Көмір сатушы делдалдар халықты 52 миллиард теңгеге алдап соқты - Деловая Жизнь Казахстана
truck 5193606 1280 Көмір сатушы делдалдар халықты 52 миллиард теңгеге алдап соқты
Редактор 17 мая, 2021 543 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 5 минут

Көмір сатушы делдалдар халықты 52 миллиард теңгеге алдап соқты

Бағаны арзандандатуға тиіс биржалар биліктің де, бизнестің де көңілін көншітпей тұр Егер сатылатын не сатып алынатын көмірдің, цементтің, соя бұршағының, картоптың, ұн мен қанттың көлемі…

Бағаны арзандандатуға тиіс биржалар биліктің де, бизнестің де көңілін көншітпей тұр

Егер сатылатын не сатып алынатын көмірдің, цементтің, соя бұршағының, картоптың, ұн мен қанттың көлемі – 60 тоннаға, астықтың көлемі – 300 тоннаға, арпа мен мақтаның көлемі – 600 тоннаға тең болса немесе одан асып кетсе, оларды өткізу тек тауар биржасы арқылы ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ бензин, дизель отыны, битум және бірқатар басқа да тауарлар ірі көлемде тек биржада саудаланады.
Жедел жәрдем көліктері тоқтап қалуы мүмкін Бұл бизнеске де, тіпті мемлекеттің өзіне де қиындық әкелуде. Өйткені заң болғанымен, қажетті инфрақұрылым дамымаған: биржалар жұмысы кінәратқа толы. Салдарынан мысалы, коронавируспен күреске тартылған медициналық ұйымның бүкіл жедел жәрдем көлігіне қаңтарылып тұрып қалу қаупі төнді.
«Біздің ауруханада жедел медициналық көмек машиналары, сондай-ақ мобильді бригадаларға арналған көліктер бар. Олардың барлығы COVID-19 індетімен күреске тартылған, соның аясында шақырулар бойынша ұдайы жолға шығады. Алайда енді олардың бәрі тоқтап қалғалы тұр. Себебі, біз биылғы 2021 жылғы қаңтарда көліктерімізге бензин жеткізу бойынша биржа арқылы келісім бекіткенбіз. Қазір жеткізуші ары қарай бензин жеткізе алмайтынын айтып, өз міндеттемесінен бас тартуда. Соның кесірінен жедел жәрдем жұмысы доғарылады», – дейді медұйым өкілі Елизавета Майорова.
Еліміздің бас экономисі болған тұста, 2015 жылғы 26 ақпанда Ерболат Досаев «Биржалық тауарлардың тізбесін бекіту туралы» №142 бұйрығын қабылдаған. Оған сәйкес, автомобиль бензині тауарлық биржа арқылы сатып алынуға тиіс. Бірақ ауруханаға ЖЖМ дәл қазір және аздау көлемде керек. Сондықтан медұйым Үкіметтен 17 мың литр бензинді баға ұсынысын сұрату тәсілімен шағын көлемде шұғыл сатып алуға рұқсат етуді сұрап жатыр.
Жалпы, биржа не үшін керек? Мемұйымдар да, кәсіпкерлер де одан арзан өнім сатып ала алады. Туркістан облысындағы «Жол ырысы» ЖШС басшысы Олжас Лесбеков өңірде 2021 жылдың сәуірінен бастап, бензин отыны сауда алаңына шығарылғанын айтады. Бірақ биржаға тек 50 мың тоннадан көп көтерме өнім алатындар ғана жіберіледі. «Сауда алаңына қатысуымыз үшін жылдық айналымымыз ең құрығанда 50 мың тонна болуы қажет. Ал «Жол ырысының» жылдық айналымы 5 мың тоннаны құрайды. Жетісай аудандағы ең үлкен ЖМБ-ның біріміз. Басқа аудандардың мұнай базалары да бұл талап кесірінен саудаға қатыса алмайды. Яғни, Үкіметтің бұл талабы тек үлкен қаладағыларға ғана жарайды. Салдарынан, біз секілді шағын кәсіпкерліктер жанармай отынын қара базардан қымбат бағада сатып алуға мәжбүр боламыз. Сөйтіп, ауыл-аймақта жанармай тапшылығы күшейеді. Сондықтан биржаға қатысу үшін жылдық сауда айналымын 5 мың тоннаға дейін төмендетсе дейміз», – деді компания басшысы.
Отандық биржа ауқымы 67 мың биткойнға ғана тең
Сауда және интеграция министрлігінің (СИМ) мәліметінше, Қазақстанда 2020 жылы жасалған мәмілелер бойынша биржалар айналымы 1 триллион 406,5 млрд теңгені құрапты. Мұны сонша көп деуге болмайды. Мысалы, бұл 67 мың биткойнге ғана тең. Бір жыл бойы елдегі биржаларда 47 946 мәміле жасалған. «Тауарлар тұрғысынан алсақ, биржалық мәмілелердің құрылымы өзгерді. Мысалы, 2009 жылы биржалық мәмілелердің 45%-ы өсімдік тектес өнімдерге, яғни бидай мен меслинге, арпа, жүгері, күріш, қарақұмық, картопке, 35%-ы – мотор отыны, газойлдар секілді минералды өнімдерге, 7%-ы жануарлар мен өсімдіктерден алынатын майларға тиесілі еді. Ал 2020 жылы биржалық мәмілелердің 28,3%-ы – минералдық өнімдерге (13,5%-ы – цементке, 8,3%-ы көмірге), 16,1%-ы – машиналарға, жабдықтар мен механизмдерге, 12,8%-ы – бидайға, 4,1%-ы – көлікке қатысты», – деп мәлім етті СИМ. Ел Үкіметі осы саланы жандандыру үшін реформаны қолға алды. Заңнама деңгейінде тауар биржаларын реттеу институты жетілдірілді: «нарықтық баға», «биржалық тауар» ұғымы енгізілді, биржалық тауарлар тізбесі регламенттелді. Бірақ проблемасы таусылар емес.
«Елдегі биржалық сауда ұйымдасқан тауар нарығының халықаралық тәжірибесіне, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 18 тауар биржасы лицензияланған. Алайда олардың үлкен бөлігі лайықты жұмыс істемейді. Елде шағын биржалардың тым көп болуы биржалық сауда механизмінің беделін түсіреді және оның дамуын тежейді. Сондай-ақ биржалық нарықтың қалыптасуына кедергі. Салдарынан биржаларымызда тауар бағалары ретсіз, бейберекет түзілуде», – деп проблемаларды тізбеледі сауда ведомствосы.
Негізі, қазақ жерінің астындағы қазынасын алып жатқан шетелдік компаниялар барлық сатып алуларын отандық биржаның бірі арқылы жүзеге асыруға міндетті. Нәтижесінде, қазақстандық биржалар АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және басқа да елдердегі шикізат биржалары секілді дүркірей дамуға тиіс еді. Өйткені олардың миллиардтаған доллар тапсырысын игеру үшін отандық биржаларға шетелдік жеткізушілер енетін еді. Олай болмады. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар бөтелкедегі ішетін суына дейін сырттан тасиды. Еуразиялық одақ аясында ортақ нарықтардың құрылуына байланысты алда қазақстандық биржаларды ресейлік алпауыт биржалар «жұтып» қойғалы тұр. Сонда Қазақстан қазіргі азғантай биржалық айналымынан да айырылып қалмақ. Мұны Үкімет мойындап отыр.
«Интеграциялық процестер жағдайында Қазақстанның биржалық сауда жүйесіндегі ағымдағы ахуалды сақтау елдің энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Ендеше биржалық мерзімді нарықты дамытуға жағдай жасау, яғни биржалық саудаға қатысушыларға белгілі бір мерзімге сатып алу-сату келісімшарттарын бекітуге мүмкіндік беру маңызды», – деген ұстанымда сауда ведомствосы.
Биржадағы делдалдар 145% үстеме қосады Сонымен, елде қатаң бәсекелі нарық туғызып, өнім мен шикізат бағасын төмендетіп, бизнеске де, мемлекетке де мол пайда мен тиімділік әкелуге тиіс биржалар әзірге әлжуаз күйде қалуда. Сарапшылардың байламынша, онда көзбояу тірліктер жаппай белең алған. Масқарасы сол, алпауыт компаниялар бұл тетікті белгілі бір салаларда өз монополиясын орнату үшін пайдалануда. Мысалы, антимонополиялық орган коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмірді сату саласына тергеу жүргізген. Сонда анықталғандай, өндірушілер өз өнімдерін өткізу үшін төл биржаларын құрып алған. Өндіруші компаниялар жылыту маусымы таяғанда, биржалар арқылы өздері өндірген көмірді тегісімен сыбайлас жеткізушілерге сатып жібереді. Осылайша, бір жылдық көмір көлемі тұтасымен аз шоғыр жеткізушінің қолында шоғырланады. «Осылайша, басқа компаниялардың ресурстарға қол жеткізуі толығымен шектеледі: олар көтерме сатып алған алғашқы топқа жүгінуге мәжбүр. Шын мәнінде, осы көтерме сатып алушылар тек қағаз жүзінде ғана бар делдал болып шығады, олардың төл кеңселері жоқ. Көбісі көмір сақтауға арналған жабдықтар мен қоймалар жоқ жеке пәтерлерде және жеке үйлерде орналасқан. Кейбірінің қызметкерлерінің саны екеу ғана немесе 5-6 адамға дейін», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Зерттеу барысында көмір өндіруші компаниялардың биржада бірінші болып сатып алған көтерме саудагерлерге көмірді нақты жеткізбегені расталып отыр. Бірақ көмір олардың өтінімдері бойынша ғана кетеді. Бұл сорақы тірлік жалғасуда. Проблеманы шешу үшін сауда министрлігі биржалық тауарлар саудасын өткізу талаптарын қатайтуды жоспарлап отыр. Талаптар өмірге жолдама алса, биржалық тауарды көтерме сатып алушыға жеткізу фактін растайтын құжаттар талап етіле бастайды. Содан кейін пәтерде құрылған биржа ойыншыларына ондаған мың тонна көмірді сақтайтын жер табуға тура келмек. Елде бір жыл ішінде коммуналдық-тұрмыстық мақсатта тұтыну үшін өндірілген 18 миллион тонна көмірдің 10,5 миллион тоннасы немесе 58%-ы биржа арқылы өткізіліпті. Осы 10,5 миллионның 8,6 миллионы немесе 81%-ы базасы не сақтау қоймалары жоқ, өнімнің бірде бір тоннасын қабылдамаған және жөнелтпеген, пәтерде немесе коттедждерде орналасқан өнімсіз делдалдарға сатылған. Делдалдардың қанша үстемеақы қосатынын еш орган бақыламайды. Бұл антимонополиялық агенттіктің «ерекше алаңдаушылығын туғызуда. Мысалы, «Богатырь-Көмір» ЖШС көтерме сатып алушыларға өз көмірінің 1 тоннасын орта есеппен 2 418 теңгеден өткізген. Ары қарай делдалдар тұтынушыларға осы көмірдің әр тоннасын 5 925 теңгеден сатыпты. Яғни, делдалдар ешқандай жұмыс бітірмей-ақ, 145% үстемесін қосып, қыруар пайдаға кенелген. Бір маусым ішінде ғана олар Богатырь көмірінен 3,3 миллиард теңге заңсыз табыс тапты.
«Ештеңе жасамайтын делдалдар кесірінен қарапайым халық көмір үшін орасан зор көлемде басыартық ақша төлеуге мәжбүр. Атап айтқанда, осындай өзара ымыраласу нәтижесінде 3 көмір өндіруші компанияның – Шұбаркөл, Қаражыра және Богатырь көмірінің тұтынушылары 2018–2019 жылдары ғана кем дегенде 52 миллиард теңге ақшаны артық төлеген», – деген мәлімет берді монополияға қарсы орган. Бұл мәселелерді «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы шешеді деп күтілуде.
Сауда және интеграция министрлігінің Биржалық сауда басқармасының басшысы Мақсат Тұрсынбековтің айтуынша, құжат биржаларды негізгі үш бағыт бойынша дамытуды көздейді. «Біріншіден, тауар биржаларының ашықтығына қойылатын талаптар артады. Екіншіден, жағдайды өзгертуге және шын мәнінде бәсекелестік орта мен биржалық сауданы дамыту үшін жаңа жағдайлар жасауға елеулі әрекет жасалады. Үшіншіден, биржалық сауда көлемін ұлғайту міндеті қойылып отыр», – деді М.Тұрсынбеков.