Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Әлеуметтік желіде абай бол!

bullying

2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Ресей әлеуметтік желіде балағаттауға тыйым салды. Ал желі әкімшілігі балағат сөздерді өшіруге міндеттеледі

Егер талап орындалмаса, желі әкімшілігі 4 млн рубльге дейін (шамамен 22 млн теңге) айыппұл төлейді. Бұл туралыThe Bell сайты хабарлады.
Әлеуметтік желі әкімшілігі «Ақпарат, ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы» заңда қабылданған түзетулерге сәйкес заңсыз контентті анықтап, өшіруі тиіс. Мұндай анықтамаға әдепсіз сөздер жазылған кез-келген материалдар кіреді. Балағат сөзден бөлек, контентте рұқсат етілмеген митингке қатысуға шақырылса, мемлекет пен оның рәміздері және «адамның қадір-қасиеті қорланған жағдайда» әлеуметтік желі әкімшілігі хабарламаларды өшіруге міндеттеледі.
Біздің елде де, әлеуметтік желіде жөнін білмей, балағатсөз бен өзгенің беделіне нұқсан келтіретін сөздерді жазғаны үшін Заң алдында жауапқа тартуқарастырылған.
Заңгер  айуынша, әлеуметтік желідегі жауапкершілікті арттыру — заман талабы. Кибербуллинг, яғни желіде өзгенің ар-намысына тию, жеке беделіне қол сұғу, бопсалау, қорлау, қаралау ауыр қылмыс санатына жатқызылуы тиіс және мұндай әрекеттер үшін тағайындалатын жаза да сәйкесінше, ауыр болуы керек.
Естеріңізде болса, 2018 жылы Орал қалалық қылмыстық соты Денис Тенді өлтіргендерді жақтап әлеуметтік желіде жазба жариялаған Шерхан Байзеновке қатысты үкім шығарды. Спортшының өліміне қатысты жазған жазбасы үшін Шерхан Байзенов Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша «Әлеуметтік, ұлтаралық араздық тудыру» дерегімен кінәлі деп танылып, 4 жылға шартты түрде сотталды. Осылайша, оған тұрғылықты мекен-жайын ауыстыру, шетелге шығу және түнгі уақытта үйінен шығуға тыйым салынды. Сондай-ақ, сот үкімі бойынша Шерхан Байзеновтің ары қарай мектепте жұмыс істеу-істемеуі туралы шешімді мектеп әкімшілігінің өзі шешетін болды. Бұқараға таныс бұл істен бөлек, күніне қаншама «хейтер» заңды жазасын алып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
Бүгінгі таңда елімізде кибербуллинг дамуының 4 негізгі тенденциясын анықтауға болады. Бұл тенденциялар елдегі жас ұрпақтың ақпараттық қауіпсіздігіне байланысты жалпы жағдайдың одан әрі дамуын анықтайды.

Жас ұрпақ үшін заманауи сын-қатерлер мен қауіп-қатерлердің қатарында 2019 жылғы Халықаралық киберқауіпсіздік форумының келесі деректерін атап өтуге болады:

«Қазақстанның Интернет Ассоциациясы» ЗТБ қоғамдық ұйымы жанындағы ҚР заңсыз контентпен күресудің сенім телефоны 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыттан бастап 2019 жылға дейін Қазнетте орналастырылған Қазақстан Республикасындағы заңсыз контент туралы шағымдармен 19045 хабарлама келіп түскен.
Осы уақыт ішінде балалар порнографиясының пайда болуына шағымдар Қазнетте 22,87% -дан нөлге дейін азайды, жала жабу, жеке өмір құпиясын бұзу туралы хабарламалар 6,59%-дан 24,54%-ға дейін өсті, желіде қорлау мен қудалау 32,56% үлесімен өзгеріссіз «танымал» болып қала берді.
Әлеуметтік желіде ойланбай жазған бір сөзі үшін темір тордың ар жағынан шыққан азаматтардың саны соңғы уақытта көбейіп кетті.
Бұл әрине, алаңдатарлық мәселе. Әсіресе, оқушылар мен жастар үшін. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырған олар, ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін. Сондықтан, Бас прокуратурадан ресми мәліметтер сұрата отырып, әлеуметтік желідегі оқыс әрекеттер үшін қандай жаза түрлері көзделгенін талдап көрдік.
Сонымен, қылмыстық кодекс бойынша 131-бап. Қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткен адамға сот 200 АЕК көлемінде (453 800 теңге шамасында) айыппұл сала алады. Немесе, 180 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылады. Айыппұл төлей алмаса, айыппұл құнына пара-пар түзету мерзіміне кесіледі.
147-бап. Адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету Өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам туралы және оның отбасы туралы мәліметтер жинаған, отбасының құпиясын бұзған адамға Қылмыстық кодекс 5 жыл түрме жазасын кеседі. Бұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал, құпияны жинап қана қоймай, жария еткен (әлеуметтік желі арқылы да) адам 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.
161-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзу және жария түрде шақыру Басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзіп, жария түрде соғысқа шақырған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады (3 жылға).
174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер жасаған адам екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
179-бап. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру. Әлеуметтік желі арқылы осындай әрекетке барған адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
180-бап. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе әлеуметтік желіні пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды насихаттаған немесе жария түрде соған шақырған адам 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады.
207-бап. Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзу Ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзуға бағытталған қасақана әрекеттері үшін адам екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, 2000 АЕК (4 млн 538 мың шамасында) мөлшерде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
256-бап. Терроризмді насихаттау немесе жария түрде террорлық акт жасауға шақыру Бұндай әрекет жасаған адамдар үшін мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
274-бап. Әдейі жалған ақпарат тарату Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтіру қаупін төндіретін жалған ақпарат таратқаны үшін адам 5000 АЕК көлемінде (11 млн 345 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 2 жылдан 5 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылады.
373-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін — Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу Бұндай әрекет үшін адам 3000 АЕК көлемінде (6 млн 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұл көлеміне тең түзету жұмысына тартылады. Болмаса, 3 жылға бас бостандығынан айырылады.
375, 376, 378-баптар. ҚР Президентінің, ҚР Парламенті депутатының, билік өкілінің ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және қызметтеріне кедергi жасау Қазақстан Республикасы Президентiн жария қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны үшін азамат 3000 АЕК дейінгі мөлшерде (6 млн 807 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Депутатқа тоқталар болсақ, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын жария қорлағаны үшін азаматтар 2000 АЕК көлемінде (4 млн 538 мың теңге) айыппұл төлейді. Тіпті, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үкімет өкiлiн қорлаған адам 300 АЕК көлемінде (688 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмысқа тартылады. Сондай-ақ, 240 сағатқа тең қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Немесе, 75 тәулікке қамауға алынады.
402-бап. Сот заңсыз деп тапқан көтерілісті жалғастыру үшін адамды айдап салатын әрекет Бұндай әрекеті үшін адам 1000 АЕК көлемінде (2 млн 296 мың теңге) айпыпұл төлейді, немесе осы айыппұлға тең түзету жұмыстарына тартылады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске сәйкес, сот осындай әрекетке барған адамды 1 жылға бас бостандығынан айыра алады.
Қорыта айтқанда, басқа бәле – тілден, желідегі ой-пікірімізге мұқият болайық, ойда жоқта опық жеп қалмайық.
Баян Бақкелді

Exit mobile version