«Ashyq» қосымшасын міндеттеу қаншалықты заңды? - Деловая Жизнь Казахстана
ashuk red «Ashyq» қосымшасын міндеттеу қаншалықты заңды?
Редактор 20 мая, 2021 925 Көзқарас На прочтение: 3 минуты

«Ashyq» қосымшасын міндеттеу қаншалықты заңды?

Әлеуметтік желілерде соңғы кездері «Ashyq» қосымшасының қажетсіз дүние екендігі, жол бөгейтіні және адам құқығын бұзатыны туралы бірнеше посттар жарияланып, қызу талқыланып жатыр. Осы мазмұндағы әрбір…

Әлеуметтік желілерде соңғы кездері «Ashyq» қосымшасының қажетсіз дүние екендігі, жол бөгейтіні және адам құқығын бұзатыны туралы бірнеше посттар жарияланып, қызу талқыланып жатыр. Осы мазмұндағы әрбір постқа мыңдаған пікір жазылды. Және қызығы – сол пікірлердің түгелге жуығы қосымшаны қажетсіз деп санайтын адамдарға тиесілі екені.

Сіз де солай ойлайсыз ба?

Шындығына келсек, халық үшін қолайсыз инновация көрінеді. Әуресі көп, пайдасы аз.
«Ashyq» – ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі эпидемиологиялық ахуалды бақылау мақсатында жасаған пилоттық жобасы негізінде іске қосылған қосымша.
Қазір қоғамдық тамақтану орындарының, әуежайлардың, темір жол вокзалдарының ішінде осы қосымшадан өткізуді міндеттеуде. Бұл қатарда адамдар көп жиналатын барлық мекемелер бар. Қосымша қалай жұмыс жасайды?
Ashyq қосымшасы ПТР-сынамасын тапсырған азаматтардың қорытындысы жинақталған база негізінде жұмыс істейді. Егер сынамада сізге оң нәтиже берілген болса, сіздің қосымшадағы статусыңыз қызыл түсті көрсетеді. Демек, сіз ешқандай қоғамдық орынға кіре алмайсыз.
Ал коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен байланыста болған азаматтардың сары түсті қалай анықталатыны белгісіз. Жасыл түстің анықтамасын өздеріңіз де түсініп отырсыздар.
Біріншіден, Ashyq қосымшасы ПТР-сынама тапсырған азаматтардың нәтижелері жинақталған базаны алу арқылы дәрігерлік құпияны белден басып отыр. Иә, рас, қосымшаға кірерде ең төменгі тұста орыс тілінде жазылған «Я согласен с условиями сервиса» деген растайтын орын бар.
Бұл жерде де адамдардың құқығын бұзу фактісі бар екенін атап өтуге болады. Келісім беру туралы ақпарат тек орыс тілінде ұсынылған. Қазақша нұсқасы көзге түспеді.
Сол жерде аталмыш Келісімнің 4 тармағында ақпараттарды қосымшаға беру және оларды өңдеу ешқандай Заңды бұзбайтынын атап көрсетеді. Мұның жөн-жапсарын жұртшылыққа ешкім түсіндірмегенін тағы атап өтейік.
Екіншіден, Ashyq қосымшасы негізге алатын ПТР-сынамаларының жарамдылық мерзімі – 3 күн. Егер азамат ПТР-сынама тапсырып, сынама қорытындысының жарамдылық мерзімі өткеннен кейін инфекция жұқтырса, онда қосымшаның ешқандай тиімділігі болмайды деген мазмұнға саяды.
Кәсіпкерлер: «Ғимаратқа QR-код арқылы кіру карантин кезінде еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – дейді.
Дана Керей, фитнес орталықтың өкілі: – Қосымша өте қолайлы. Біріншіден, адамдар өздерінің денсаулығын қадағалайды. Екіншіден, айналасында ауру адам бар не жоғын біле алады.
Қазір 130 кәсіп иесі осы бағдарламаға қатысып отыр. Олар: фитнес-клубтар, SPA-орталықтар, сауналар, бассейндер мен компьютерлік және боулингтік клубтар. Қосымшаны қолдану өте оңай. Тек телефонға жүктеп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Ғимаратқа кірерде кәсіп иесіне берілген QR-кодты сканерлеп, шығарда осы қадамды қайталау керек. Егер оған көнбесеңіз, өз еркіңіз. Ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ сізді ғимаратқа кіргізбеуі бек мүмкін. Жобаға жауаптылардың сөзінше, мобильді қосымша халықтың жеке бас мәліметтерінің қолды болуына мүмкіндік бермейді. Тек көпшілік жиналатын орындарда вирустың таралуын тежеуге ғана сеп болады.
Нариман Әбілшайықов, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:  — Бұл жоба бойынша ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің базасында ғана тіркеледі. Онда кәсіпкердің немесе жеке бір бөгде тұлғаның кіріс құжаттары жоқ. Осы жобаға тіркелген адамдардың ақпараты басқа органдарда жинақталмайды. Сайып келгенде, бұл үдерісті уақыттың талабы деп түсіну керек. Жеке бастың мүддесі емес, қазір бүкіл қоғамның саулығы басты назарда. Егер сіздің вирусты өзгелерге жұқтыру ниетіңіз болмаса, Аshyq мобильді қосымшасын қолданудан ешқандай қауіп жоқ.
Қисынсыз жағдайларды болдырмау мақсатында қосымша міндетті шара емес, шектеу шаралары кезеңінде жұмыс істей алмайтын бизнес бағыттарына келушілерді қорғау құралы екенін атап өтеді. Бизнес те, азаматтар да қосымшаны пайдалануға мәжбүр болмайды. Кейбір Интернет қолданушылары атап өткендей, бұл дүкендерге, дәріханаларға, аулада немесе саябақта серуендеуге әсер етпейді.
Сонымен қатар, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Греция, Кипр және т.б. елдерде ұқсас құралдар сәтті енгізілді және COVID-19 жұқтыру қаупін азайту үшін қолданылады.
Бүкіл әлемдегі бизнес саласы қиын кезеңдерді бастан өткеруде және жаңа шындыққа бейімделуге, шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр. Халық та осы режимге бейімделуге және әдеттегі қызметтен бас тартуға мәжбүр. «Ashyq» бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Мәртебе ақпараттық жүйелермен салыстыру негізінде ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы беріледі.
Ashyq қосымшасы жұмыс істеп тұр. Бұл қосымшаның пилоттық жоба аясында істелгенін ескерсек, оны барлық жолаушыларға міндеттеу қаншалықты заңды?
Сондай-ақ, Ashyq қосымшасын іске қосып отырған компания да, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де әуежайға өте алмаған азаматтардың билет құнына қатысты жауапкершілік алмайды.
Ashyq қосымшасындағы статусы әуежайға кіруге жарамды болмаған жағдайда күйіп кететін билет құны жөнінде жолаушының өзі әуе компаниясына жүгінуі шарт екен. Бұл қаншалықты заңды?
Республикалық Қазақстан тұтынушыларының Ассоциациясы 9-мамыр күні әлеуметтік желіде Ashyq қосымшасына қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады.

Ашық хатта келесі мәселелер қамтылған:

  1. ҚР Заңдарында азаматтардың жеке смартфондарына қандай да бір бағдарламаны көшіріп алуға міндеттейтіні туралы көрсетілмеген. Ал Ashyq бағдарламасының жеке смартфонда болуы қолында смартфоны жоқ адамдардың дискриминацияға ұшырауына әсер етеді.
  2. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 7-бабында азаматтар өздеріне қажетті тауарлар мен қызметтерді таңдауына сәйкес қана алады.
  3. Азаматтарды Ashyq қосымшасын жазып алуға міндеттеу арқылы қосымша ұсынатын келісімді мақұлдайтынын көрсетуге итермелеу. Бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-1-бабын өрескел бұзады.

Егер жолаушы азамат вакцинаның екі дозасын да ектіріп, бірақ Ashyq қосымшасын қолданудан бас тартса, ол әуежайдың табалдырығынан аттай алмайды.
Демек, «Digital Innavation and transformation» ЖШС әзірлеген Ashyq қосымшасы Қазақстан Республикасының заңдарына томпақ келетін әрекеттерді жүзеге асырып отыр. Бұл әрекеттерді орындауға екі бірдей министрлік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы рұқсат беріп отыр…

Құрметті оқырман, Сіздің де пікіріңіз маңызды, ойыңызбен бөлісіңіз! Өз құқықтарымызға бей-жай қарамайық!

Баян Бақкелді