Сәбіздің бір келлісі 553 тг. тұрады. 553 тг., Карл! Оңтүстік Африкада өсіріліп, 15 мың шақырым жол жүріп, мұхит асып келетін бананның құнынан қымбат болды ғой, отандық өніміміз. Неге?! Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан посттар осы тақырыпта
Жөн ғой, халықтың жанайқайы. Расында, о заман да бұ заман, картоп 600, сәбіз 500, пияз 700 тг. тұрады деген сұмдық қой!
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 6,3%-ке өскен. Әсіресе маусым сайын бағасы құбылып тұратын көкөніс, импортқа тәуелді және сыртқы нарықта сұранысқа ие тауарлар қымбаттаған. Статистика бюросының дерегінше, күнбағыс майы, қызылша, картоп пен сәбіздің құны еселеп өскен.
Халық азық-түлікті несиеге алып отыр… Әлем алдында ұялатын жағдай.
Бүгінгі жаңалық: Елорда әкімдігі жүйелі түрде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізуде.
Жұмыс бірнеше бағытты қамтиды: тұрақтандыру қоры құрылды, «айналым тетігі» жобасы жалғасуда, «форвардтық келісімшарттар» жасалды, жыл сайын маусымдық жәрмеңкелер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесулер өткізіледі және т.б.
Бірінші. «Айналым тетігі» жобасы жалғасуда. Жобаға қатысушылар саны 4 желіден 9 желіге дейін кеңейтілді. Бұдан басқа, сауда желілеріне азық-түлік сатып алуға бөлінетін сома 24 есеге жуықтады, яғни 180 млн теңгеден 4,3 млрд теңгеге дейін (соңғы 4 жылда) ұлғайды. Бұл өнімдерді белгіленген бағамен сатуға мүмкіндік береді: картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, құс еті, сүт, сүзбе және т.б. Мысалы, картоп бағасы 225 теңгеден басталады. «Шарын» көтерме сауда базарында картоп 270 тг/кг бағамен сатылады, «КеңМарт» дүкенінде картоптың бағасы 288 тг/кг, «Ақмол» дүкендер желісінде 320 тг/кг және т.б.
Екінші. Үш фермерлік шаруашылықпен 665 млн теңгеге жуық сомаға «форвардтық келісімшарттар» жасалды. Маусымаралық кезеңде, яғни олардың бағасы өскен кезде көкөніс өнімдері қолайлы бағамен сатылады. Осылайша сатылатын өнімдер тікелей сөрелерге түседі.
Үшінші. Нан бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Ол үшін отандық өндірушілерден ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн .теңге бөлінді. Ұнның бұл мөлшері келесі егін жиналғанға дейін, яғни 2022 жылдың қыркүйегіне дейін жеткілікті болады.
Төртінші. Сәуір айынан бастап Ақмола облысы Целинград ауданының тауар өндірушілерінің және Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлерінің қатысуымен тауар өндірушілер мен көтерме сатушылардың бағалары бойынша демалыс күнгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері (Сауран, 7 және Қосшығұлұлы, 14) өткізіледі. Сонымен қатар жақын арада республика өңірлерінің қатысуымен жәрмеңкелер маусымы ашылады. 14 жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Жәрмеңкелер арқылы азық-түлікті 10-15%-ке төмен бағамен сатып алу жағдайы жасалады.
Бесінші. Жалпы ауданы шамамен 50 мың шаршы метр болатын үш көтерме-тарату орталығын салу үшін инвесторлар жұмылдырылды, нәтижесінде жеке инвестициялар сомасы шамамен 15 млрд теңгені құрайды. Бұл көтерме-тарату орталығында азық-түлікті үлкен көлемде сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл тек Нұр-Сұлтанның жағдайы. Өзге өңірлер ше? Аймақтар, ауылдар? Моноқалалар?
Тұрақтандыру қорындағы азық бүкіл елге жете ме? Жеткізіле ме?
Ресми жауап: Елде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сауда желілеріне 33 миллиард теңге субсидия бөлінді. Қаржы жергілікті бюджеттен алынған. Алдағы уақытта бұл сумма 50 миллиардқа жеткізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде өңірлік тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар. Бұған қоса 36 тонна тауарды сатып алуға келісім шарт жасалған. Ауылшаруашылық өнімдерін арттырып, ішкі нарықты азық-түлікпен қамту үшін ауылшаруашылық министрлігіне қосымша 30 млрд теңге берілді.
Базардан репортаж. Отандық арна.: картоп бағасы арзандауы тиіс. Көп ұзамай ішкі нарыққа павлодарлық өнім жеткізіледі. Картоппен бірге сәбіздің де бағасы төмендейді.
Бұл елорданың көтерме сауда орыны. Таңсәріден қарбалас. Тікелей өндірушіден әкелінген өнім ең алдымен алыпсатарлардың қолына тиіп жатыр. Олар осы жерден картоп, пияз, сәбізді тонналап әкетеді. Сосын қаладағы бөлшек сауда орындарына жеткізеді.
Үмітжан Елтаев, кәсіпкер: — Біз өзіміз сатып алушымыз, полядан сатып аламыз. Поляда 200-220-дан болып жатыр. Қазір 260-тан сатып жатырмыз. Иә, бізден осы бағада алып, қалаға апарып қосып сатады. Картоптың келісі мұнда 270 теңге. Бір апта бұрын баға екі есе қымбат болатын. Ол кезде өндірушілерде картоп да тапшы еді. Қазір өнім бар. Түркістаннан біраз картоп жеткзілген.
БЛИЦ: — 250 теңгеден бір пакет ғана алдым. Біздің үй жақта 350, мына жерде 250. Разница большая. Ал сәбіздің құны әзірге аспандап тұр. Оған да ішкі нарықтағы тапшылық себеп. Сөреден тек шетелдік өнімді көресіз.
Рауан Мыңбаев, тілші: — Біздегі базардағы өнімнің көбі шетелден әкелінген. Мәселен, мына сәбіз Қырғызстаннан әкелініп жатыр. Келісі 500 теңге. Осыдан-ақ қаладағы қымбатшылықты аңғара беруге болады. Себебі біз тұрған жер көтерме сауда орыны. Осы жерден делдалдар сатып алып кетеді. Қаптап. Оның үстіне тағы баға қосып, дүкендерге, яғни бөлшек сауда орындарына ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөніс мәселесі таяу арада шешімін табады дейді. Елдегі шаруалар алқаптан өнімдерін жинап, көтерме сауда орындарына жеткізуі тиіс.
Сәулет Тұрсынбай, кәсіпкер: — Сәбіз әлі шыққан жоқ. Енді бір жұмада болады. Сол кезде бағасы түседі. Уақытша қымбат еді. Картошка арзандап жатыр мысалы. 1-2 жұмада 150-ге түседі. Жалпы биыл егіншілер біраз қиындыққа тап болды. Шығын көп.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменті директорының орынбасары: — Биыл жағдайда барлық нәрсе қымбаттауда. Электр энергиясы, тасымалдау, тас жолдар да ақылы боп жатыр. Шығындардың көбейгені рас. Қазір алдыңғы 1-2 аптада жағдай тұрақталады деп үміттенеміз. Жауапты мамандар алдағы апта жағдай тұрақталады деп сендірді. Тапшылық тек маусымдық жағдай. Көп ұзамай солтүстік өңірлердің де өнімі келіп жетеді. Сондықтан картоп бағасы 150 теңгеге дейін арзандауы тиіс.
Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, экономиканы табысты дамытудың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту, ұлттық тұтастығымызды сақтау үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселелері «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.
Канадада халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін «азық-түлік банктері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойынша жергілікті 450 азық-түлік банкі жұмыс істеуде. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнімдерін алады.
АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибелер қолданылуда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130 пайыз төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карталар арқылы жүзеге асырылатын, азықты жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» деген бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жуығын қамтитын көрінеді.
Еуропалық одақ елдеріне келер болсақ, мұнда тағам өнімдерінің қауіпсіздігі стандарттарының талаптарын сақтау жоғары деңгейде жолға қойылған. Қазіргі таңда Еуропалық одақ елдері азық-түліктің мол қорына ие.
Бүгінде 30 мемлекет азық-түлік зәрулігін қатты сезінуде. Сондай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшырап отырғандардың саны 1 млн адамға жуықтайтын көрінеді. Саладағы осы жағдаяттар әлемдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайдың ауырлап кетуіне апарады.
Бұл мәселелерді әрі қарай өрбіте сөйлесек, азық-түлік тапшылығының белең алуына негізгі себепті халық санының өсе түсуімен ғана байланыстыра қарастыру біржақты көзқарастың төңірегінде шиырлатып қояды. Сондықтан осы арада ауыл шаруашылығы бағытында мүмкіндіктері мол көптеген елдердің саланы дұрыс игере алмауы, аграрлық секторды озық технологиямен жабдықтауда кенжелеп келе жатқаны азық-түлік тапшылығының туындауына өзіндік зор әсерін тигізіп отырғаны қаперде болғаны жөн.
Бүгінде азық-түлік тапшылығы әлем бойынша басты сын-қатерлердің алғашқы үштігі қатарына енгізіліп отыр. Бұл негізсіз емес. Өйткені қазіргі кезде миллиондаған адамның аштыққа ұшырап, миллиардқа таяу жан ас-судың үнемі жетіспеушілігінен зардап шегіп отырғаны аталған саладағы түйткілдердің аса маңызды екенін көрсетеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған зерттеуге сай, сәуір айында соңғы 7 жылда болмаған қымбатшылық тіркеліпті. Баға әлі де шарықтай береді. Оған шикізат тапшылығы себеп.
Пандемия тұтынушылардың сұранысына ерекше әсер етті. Тасымал шектеулері өндірушілерді де әурелегені анық. Шикізат тапшылығы жаһандағы азық-түлік пен техника құнын аспандатпақ. Мамандар болжамы осындай. Оған сай көлік, тұрмыстық техника, т.б өнім түрлеріне ессіз сұраныстың жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін түсінуге болады. Енді өндірушілер тасымал қиындықтарына тап болмас үшін шикізатты барынша сатып алуға тырысып жатыр.
Дегенмен, қазірдің өзінде мыс, темір, пластик, тіпті картонның жетіспеушілігі орын алған. Кофе мен бидай да азайыпты. Мұндай дүрлікпе жылдың аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Мамандар: «техника мен көлік құны 2023 жылға дейін қымбаттай береді» деп отыр.
Баян Бақкелді