Елімізде криптовалютаға байланысты банктік шоттар ашуға тыйым салынған - Деловая Жизнь Казахстана
bitcoin-is-new-concept-virtual-money-graphics-digital-background-coins-with-image-letter-b
Редактор 17 мая, 2021 541 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 2 минуты

Елімізде криптовалютаға байланысты банктік шоттар ашуға тыйым салынған

Жуырда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясында криптобиржалар жұмысы бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамытудың Жол…

Жуырда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аясында криптобиржалар жұмысы бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Бұл криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамытудың Жол картасына негіз болмақ

Заңнамалық негіз жоқ Алайда сарапшылар қазақстандық криптобиржаны дамытпас бұрын оған құқықтық негіз қалыптастыру керек деген пікірде. Танымал экономист Мұрат Қастаев аталған жобаның іске асырылмауының басты себебін де осы екенін айтады.
«Елімізде әлі күнге дейін криптовалютаға байланысты банктік шоттар ашуға және жүргізуге тыйым салынған. Банктегі есепшотсыз бірде-бір бизнес кәсібін дөңгелете алмайды, өйткені жалақы, салық төлеу және шаруашылық қызметті жүргізу қажет. Егер криптовалюта биржасын құрсаңыз, бірақ ол үшін қажетті заңнамалық және нормативтік базаны қамтамасыз етпесеңіз, онда жұмыс істеуі үшін қолайлы орта мен жағдайлар болмайды», – дейді экономист.
Расында тиісті құқықтық негізсіз халықаралық қаржы орталығында лицензиясы бар криптобиржалар өз қызметін жүзеге асыра алмайды. Ал бұл елдегі цифрлық активтердің дамуын тежейді. Бірақ, соған қарамастан «Астана» халықаралық қаржы орталығында екі криптобиржа тіркелген. Оларда FinTech зертханасында эксперименттік құқықтық режим шеңберінде цифрлық активтердің айналымы мен айырбастау платформасын пайдалану лицензиясы бар. Бұл биржалардың бірі Eurasia Blockchain eXchange (EBX). Ол халықаралық қаржы орталығында 2018 жылдың маусым айында тіркелген. Әзірге жоба іске қосылмаған. Тек сынақтар аяқталғаннан кейін жұмысты бастау жоспарланған.
Транзакцияларға салық салына ма?
Жуырда цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрлық активтерге салық салу мәселесі туралы пікір білдірді. Ол криптовалюта биржаларын құру Қазақстанның әлемдік криптоиндустрияға енуін қамтамасыз ететінін айтады. Ал елде өндірілген криптовалюталар қазақстандық биржаларда айналымға түсіп, оларға салық салынады. «Әр транзакцияға салық салынатын болады» – деген еді министр. Алайда сарапшылар бұл Қазақстанда криптобиржа ашқысы келетіндерге кедергі болуы мүмкін, бірақ ел экономикасына кіріс әкелетін ұсыныс деп есептейді. «Мемлекет криптовалюта нарығындағы кез-келген қызметке салық салуға тырысады. Әрине, ел экономикасы үшін мұны криптобиржаның артықшылықтарының бірі деп атауға болады. Еліміздің осы қарқынды дамып келе жатқан сегментте қалыптасуы активтерге капитал тарту, заңнамалық ортаны дамыту, адами капиталды дамытып, криптоэкспорттан комиссиялық төлем алуға мүмікіндік береді», – дейді Мұрат Қастаев.
Әлеуетті ойыншылар шетелдік сайттарға кетпей ме?
«Криптовалютаға инвестициялау кезінде түрлі тәуекелдер бар. Мұнда барлығын ойыншылар өздері шешеді. Тіпті, қаржы орталығы негізінде криптобиржа құру нарық ойыншыларына  мемлекет инвестицияларды басқарады және кепілдік береді деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Әйтсе де инвесторлар АХҚО тек арнайы платформа құратынын түсінуі керек. Ал әр инвестор тәуекелдерді жеке бағамдап, шешімді өзі қабылдайды», – дейді экономист. Әлемдік криптонарықтағы орнымыз қандай? Бүгінде жаһандық криптовалюта нарығының жалпы капиталы 2 трлн доллардан асты. Яғни, аталған нарық күн санап ілгері жылдып келеді. Мұрат Қастаевтың пікірінше Қазақстан әлемдік ауқымда болмаса да аймақтық ойыншыға айналуы маңызды. «Мен криптовалюта мен оған салынған инвестицияға күмәнмен қарасам да бұл нарық 2 трлн доллардан астам капитализацияға жетті. Егер бұл нарық дамитын болса Қазақстан кемінде криптовалюталардың әлемдік айналымының 1%-ын иемдену керек қажет», – деді экономист.
«Тұран-Астана» университетінің профессоры Бауыржан Ысқақов АХҚО аясында криптобиржа құру – елімізді блокчейн және криптовалюта индустриясындағы көшбасшылар мен трендсеттерлер қатарына енуге мүмкіндік береді, деп есептейді. «АХҚО қаншама жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін айтарлықтай пайда тапқанын көріп отырған жоқпыз. Ал оның базасында биржаны дамыту, қаржы орталығы жұмысының жандануына алып келеді. Екіншіден, экономикаға ақша салғысы келетін инвесторларға жақсы мүмкіндік. Қазір нарықтағы бос қаражаттың барлығы жылжымайтын мүлік сынды пассив түріндегі операцияларға салынады. Халық артық қаржысын депозиттерге салудан аса алмайды. Мұның мемлекетке айтарлықтай пайдасы жоқ. Сол үшін криптовалюта нарығын дамыта отырып цифрлық технологияларды және экономиканы әлемдік талаптарға сай дамыта аламыз», – дейді Бауыржан Ысқақов.