Елдегі сұраныстың 99,4%-ын шетелдік компаниялар қамтамасыз етіп отыр. 2021 жылдың қаңтар-ақпанында отандық кәсіпорындар жалпы сомасы 7 млрд теңгеге киім тіккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 24,1%-ға жоғары, деп хабарлады energyprom.kz.
Өңірлер бойынша ең көп тауарды Алматы обылысы шығарды (1,4 млрд теңге, +13,4%). Одан кейінгі орында Алматы қаласы (1,1 млрд теңге, +35%) мен Қарағанды облысы (969,3 млн теңге, +59%) тұр. Еске сала кетсек аталған аймақтарда «ТФ Ажар» ЖШС, «Glasman» ЖШС, «Texti Market» ЖШС, «Демеу-Арна» ЖШС, «Казлегпром-Алматы» ЖШС сынды компаниялар жұмыс істейді. Ал 2020 жылы қазақстандық өндірушілер жалпы сомасы 46,3 млрд теңгеге киім тіккен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда бар болғаны 5,5%-ға жоғары.
Алайда көптеген сегменттер бойынша киім өндірісі төмендеген. Мәселен, жемпірлер мен трикотаж матадан тігілген киімдер өндірісі 17,1 мың дағана немесе 20,7%-ға азайған. Ал ерлерге арналған сырт киім өндірісі 52,6% немесе 15,5 мың данаға, әйелдердің сырт киімін өндіру 51,8% немесе 14,2 мың данаға төмендеді. Тек бас киімдер өндірісінде ғана алға жылжу байқалады (+15,8%). Бұл ретте Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы отандық өндірушілер банкроттық алдында тұрғанын айтуда. Себебі, қоймаларда өткен жылдан бері өтпей қалған киім-кешек толып тұрған көрінеді. Салдарынан кәсіпкерлер 4 млрд теңгеге дейін шығын шегіп отыр.
Ал сарапшылар қазақстандықтарды отандық өндіругілер «киіндіре» алмайды деген пікірде. Бұған статистика дәлел. Мәселен, қаңтар айында отандық кәсіпорындар елдегі сұраныстың бар болғаны 0,6%-ын қамтамасыз еткен. Ал импорттың үлесіне 99,4% тиесілі. Жалпы алғанда елге 934,8 мың дана киім әкелінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,8%-ға жоғары.