Site icon Деловая Жизнь Казахстана

Кәсіп түбі нәсіп

small biz and COVID19 Кәсіп түбі нәсіп

Наурыз мерекесімен қатар енгізілген карантиндік шектеулер кәсіпкерлерге ауыр соққы болып тиді

28-наурызға дейін көп кәсіпкерлік нысандар жұмыссыз қалып, шығынға бату алдында тұр. Бұл жағдайда кризис менеджмент ережелерін ескеру керек сияқты, яғни төте жолдан балама жолдарға қарай өткен дұрыс. Қолда бар мүмкіндіктерді өз пайдаңа асыру керек мұндайда.
Мәселен, Римде жеткізіп беру қызметінің ерекше түрі пайда болды. Ол арқылы кез келген театр сүйер көрермен енді сүйікті спектаклін саябақта немесе өз үйінің алаңында тамашалай алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтар мұндай қызметке онлайн түрде тапсырыс бере алады. Бұдан бөлек, тұрғындарға қойылым жанрын таңдау мүмкіндігі де берілген. Яғни азамат қалауына қарай драма немесе комедияға тапсырыс бере алады. Айта кетейік, қазір Италияда театрлар жұмыс істемейді. Осылайша табыссыз қалған актерлар күн көрудің амалын жасай бастаған.
Мойындау керек, биылғы пандемия бизнес тарихындағы ең ықпалды үдеткіштің бірі болып отыр. Бөлшек сауда өкілдері (ірі желілер де, отбасылық шағын сауда да) барлық процестерді аяқ астынан өзгертіп, бүгінгі жағдайға бейімделуге барынша ден қоюда. Қиындықтарға төтеп бере алғандары онлайн шешімдерді көптеп қолдануда: бұған дейін олар бұл бағытты мүлдем ескерген жоқ-тын.
Әлемге танымал Tory Burch компаниясы да солардың қатарында. Руссель ресурстардың басым бөлігін электронды сауда мен онлайн жарнама инфрақұрылымына бағыттады: ең алдымен, Қытайда, Таяу Шығыс пен Жапонияда. Пандемияға дейін, әсіресе, премиум деңгейдегі бренд саудасы 31 млрд долларды құраған жапон нарығында онлайн сауда аса елеулі емес еді. Люкс дәрежесіндегі тауарларды сатып алушылар әдетте төлем жасамас бұрын өздері көксеген тауарды көзбен көріп, қолмен ұстағанды жақсы көреді. Алайда коронавирус тұтынушылардың әдет-ғұрыпына, қимыл-әрекетіне өзіндік өзгерістер енгізуде: Tory Burch брендінің бірқатар тауарларын Руссель Alibaba сайтындағы бөлшек саудаға арналған Tmall алаңына шығарып, сата бастады. Сонымен қатар, ол Tory Burch сайтының халықаралық желісін жетілдіріп, кеңейткенді дұрыс көрді. Tory Burch компаниясының барлық 12 сайты мобильді құрылғыларға шақтап оңтайландырылып, жасанды санаға негізделген дербестендіру ұсыныстары сервистерімен жасақталды.
Сондай-ақ, олар сайтқа стилистердің виртуалды кеңесін енгізді, енді клиенттер бейне чат арқылы әртүрлі модельдерді барынша дұрыстап көре алады. Ең маңызды деген клиенттер тығыз байланыс мүмкіндігіне ие. Өз брендінің инстаграмдағы жанкүйерлерімен жақын араласып, ұдайы ой бөлісіп отыратын Берч, тамыз айының соңында Zoom-конференция негізінде 35 клиентпен кездесіп, олардың бренд туралы пікір-ойын тыңдауға ден қойды. Компания, сондай-ақ жұмыстан тыс уақытта да жеке кеңес ұсынып, үйде өлшеп киюге болатын үлгілерді таңдауға көмектесетін стилист-консьерж қызметін іске қосты.
Мұның бәрі дер кезінде енгізілген сауатты шаралар. Біздің өндірушілерге де үйренер тактика деуге болады.
Біздің отандық кәсіпкерлер де барынша тығырықтан шығар жол іздеп жатыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан тұрғыны, кәсіпкер Сәния Айқожа шағын асханалар желісінің иесі. Қоғамдық тамақтану орындарына шектеу енгізгенде табысы азайып, шығыны артып кеткенін айтады. Осы тұста ол жеткізу қызметімен қатар, көгөністерді жедел консервілеу әдісімен өңдеп, онлайн жеткізу қызметімен таратуды қолға алған. Бірнеше айдан бергі адал еңбек ақталып, бүгінде кәсіпкер шығыннан арылып, табысқа шыққан. Сондай-ақ, жұмысшыларын қысқартудан құтқарған.
Мұндай мысалдар аз емес, және олар қанаттандырады.

Карантин мәңгі емес, ал кәсіпке деген адалдық кез-келген қиындықты жеңуге қауқарлы.

Баян Бақкелді

Exit mobile version