Елу миллиардтай табысы бар кәсіпорынның шығыны ішінара бюджеттен өтелуі мүмкін. Пандемия көп саланы, қаншама кәсіпорынды тұралатты. Таяуда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары арасында сұрау жүргізіпті
Зауыт-кәсіпорын жетекшілері мен топ-менеджерлерінің 59%-ы пессимизм танытып, ахуал ары қарай өзгеріссіз қалады деп санайды. Тек 20%-ы ғана «жақын арадағы келешекте ағымдағы уақытпен салыстырғанда қаржы-шаруашылық қызметі жақсарады» деп күтеді. Қалған 9%-ы кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі одан әрі нашарлайды деп болжайды. Бір анығы, кәсіпорындардың біразы мемлекеттен қолдау-көмек күтеді. «КазФерроСталь» ЖШС бас директоры Аида Бекманова Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа өтінішпен жүгінді. Бұл – метал сынықтарын және қара метал қалдықтарын делдалсыз, өзі тікелей сатып алып, өңдеумен айналысатын ірі металлургиялық кәсіпорын. Ол осы «ломнан» әртүрлі метал өнімдерін жасайды. Жылына 500 мың тонна болат бұйымдарын өндіреді. Ол Алматы қаласының Түрксіб ауданында тіркелген, өндірістік базасы да мегаполис аумағында орналасқан.
Сонымен бірге өңірлерде құрылған филиалдары Алатау жақтағы негізгі өндіріс орнына метал сынықтарын үздіксіз жеткізеді. «Біздің зауыт Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің қатарына кіреді. Өнімдері 100% экспортқа бағдарланған. 2019-2020 жылдары шетелге жөнелтірлен өнімнен түскен экспорттық түсім 46 миллиард теңгеден асты. Соның ішінде бюджетке миллиард теңгеден астам салық төледік. Кәсіпорын 800-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кезінде Инвестициялар және даму министрлігі «КазФерроСталь» компаниясын Қазақстанның 6 ірі металлургиялық зауыты тізіміне қосқан болатын», – дейді кәсіпорын басшысы. Компанияның өндірісті кеңейту, жаңғырту және өндіріс көлемін ұлғайту жоспары болған. Кейінгі жылдары болатты көп тұтынатын АҚШ пен Еуропа бұл салада біраз кедергілер, қосымша экологиялық салықтар енгізуде. Ал өз елімізде қолдау аз болып тұрған көрінеді.