4 айда машина жасау өндірісінің көлемі 20%-ға артқан. Жыл соңына дейін Қазақстанда 30 мың көлік құрастырылып шығарылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты
Оның айтуынша, 2021 жылғы 4 айда машина жасау өндірісінің көлемі 20%-ға артқан. Негізгі өсім автомобиль жасау есебінен болған (25,4%).
«Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы 7 мыңнан аса жеңіл көлік өндірді, өндіріс көлемі 18 есе артты. Жыл соңына дейін кәсіпорын 30 мың автомобиль құрастырып шығаруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 6 мыңнан аса көлік экспортқа жіберіледі», – деді министр ОКҚ-де өтіп жатқан халыққа есеп беру кездесуінде.
Сондай-ақ Бейбіт Атамқұлов теміржол техникасы өндірісінде 49% өсім болғанын атап өтті. «Өсім «ЗИКСТО» АҚ және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-ны іске қосу есебінен жүргізілді. Бұрын бұл компаниялардың жұмысы тоқтап тұрды. Машина жасау саласының тағы бір драйвері – ауыл шаруашылығы техникасын өндіру. Трактор, комбайн өндіру 42%-ға артты», – деді министр.