Отандық кәсіпкер қаншалықты қорғалған? - Деловая Жизнь Казахстана
laptop predprinimatel Отандық кәсіпкер қаншалықты қорғалған?
Редактор 20 марта, 2021 679 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 3 минуты

Отандық кәсіпкер қаншалықты қорғалған?

Карантиндік шектеулер кезінде тұралап қалған кәсіпкерлік нысандар бүгінде мемлекет қамқорлығына аса мұқтаж Осы орайда өткен аптада Бас прокуратурада бизнесті қорғау бойынша V-Форум өтті. «Атамекен» Ұлттық…

Карантиндік шектеулер кезінде тұралап қалған кәсіпкерлік нысандар бүгінде мемлекет қамқорлығына аса мұқтаж

Осы орайда өткен аптада Бас прокуратурада бизнесті қорғау бойынша V-Форум өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да форумның ұйымдастырушы болды.
Форумға Президент Әкімшілігінің, Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Іс-шарада Бизнесті қорғау бойынша жол картасын іске асырудың қорытындылары мен жұмыс нәтижелері талқыланды.
Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетов Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуде прокурорлардың ролінің  ерекше екенін атап өтті.
«Бүгін біз бизнесті қылмыстық орбитаға заңсыз тартудың жолын кесуден бастап әкімшілік кедергілерді қысқартуға дейінгі кешенді прокурорлық қорғауды жасап жатырмыз» – деді Бас Прокурор.
«Атамекен» ҰКП және мүдделі органдармен бірлесіп белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді.
Тексерулер айтарлықтай қысқарды. Бизнеске рұқсаттар мен талаптар саны шамамен 40%-ға азайды (30 мыңнан 17 мыңға дейін). Барлық тексерулерді тіркеу автоматтандырылды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» жүйесі арқылы заңсыз тексерулердің жолын кесуде.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шенеуніктер мен қылмыстық қудалау органдары тарапынан бизнеске заңсыз араласудың жолын кесу бойынша шаралар әзірленуде.
Қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде, онда прокурорлар мен тергеушілердің өкілеттіктері және жауапкершілік аймақтары нақты бөлінген. Бұл кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда тағы бір сүзгі болады.
Бұдан басқа, ҚПК-де прокурордың келісімімен немесе соттың санкциясымен  ғана жекелеген тергеу іс-әрекеттерін жүргізу бойынша бірқатар өзгерістер дайындалды.
Форумға қатысушылар карантиндік шараларға байланысты бизнес мәселелерін бөлек талқылады.
Осы кезеңде прокурорлар 60 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын қорғады.
«Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев прокуратура және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп пандемия кезінде бизнестің заңсыз тексерулері мен айыппұлдарын шешу мүмкін болғанын атап өтті.
Бас прокуратура, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, рейдерлік пен бизнес жұмысына заңсыз араласу үшін өкілетті тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша сәйкес түзетулер дайындалды. Мемлекет басшысы бұл мәселені бірнеше рет айтып, жұмысты тездетуді тапсырды.
«Бизнесті қорғауда прокуратура рөлі айтарлықтай күшейтілді. Жұмыс топтарының алаңдарында сәйкес ұсыныстар қорытылып жатыр. Атап айтқанда, енді кәсіпкерлерлік субъектілердің өтініштері бойынша прокурорлар мемлекеттік органдарда  тікелей тексеру жүргізу мүмкіндігіне ие болады. Прокурорлар қылмыстық тергеу бастаудың заңдылығын тексеріп, тергеудің нақты мерзімін белгілейді. Қылмыстық процесс барысында прокурорлармен ревизия өндірісі мақұлданады», – деді «Атамекен» басшысы.
Осы бастамалардың барлығы бизнес тарапынан қолдау тапқанын айтты. Спикер Салық кодексіне ревизия жүргізу шеңберінде салықтық әкімшіліктендіруді оңайлату талап етілетінін атап өтті. Цифрландыру, еңбекақы қорына жүктемені азайту, көлеңкелі экономикадан шығуды ынталандыруға басымдық берілуі тиіс.
Сондай-ақ, Тимур Құлыбаев кәсіпкерлікті реттеу бойынша «таза парақтан» жүргізіліп жатқан жұмысқа назар аударды, соның шеңберінде бизнеске қойылатын талаптардың басым бөлігі қайта қаралатын болады.
«Біз бұл ауқымды жұмыс екенін, бақылаушы органдардың барлығы бірдей «қысым жасау тетіктерінен» ерікті түрде бас тартпайтынын түсінеміз.  Сондықтан Бас прокуратура мен басқа да серіктестерімізді осы реформаларды ілгерілетуге барынша атсалысуды сұраймыз», – деді Тимур Құлыбаев.
Бүгінгі таңда «таза парақтан» реттеу шараларын сауатты әзірлеудің басты міндеттерінің бірі жүйелік мәселелерді шешу болып табылады және бұл үшін бастапқы себепті табу керек. Қазақстан Кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өз сөзінде осындай ой айтты.
«Соңғы 5 жылда әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлер саны екі есе өскен, мемлекеттік органдар шешімдері мен әрекетіне шағымдану туралы арыздар 4 есе артқан. Мемлекеттік машина бизнеске жыл сайын жаңа талаптар қояды. Бүгінде талаптардың нақты санын ешкім білмейді. Сәйкесінше – бизнес талаптардың барлығын біле бермейді, нәтижесінде – жауапқа тартылғандардың саны көп.
Мемлекеттік реттеудің шекарасы мен шектерін айқындаған жөн. Тәуекел болмаса — реттеу де болмауы керек, тәуекел болғандықтан — мемлекет реттеуді енгізуге құқылы. Реттеу бизнес үшін де, мемлекет үшін де жоғары талаптарды жүктемеуі тиіс.
Біз заңдарды жақсартуға күш саламыз, бірақ сәйкес құралдар болмаса олар жүзеге аспайды. Сондықтан, міндетті талаптар тізімін енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл бизнеске қойылған талаптардың бәрін қамтыған бірыңғай база болмақ. Талап Тізімінде көрсетілген болса, мемлекеттік орган тексеріп, жазалауға құқылы, талап Тізімде көрсетілмесе – жазалауға жол жоқ», – деді Рустам Жүрсінов.
Сондай-ақ, бизнес-омбудсмен мемлекеттік реттеу технологиялардың даму деңгейіне сәйкес келуі және ақылға қонымды, жүйелі және дәйекті болуы, яғни бизнес үшін ақталмайтын кедергілер жасамауы тиіс екенін атап өтті.
Бас прокуратура және «Атамекен» ҰКП арасында облыстарда өңірлік жол карталарын жасау арқылы бизнестің жүйелі мәселелерін шешу қажеттілігі туралы келісімдар жасалды.
Бизнесті қорғау жөніндегі V-Форум соңында 2021 жылға Өзара ынтымақтастық туралы жол картасына қол қойылды.
Баян Бақкелді