2021 жылы Жамбыл облысында «Еңбек» бағдарламасы аясында 3,8 млрд шағын кредит беріледі. Биыл Таразда шағын кәсіпкерлікті қолдауға 64 млрд теңге бөлінді Қаржыны Ауыл шаруашылығын қаржылай…
2021 жылы Жамбыл облысында «Еңбек» бағдарламасы аясында 3,8 млрд шағын кредит беріледі. Биыл Таразда шағын кәсіпкерлікті қолдауға 64 млрд теңге бөлінді
Қаржыны Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында бөлген. Жеңілдікпен кредит алған кәсіпкердің бірі – Жандар Кемпреков. Ол – Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының тұрғыны, көпбалалы әке. Тұрғын 2016 жылы жеке шаруа қожалығын ашыпты. «Қазір қымызға сұраныс жоғары. Сондықтан жылқы сатып алу үшін қордан несие алуға өтінім бердім. Ол мақұлданды. Мен сияқты көпбалалы отбасыға және мүгедектігі бар адамдарға кредитті 4%-бен береді екен. Сол несиеге 6 жылқы сатып алдым. Алдағы уақытта биелерді құлындатып, қымыз өндірумен айналыссақ деп отырмыз», — деді қожалық басшысы. Сонымен қатар тараздық кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаева да аталған бағдарлама бойынша кредит алған. Оның шағын тігін цехі бар.
«Өткен жылы қордан 6 млн теңге кредит рәсімдедім. Оған тігін машиналарын, цехқа қажет жабдықтар сатып алдым. Қазір 2 жұмысшым бар. Тапсырыспен кыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, көрпе-жастық, ұлттық костюмдер, мектеп формаларын тігеміз. Кредит алуға берген өтінішім тез қаралып, ақша қолыма тиді», – деді жеке кәсіпкер. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Жамбыл филиалының директоры Базарқұл Мырзағалиевтың айтуынша, өңірде кәсібін ашқысы келетіндердің қатары көбейген. Ол кредитке өтінім қабылдау жалғасып жатқанын атап өтті.
«2020 жылы 1200 кәсіпкерге 5,5 млрд теңге кредит берілді. Оның ішінде 4,4 млрд теңге «Еңбек» бағдарламасы аясында берілсе, 1,1 млрд теңге қордың жеке қаражаты есебінен берілген. Биыл аталған бағдарлама бойынша 3,8 млрд теңгенің шағын кредитін беру жоспарланған. Қазіргі таңда филиал қызметкерлері тұрғындардың кредит алу үшін берген өтінімдерін қабылдап жатыр», – дейді Базарқұл Мырзағалиев.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсібін ашқысы келетін тұрғындарға кредитті 6%-бен береді, оның жылдық тиімді ставкасы 6,7%-дан аспайды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне кредит 4%-бен беріледі, оның жылдық тиімді ставкасы – 4,4%. Мақсатына қарай берілетін кредиттің сомасы – 4-12 млн теңге.
Сондай-ақ, бағдарламаға жұмыссыздар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Кредит алушыларға қойылатын бірнеше талап бар: өтінім берушінің кредит тарихы жақсы болуы керек; кепілге қоятын мүлкі болуы шарт; бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы қажет.