Мәжілісте ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осы жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіш пен бюджет параметрінің болжамы қайта нақтыланатынын жариялады Министр іс барысында ел экономикасындағы өзгерістер мен…
Мәжілісте ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев осы жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіш пен бюджет параметрінің болжамы қайта нақтыланатынын жариялады
Министр іс барысында ел экономикасындағы өзгерістер мен әлемдік экономикадағы үрдіс назарға алынатынын айтты.
«Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5%-дан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6%-ға дейін жетті. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамынша биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 4,3% және 6% құрайды», – деді Әсет Ерғалиев.
«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында. Министрдің мәлімдеуінше, ішкі, сыртқы оң факторларға байланысты ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Экономикалық өсім қалпына келе бастады. Номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде болады деп бағаланды.
Әсет Ерғалиев ұлттық банктің болжамына сүйеніп, экспорт көлемі 10,8 млрд долларға ұлғайып, 52,2 млрд долларға, ал импорт 37,1 млрд долларға жететінін жариялады.
«Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірісі трансферттерді есепке алмағанда 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланды. Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт өзгермейді. Ол 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталады. Республикалық бюджет шығысы 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% шамасына болады», – деп қорытты ойын ұлттық экономика министрі.