Қазақстанға агробанк қажет пе? - Деловая Жизнь Казахстана
agrobank Қазақстанға агробанк қажет пе?
Редактор 14 мая, 2021 580 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 2 минуты

Қазақстанға агробанк қажет пе?

«Шопан Ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Қазақстанға агробанк керек деп есептейді Естеріңізде болса, Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға, қолдауға жауапты бірден-бір ұйым «ҚазАгро» компаниясы…

«Шопан Ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Қазақстанға агробанк керек деп есептейді

Естеріңізде болса, Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға, қолдауға жауапты бірден-бір ұйым «ҚазАгро» компаниясы болатын. Алайда аталған компания таратылып, оның функциялары «Бәйтерек» холдингінің құрамына өтті. Алмасбек Садырбаевтың айтуынша енді ауылдағы шаруалардың жағдайы тіпті қиындауы мүмкін. «ҚазАгроның» ұстанған саясаты шаруаларға мүлдем кереғар еді. Компания ұсынған несиелерге көпшіліктің қолы жетпеді. Сұраныс талаптары да қисынсыз болатын. Енді ауыл шаруашылығын қолдауға, дамытуға «Бәйтерек» холдингі жауапты.
Бірақ холдинг пен агросаланың үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты болса да, дәл сол «ҚазАгроны» жұмыс істете алмадық. Енді «Бәйтеректі» мүлдем маңайлай алмайтын шығармыз. Ауыл шаруашылығын дамыту, оны қаржыландыру, Үкіметтің бұл бағыттағы саясатын жүзеге асыру салалық мекемеге берілуі керек. Міне, сол мекеме агробанк болуы қажет», – дейді қауымдастық төрағасы. Ол екінші деңгейлі банктерден несие алу оңай екенін, алайда олар кепілдікке келгенде әкесінің құнын сұрайтынын алға тартты. «Оны қарапайым шаруалар орындай алмайды, әлбетте. Шаруалардың мұндай банктерге жоламайтыны да сондықтан. Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласын тиімсіз деп санайды. Бұл саланы қаржыландыруға басымдық бермейді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына несие беру көлемі бойынша екінші деңгейлі банктердің үлесі 10 пайызға жетер ме екен? Сондықтан тек қана ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыратын, қаржыландыратын агробанк керек.
Банк құрылмайынша, саланың дамуы қиындау. Соңғы он жылда мыңдаған адам ауылдан көшіп кетті. Демек, ауылдың жері бос қалып жатыр. Енді осы үрдісті кері жүргізу үшін агробанктің мүмкіндігін пайдалануға болады. Қазір қаладағы қым-қуыт тірліктен мезі болып, ауылға барып, кәсіп ашқысы келетін жастар да, орта буын өкілдері де көп. Алайда олардың иелігінде жекеменшік жер мен қомақты қаражат жоқ», – дейді А.Садырбаев. Оның пікірінше, біз «ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» секілді қаптаған компанияларға қолдан жем беріп отырмыз. «Бүйткенше, бәрінің басын біріктіріп, қаражатты да, құзыретті де агробанктің қолына беру керек. Шынында, саладағы қолдау көрсететін компаниялардың көптігі сондай, қазіргі шаруалардың басы айналады. Компаниялар келген кәсіпкерді бір-біріне сілтеп, діңкесін құртады. Ауылдағы шаруаны онсыз да тентіретіп, сандалтып жүргеніміз аз емес. Жұмыстың бәрі бір ғана мекемеде шешіліп, реттелуге тиіс. Шаруаның басын шырғалаңға салудың қажеті жоқ.
Олардың уақыты да шектеулі. Біздегі өнімділіктің төмендігі де, жалпы саланың дамымай жатқаны да шаруалардың сандалып жүргендігінен шығар, бәлкім. Менеджмент ақсап тұр. Оны мемлекет реттеп бермейінше, түк шықпайды», – дейді ол. А.Садырбаевтың сөзінше, агробанк құру үшін теңселіп, әне-міне құлағалы тұрған екінші деңгейлі банктердің бірін мемлекет есебінен қолдап жіберіп, салалық банк етіп қайта құрса, шаруа шешіледі. Онсыз да екінші деңгейлі банктерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр емес пе?! Бір қызығы, агробанктің құрылуына шаруалар бейілді болғанымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі құлықсыз. Ведомство агробанк құру ауыл шаруашылығы үшін панацея бола алмайды деп есептейді. Бұдан несиелер қолжетімді болып кетпейді. Агробанкті құру әкімшілік шығыстарды арттыратын, түпкілікті қарыз алушылар үшін мөлшерлемелердің өсуіне әсер ететін банк инфрақұрылымын дамыту қажеттілігіне алып келеді екен.
Яғни банктің есептеу-кассалық қызмет көрсету, инкассация қызметі, төлем карталарын шығару, банкоматтар желісі секілді толып жатқан шығыстары пайда болады.