Елдегі экономикалық белсенді халықтың 48,5% – әйелдер. Барлық жұмыспен қамтылғанның – 48,1% және барлық жалдамалы қызметкердің 48,9%-ы әйелдер болып саналады.
Жеке кәсіпкерлікте де әйелдер маңызды рөлге ие. Әйелдер басқаратын ЖК-лар саны 2021 жылдың соңына қарай 9,1% немесе 625,1 мыңға дейін өскен. Олардың үлесі ЖК-ның жалпы санынан бір жылда 47,4%-дан 49%-ға дейін өскен.
Оның ішінде жас әйелдер де жеке кәсіпкерлікте белсенді болып саналады. 29 жасқа дейінгі әйелдер басқаратын, әрі жұмыс істеп тұрған ЖК-лар саны бір жыл ішінде 37,2%-ға немесе 88,7 мың адамға дейін өсті. Жұмыс істеп тұрған жас кәсіпкерлердің жалпы санынан ЖК үлесі 43,4%-дан 46,4%-ға дейін артқан.
Шағын және орта кәсіпкерлікке тоқталсақ, мұнда да әйелдердің үлесі басым. Мысалы, әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 2021 жылдың басында 1,1 млн адамды болды, жұмыс істеп жүргендердің жалпы санының – 31,1%. Кәсіпкер әйелдердің Қазақсанның жалпы ішкі өнімге үлесі – шамамен 40%.
Осыған қарамастан елде гендерлік теңсіздік бар. Мысалы, ер адамдардың жалақысы әйелдерге қарағанда 22%-ға жоғары.
Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың төртінші тоқсанында 4,9% болды. Ерлер арасында жұмыссыздық 4,1% болса, әйелдер арасында – 5,1%. Алайда олар ерлерге қарағанда әлдеқайда білімді және білікті маман болып саналады. Мысалы, коронавирус пандемиясына дейін елде жоғары біліммен жалпы қамту әйелдер арасында – 73,2% болса, ерлер арасында – 61,1%. Зерттеуші мамандардың 52,4% – әйелдер, ерлердің үлесі – 47,6%.
The Boston Consulting Group халықаралық компаниясының мәліметінше, соңғы жылдары әйелдер басқаратын бизнес оң нәтиже көрсете бастаған. Тіпті кей елдерде ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 50-60 пайызы әйелдер тұтқасын ұстаған компанияға тиесілі екен. Әсіресе, АҚШ, Жапония, Италия елдері осындай көрсеткішпен мақтана алады. Қазақстан да елдің ІЖӨ-сіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесін біртіндеп арттырып жатыр.
McKinsey зерттеуінше, әйелдердің экономикаға ерлермен тең дәрежеде араласуы 2025 жылға таман әлемдік ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар қосып, 11-26 пайыз деңгейіне жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде ІЖӨ 9 пайызға өсім көрсетуі мүмкін екен.
Қазақстандық әйел кәсіпкерлерді Еуропалық қайта құру және даму банкі жиі қолдайды. Жыл сайын 1 мыңнан астам әйел осы банктен қаржылай қолдау табады.
«Гендерлік теңдік – Қазақстанның әлеуметтік ғана емес, экономикалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүмкіндік берілетінін көрсетеді. Қазіргі кезде Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 43 пайызды құрайды» делінген банк хабарламасында.
Статистика бойынша, қазақстандық әйелдер несие төлемін кешіктірмеу бойынша да өте мұқият. Елімізде керісінше, ерлер қауымы несие төлеміне жауапсыз қарайтын көрінеді. Қазіргі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі әйелдер бизнесін өрістету мақсатында микроқаржы ұйымдары мен жергілікті банктерге мақсатты несие беріп отыр. Қазірге дейін 86,5 млн доллар қаржы бөлінген. Әрине, бұл аз ресурс емес.
Елорда бизнесінің 47%-ын әйелдер басқарады
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 191 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті тіркелген, оның 163 мыңы жұмыс істейді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы санынан 77 611-і – қыз-келіншектер. 58 225 ханымның жеке кәсіпкерлігі бар, 19 386 ЖШС-ны әйелдер басқарады.
«Соңғы үш жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында бизнесті дамытудың оң динамикасы байқалады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, әйелдер белсенділігі де артқан. Әйелдер басқаратын бизнес түрлері – тамақтану, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, білім беру және оқу орталықтары, сұлулық саласы.
Мысалы, 2021 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 1312 қатысушы оқыды, оның ішінде 935 адам немесе 71,2%-ы – әйел. Гранттарды жобаның 585 қатысушысы алды, оның ішінде 476 адам немесе 82%-ы кәсіпкер әйелдер», – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев.
«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде елордада 74,15 млрд теңгеге 48 жоба мақұлданды. Оның ішінде 7 жоба кәсіпкер әйелдерге тиесілі. Бұл жобалар бойынша қаржыландыру сомасы 2,16 млрд теңгені құрады. Бұл ұн тарту-жарма өнеркәсібі өнімдерін; дайын тоқыма бұйымдарын өндіру; кептірілген нан мен печенье, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, торттар, тәтті тоқаштар, бәліштер мен бисквиттер өндірісі; арнайы киімдерді өндіру; какао, шоколад және қантты кондитерлік бұйымдарды өндіру; денсаулық сақтау саласындағы (стоматологиялық қызметтер) жобалар.
«Палата жанында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда бизнесті жүргізуге сервис қызметтерді тегін алуға болады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша орталық мамандары 9500 адамға соның ішінде 5847 әйелге (60%) қызмет көрсетті. Осы жылдың екі айы ішінде 1270 адамға көмек көрсетілді, оның тең жартысы әйелдер», – деді Бейсен Жолболдиев.
Кәсіпкер әйелдер есеп беру, салық және басқа да төлемдерді төлеуге қатысты жиі өтініш жасаған. Жыл басынан бері бизнес-жоспарларды құру кезінде көмек көрсету мәселесі бойынша маркетологтарға 300-ге жуық әйел жүгінді. Негізінен медицина, денсаулық сақтау, сауда және тамақтану салалары бойынша бизнес-жоспарлар құрылған.
«Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Атамекен» ҰКП және БҰҰ Даму бағдарламасының арасында жасалған келісім шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылатынын қуанышпен хабарлаймыз. Қазіргі кезде ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. БҰҰДБ талаптарына сәйкес Орталық кеңесшісі гуманитарлық, экономикалық немесе заң саласында жоғары білімі бар әйел болуы керек», – деп атап өтті спикер.
Айта кетейік, 2021 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша елорданың жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 5 240,9 млрд теңгені немесе 74,9%-ды құрады, бұл республика бойынша барлық өңір мен республикалық маңызы бар қалалар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.