрд теңгеге ұлғайтып, табысын еселеуге қол жеткізеді. Кейін түскен табысынан бюджет алдындағы берешегін өтейді», – деді ұлттық экономика министрі.

Exit mobile version