Қазақстандықтардың қарызын кешіру науқаны жалғаспақ - Деловая Жизнь Казахстана
dolg Қазақстандықтардың қарызын кешіру науқаны жалғаспақ
Редактор 01 июня, 2021 601 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 3 минуты

Қазақстандықтардың қарызын кешіру науқаны жалғаспақ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.  Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жобаны қабылдаудағы мақсат – «өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, ол…

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкімет қаулысының жобасын әзірледі.  Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жобаны қабылдаудағы мақсат – «өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, ол отбасылардың қаржылық ахуалын жақсартуға мүмкіндік беру»

Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы мемлекет бірнеше санаттағы қазақстандықтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы борышын бюджеттен өтеп бергені мәлім. Бұл науқанға тек аз қамтылған, кедей отбасылар ғана емес, біршама ауқатты азаматтар да іліккен. Мысалы, елордалық Кәмила Т. қымбат үйде тұратын, салтанатты көлік мінетін кәсіпкер ханым. «Бірде банктен хабарласып, менің де осы тізімге іліккенімді және келіп, тиісті құжаттарға қол қоюым керектігін хабарлады. Кредит тарихымды жақсарта түсу үшін 2019 жылдың басында банкте 300 мың теңгеден сәл асатын шағын несие рәсімдей салғанмын. Оның 180 мыңын өтеп үлгердім. Қалғанын сыйақысымен бірге мемлекет «жауып» берді. Әр адамға 300 мың теңгеден бөлінген екен. Банк өтеуден қалғанын – 150 мың теңгедей қаражатты қолыма санап берді», – деген ол 5 баланың анасы болғандықтан, министрлік оны осы тізімге қосқанын жеткізді. Алайда осы қаражатқа шын мұқтаж көптеген адам одан тыс қалды.
Олар науқан біткеннен кейін, 2020 жыл бойы Үкіметке шағымданумен болды. Жауапты министрліктің мәлімдеуінше, осы себепті жаңа Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп отыр. «Қазіргі кезде әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар түрлі себептермен өмірлік қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отыр. Бұрынғы қаулыда көзделген мерзімдер аяқталды, алайда Мемлекет басшысының жарлығының талаптарына сәйкес келетін, бірақ деректерінің мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде болмауына, яғни деректерінің цифрландырылмауына байланысты берешектері өтелмей қалған адамдар анықталды. Осыған орай, «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» ел Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы №34 жарлығының күшіне ілігетін адамдарды толықтай қамту мақсатында жарлықты іске асыру мерзімдерін ұзарту ұсынылады», – деп мәлім етті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ведомство ұстанымынша, борышты кешіру мерзімдерді ұзарту «осы азаматтарға көмектеседі, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді».
14 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған қаулы жобасында көрсетілгендей, азаматтардың қарызын мемлекет есебінен өтеудің жаңа науқаны нақты мерзімдермен шектелмейді. Алдыңғы шарадан бір айырмашылығы да осы.
Себебі Үкіметтің екі жыл бұрынғы қаулысында: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылғы 22 қарашаға дейінгі мерзімде осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген адамдардың тізімін қалыптастырады және оны «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ға жібереді», – делінген еді.
Ал жаңа қаулы жобасында: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы Қағидалардың 5-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тізімді немесе Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған құқықтарды қалпына келтіру туралы сот шешімін алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 2-тармағының 1)тармақшасында көзделген адамдардың тізімін қалыптастырады және оны «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ға жібереді», – деп жазылған.
Өзге шарттары алдыңғы науқанға ұқсас: 2019 жылғы 1 маусымға дейін қалыптасқан, 1 қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспайтын мөлшерде негізгі борышы және сыйақысы өтеледі. 2019 жылы 578 мыңнан астам қазақстандықтың 120 млрд теңгеден артық қарызы бюджеттен өтелгені белгілі. Сарапшылар бұл науқанның қайталануына қарсылық білдірген. «Әрине, азаматтардың шынында да қиын жағдайда қалатын кездері болады. Әлдебір отбасы мысалға, асыраушысынан айырылып қалуы мүмкін. Ондай жағдайларды жеке қарау қажет. Азаматтардың кредиттерін өтеуге мембюджеттің барлық әлеуметтік шығыстарының үштен бірі шығындалды. Мұндай амнистия кесірінен денсаулық саласы, қорғаныс өнеркәсібі және басқасы жете қаржыландырылмай қалуы ықтимал», – деп алаңдады экономист Мақсат Халық. Әйткенмен, құзырлы ведомстволарға науқанға ілікпеген қазақстандықтар әділдікті қалпына келтіруді талап етіп, шағымдануда. «Менің Каспи банктен және «Тенго.кz» ЖШС-ынан алған кредиттерім бар. Жалпы сомасы 300 мыңдай. Соны мемлекет есебінен жауып беруіңізді өтінемін. Мен әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатамын. Жалғызбасты анамын. Былтыр «Nur Otan»-ның «BizBirgemiz» акциясы аясында 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек алдым. Осының өзі осал топқа жататынымды растайды. Демек, менің кредитімді де Үкімет есептен шығарып беруге тиісті», – деп жазады Дарья Ц.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновке хатында. Қанат Райымқұлов көпбалалы отағасы ретінде осы санатқа кіретінін, соған қарамастан 2019 жылы құр қалғанын айтып, қапаланады. «Отбасымда 5 бала бар. Әйелімнің 300 мың теңге көлеміндегі қарызын мемлекет өтеп берді. Менің борыштық жүктемем сол бойы қалды. Өз деректерімді цифрландыру үшін АХАТ-қа жүгіндім. Бәрібір жаңартылған тізімге іліге алмай қалдым», – дейді ол. Себебі, АХАТ деректері 2008 жылдан бастап цифрлық форматта жұмыс істеуге көшті. Оған дейін бекітілген некелердің құжаттары цифрландырылмаған. Тиісінше, деректер базасында болмай шықты. Сондықтан азаматтар шағымына орай құзырлы органдар 2008 жылға дейінгі құжаттарды цифрландыру жұмыстарын жүргізуде. Енді осы азаматтарға сот арқылы тізімге кіруіне мүмкіндік берілетінге ұқсайды.