Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Үш мұнай компаниясы бар ауылда интернет жоқ

57 big Үш мұнай компаниясы бар ауылда интернет жоқ

Фото: acne

«Зомби» атанған бозойлықтар билікке шағымданып жатыр. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой ауылының тұрғындары көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан үш мәселені көтеріп, ел билігіне шағымдануда. Олар: ауылда дұрыс интернеттің жоғы, жолдың нашарлығы мен емдеу мекемесінің тек амбулаториялық емхана екендігі

Айта кетейік, тұрғындардың игілігі үшін қажетті дүниелерге қол жеткізе алмай отырған елді мекенде мұнай өндіретін және тасымалдайтын үш бірдей компания жұмыс істейді. «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на еншілес Арал тораптық өндірістік бірлестігі Ресей, Өзбекстан елдеріне, «Бейнеу–Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры Қытайға газ тасымалдаса, «Тетис Арал Газ» ЖШС көгілдір отынды жеткізуден бөлек, мұнай-газ кен орындарын игерумен де айналысады. Көршілес Қызылорда облысының Арал ауданымен шектесетін ауыл «экологиялық апат аймағына» енгізілген. Ауыл Ақтөбе қаласынан 600, аудан орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан. Шамамен төрт мыңдай түтіні бар. Пандемия кезінде қашықтықтан оқыған оқушылар «Бейнеу–Бозой-Шымкент» ЖШС-на қарасты вахталық поселкенің қоршауының жанындағы интернет желісі арқылы оқуға мәжбүр болады. Олардың қабырғаға өрмелеп жүргенін көрген шетелдіктер «зомбилар», «заборға жабысып қалған пакеттер» деп күліп кетіп те жүріпті.
«Жол мәселесі – өте өзекті меселе. Ауылымызға 25 шақырым қалғанда тас төселген жол бар, бірақ сол жол біздерге 250 шақырым жол сияқты, өйткені, жөндеу көрмеген, ойылып, әбден тозығы жеткен. Ауылымызда тек амбулаториялық емхана. Егер де жүкті әйел босынып қалған жағдай болса, сол күні жаңа босанған әйелді, жылдың қай мезгілі болмасын, 220 шақырым жердегі аудан орталығына апарады», — деп шағымданады бозойлықтар. Басқарушы органдардың берген уәдесінен әбден мезі болдық деген тұрғындар ел басшысына шағымданып, хат жолдаудан өзге амалдары қалмағанын айтады.  Хат мазмұны әлеуметтік желілерде жарияланысымен Шалқар аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі көтерілген мәселелерге орай түсінік берді. Одан белгілі болғандай, ұзындығы 241,9 км құрайтын Шалқар-Бозой-Нөкіс (Өзбекстан Республикасының шекарасы) автокөлік жолының 20 шақырымға дейінгісіне бөлінген қаражат игеріліп, қазіргі таңда бітіп тұр. Ал 20-50 шақырымына 2020 жылға құны 1 014 722,7 мың құрайтын жобаға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, конкурс нәтижесінде  «Жалаугер-НС» ЖШС  жеңімпаз деп анықталған. Бірақ, жоба ауыспалы кезеңге жоспарланғандықтан, 2020 жылы 20-35 км аралығы, 2021жылы 35-50 км-ге дейін жөндеу жұмыстары жүргізеді. «2021 жылы Шалқар-Бозой автомобиль жолының 50-65 км аралығына жалпы құны 627 000,0 мың теңгеге жаңа жоба дайындалып, қазіргі таңда республикалық бюджеттен 206 721,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 1000,0 теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, 65-80 км аралығына жалпы құны 644 000,0 мың теңгеге жаңа жоба дайындалып, қазіргі таңда республикалық бюджеттен 212 135,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 1000,0 теңге қаражат бөлінді. Аталған жобаларға конкурс жарияланды. Сондай-ақ, 2021 жылы 90-203 км аралығына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 120 000,0 мың теңге, қазіргі таңда аталған жобаға 50 000,0 теңге қаражат бөлінді», – дейді аудан басшылығының ресми жауабында.
Сондай-ақ, қазіргі күні ауданға қарасты ауылдық округтерге Beeline мобильді байланыс және Интернет желілері қосылып жатқаны белгілі болды. Оның ішінде, Бозой ауылында да мобильді байланыс және интернет проблемасы алдағы 1 қыркүйекке дейін толығымен шешіледі деген уәде берілуде. Ал медициналық мекеме жөнінде әзірге ешқандай түсінік берілген жоқ.

Exit mobile version