Ата кәсіп мемлекеттік және кәсіпкерлік қолдауға зәру - Деловая Жизнь Казахстана
wood 1234667 Ата кәсіп мемлекеттік және кәсіпкерлік қолдауға зәру
Редактор 28 мая, 2021 1267 Көзқарас На прочтение: 18 минут

Ата кәсіп мемлекеттік және кәсіпкерлік қолдауға зәру

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған жаңалық мынау: Мамырдың 14-нде еліміз Дүниежүзілік банктен нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасы бойынша қарыз алды. Тараптар цифрлық технология,…

Бұл мақаланы жазуға түрткі болған жаңалық мынау:

Мамырдың 14-нде еліміз Дүниежүзілік банктен нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасы бойынша қарыз алды. Тараптар цифрлық технология, қаржы, инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, экология, адами капиталды, шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жобаларды іске асыру келешегін талқылады. Қазақстан экономикасына пандемия салдарын барынша азайту мәселесі қозғалды. Дүниежүзілік банк өкілі үкіметтің COVID-19-ға қарсы күрес, кәсіпкерлікті қолдау және нәтижелі жұмыспен қамту бойынша қабылдап жатқан шараларына жоғары баға берді. Қол қойылған құжат Халықаралық қайта құру және даму банкінің Қазақстанға ветеринарлық қызмет пен жануарларды есепке алу жүйесін жетілдіруге, фермерге бағдарланған қызмет көрсету моделін кеңейтуге, сондай-ақ «жасыл өсім» саясатын іске асыруға 460 млн еуро бөлуді көздейді. Жобаны іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдарға жоспарланған.
Жалпы 15 жылда Финляндия Қазақстан экономикасына 366 млн доллар инвестиция құйған. Биыл I тоқсанда тауар айналымы 111 млн доллардан асты. Дүниежүзілік банк 30 жыл ішінде Қазақстандағы 55 жобаны қаржыландырды.
Яғни, бабаларымыздан мұра болып келген, бағзыдан ата кәсібіміз болған ауыл шаруашылығы тұралап тұр, оны дамыту үшін сырттан қарызға ақша алып отырмыз. Сұмдық қой? Демек, мәселені майшаммен қарау керек.
Ауыл шаруашылығы – Қазақстанның экономикасындағы негізгі сала. Ішкі жалпы өнімнің 4,4%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі болғанымен, дәл осы ауыл шаруа­шылығында еліміздің еңбекке қабілетті тұрғындарының 14%-ы жұмыс істейді, ауылдық елді мекендерде 7,7 миллион (ел тұрғындарының 42%) халық тұрады.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің  Статистика жөнін­дегі комитетінің мәліметтері бойынша эконо­миканың салалары бойынша ең төменгі орташа жалақы ауыл шаруашылығында және ол 127,3 мың теңгені құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 15,6% жо­ғары, алайда өсім – елдегі орташа көрсет­кіштен біршама төмен.
Кірістердің жалпы өсіміне қарамастан ауыл адамдары дәулетті өмір сүріп жатқан жоқ екенін айтып ешкімді таңғалдыра алмайсың. Мүмкін осыдан елімізде ауыл шаруашылығы тұралап тұрған шы­ғар? Бірақ бұған ауыл адамдарының кіріс деңгейінің төмендігі – себеп емес, бұл тікелей отандық Агроөнеркәсіп ке­ше­нін­дегі процестердің салдарынан деп ой­лаймыз.
Былтыр ақпанда Парламент Сенатында «Аг­роөнеркәсіптік кешенді дамыту мә­селелері» тақырыбына арналған пар­ламенттік тыңдау өтті. Оған дайындық ба­ры­сында депутаттар ұйымдастыру және мазмұндық жағынан ауқымды жұмыс­тарды атқарды. Бейінді ведомство­лардың, мемлекеттік корпорациялардың өкілдерімен, өңірлерде ауыл шаруа­шы­лығының адамдарымен жұмыс істейтін аграрлық сала мамандарының кәсіби бірлестіктерінің өкілдерімен ондаған кездесу өткізілді. Сала проблемаларын терең тануға мүмкіндік беретін материал­дар жиналды.
Көріп отырғанымыздай, қалыптасқан ахуал кәсіби тұрғыда  қоғаммен, әсіресе өңірлердегі ауыл тұрғындарымен кеңінен  талқылауды талап етеді. Келешегі бар  немесе келешегі жоқ ауыл деп тану сияқты ауылдың тағдырына қатысты маңызды шешімдер көп жағдайда жергілікті мамандар мен тұрғындардың пікірлерін ескерместен, министрлік кабинеттерінде қабылданады.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың негізгі шарттары

Еліміздің басты игілігі – жер

Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы және жер ресурстарының үлкен қорын қамти алғанда оның табиғи-климаттық жағдайы (ел алқаптарының 74%-ы егіншілікке жарамды), ауыл ша­руа­шылығы өнімдерінің өндірісін бірнеше есе арттыруға және жақын орналасқан ел­дерге  экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Біздің табиғи артықшылықтарымыз:

  • 30 млн дейінгі шартты мал басын бағуға жарамды 180 млн га табиғи жайы­лымдардың болуы (Қытайдан, Аустралиядан, АҚШ-тан, Бразилиядан кейінгі 5-ші орын). Ағымдағы жүктеме – 12 млн шартты мал басы;
  • 10,6 млн га тыңайған жерлерді қоса ал­ғанда 35,4 млн га (әлемде 10-орын) егістіктің болуы. Астық тұқым­дас­тарды қайта шығару, теңізге шығусыз жағдайдың өзінде астықтың орташа жыл сайынғы экспорты 7 млн тонна;
  • 4 млн га егістікті суару үшін су ре­сурстарының болуы;
  • табиғи өткізу нарығының жақын орналасуы: ҚХР, Иран, Ресей, Парсы шығанағы елдері, Өзбекстан, Ауғанстан.
  • Егер статистиканың ресми деректеріне қарасақ, онда ауыл шаруашылығы саласындағы жағдай бізде жаман емес. АӨК-нің жалпы өнімінің көлемі тек 2015 жылы 3 307,0 млрд теңгеден 2018 жы­лы 4 474,1 млрд теңгеге өсті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жал­пы өнді­рісіндегі өсімдік шаруашылығы өнімінің үлесі 54 %, мал шаруашылығы өнімінің жалпы үлесі 46 %-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімі­нің тұрақты өсуі, бірінші кезекте, ин­фляцияның және анағұрлым тиімді ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәндi-бұршақтық, майлы дақылдарын) өсіруге көшудің есебінен қалыптасады.
Ірі қара мал (ІҚМ) басы санының өсуі мардымсыз – 2014 жылы 6 032,7 мың бастан 2019 жылы 7 437,6 мың басқа дейін өсті. Ұсақ қара мал (қой мен ешкі) басының саны 2019 жылдың соңына қарай 19 092,0 мың басты, жылқы саны – 2 825,9 мың басты, құс саны – 45 197,1 мың басты құрады.
Соңғы бес жылда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,4 есеге ұлғайды, АӨК өнімінің жалпы экспорты 2018 жылы 24,5 %-ға артты, оның ішінде қайта өңдеу өнімінің экспорты 3,5 %-ға өсті.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының абсолюттік көрсеткіштері бол­машы дәрежеде өсіп, әлемдік көр­сет­кіштерден айтарлықтай артта қалған.
Сыртқы саудада үлкен мөлшерде диспропорция байқалады. Жыл сайын тауар айналымының теріс теңгерімі тіркеледі – 500 млн АҚШ долларынан – 1 млрд АҚШ долларына дейінгі шамада, яғни елімізге ауыл шаруашылығы өнімі көп әкелініп, аз әкетіледі.
Бұл ретте Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 80%-ы қайта өңделмей шикізат түрінде өткі­зіледі (яғни өте төмен қосылған құн салы­ғымен сатылады).
Мұндай жағдай АӨК-нің барлық сегменттеріне тән. Мысалы, мал шаруа­шы­лығы экспортының негізгі үлесін рентабельділігі төмен және кейіннен қайта өңдеу үшін шикізат ретінде пайдаланылатын тірі мал құрап отыр.
Қазақстандық экспорттың орташа бағасы 1 тоннаға 200 АҚШ долларын құрайды, ал азық-түлік импортының жылдық бағасы 1 000 АҚШ долларынан асады. Ірі қара мал, көкөністі, жеміс-жидектерді, сүт өнімдерін және басқа да ауыл шаруашылығы жануарларын әкелудің есебінен импорт өсіп отыр.

Неге бәрі бұлай?

Сенатта жүргізілген талдау қа­лыптасқан ахуалдың себептері жүйелі сипатқа ие екенін көрсетіп отыр, демек ауыл шаруашылығындағы жағдайды реттеу шаралары да жүйелі болуы керек.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында нарықтық қатынастарға өту, аграрлық экономиканы реформалау және ауыл шаруашылығының жұмыс істеуінің нарықтық моделін қабылдау саланы басқару жүйесінің түбегейлі түрде трансформациялануына, экономиканың аграрлық секторы мен ауылдың әлеуметтік саласын мемлекеттік қолдаудың күрт қысқаруына алып келді.
Ауыл шаруашылығындағы реформалар кезеңінде адам факторы анағұрлым үлкен өзгеріске ұшырады, бұл ауыл шаруашылығы еңбегінің құн­сыздануынан; демографиялық жағ­дайдың нашарлауынан; ауылдағы жұмыс орындары санының қысқа­руы­нан және жұмыспен қамтудың тө­мен­деуінен; еңбектің аграрлық нары­­ғының төмендеуінен және алаң­дау­шылық коэффициентінің артуы­нан; әлеуметтік инфрақұрылым нысан­да­рының, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет­тердің қысқаруынан көрінді.
Тек соңғы бес жылда ауыл шаруа­шылығы саласында жұмыспен қамту, 2015 жылы 1 362,9 мың адамнан 2018 жылы 1 228,2 мың адамға дейін қысқарды.
Сала негізгі кіріс ресурстары – жер мен қаржыға деген қолжетімділік бо­йын­ша кешенді мемлекеттік шешім­дер­дің жоқтығынан дұрыс дами алмай отыр.

Жер және ақша

Ауыл шаруашылығы жерлерін беру­дің қолданыстағы тәртібі жергілікті атқа­рушы органдарға субъективті дәлел­дер мен пікірлердің негізінде шешім қа­былдауға мүмкіндік береді (яғни, билікті теріс пайдалануға және сыбайлас жем­қорлыққа қолайлы орта). Бұл ретте жер заңнамасының тұрақсыздығы тұтас­тай алғанда жерге деген құқықтың сақта­луына кепілдікті қамтамасыз етпейді.
Фермерлер әлі күнге дейін бос жер телімдері, олардың орналасқан жерлері, аумағы, пайдаланылатын жерлердің құрамы, сапалық сипаттамасы туралы ақпаратқа кедергісіз қол жеткізе алмай отыр (бонитет балы, тұздылығы, сумен қамтамасыз етілуі және басқалар). Бұл өз кезегінде билікті теріс пайдалануға зор мүмкіндіктер береді.
Жер төңірегіндегі қулық-сұмдық пен әділетсіздік, әсіресе, ол билік өкілдерінің (немесе оларға жақын құрылымдардың) тарапынан жасалып отырған жағдайда адам­дардың санасында өмірге деген әділет­сіздік сезімін тудырады, әлеуметтік тұрғы­дан наразылықтың өсуіне алып келеді.
Осы жерде не істеу керек екендігі айдан анық. Адалдық пен жүйелілік. Рәсімдердің ашықтығы. Барлық жерде цифрландыруды енгізу. Белгіленген рә­сім­дерді бұзғаны үшін қатаң әрі мін­детті түрде жазалау қажет.

Ақша қайда?

Ауыл шаруашылығын субсидиялау мен АӨК кредиттеуге қатысты көп сұрақ туындайды. Қолжетімді және ұзақмерзімді кредиттердің жоқтығы АӨК өсімін тежеп келеді.
Екінші деңгейлі банктер агроөнер­кәсіптік кешенге кредит беруді жылдан жылға қысқартуда. Соңғы 5 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібін қаржыландыру үлесі орташа есеппен 40%-ға қысқарған. Жылдық 6%-дық мөлшерлеме тым жоғары, бәсекеге сай емес, тіпті өте қымбат қаржыландыру деп айтуға болады.
Шикізаттың басым бөлігі импорттық шикізат екендігін және бағаның халық­аралық биржаларда белгіленетінін ескер­сек, теңге бағамы өзгерген кезде аграр­шыларға қажет айналым қаражатының мөлшері пропорционалды түрде өсіп шыға келеді, сәйкесінше салаға түсетін кредиттік жүктеме де ауырлай түседі.
Соңғы жылдары «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдарының АӨК-ге кредит беруі 2 есеге ұлғайғанымен, әлі де қаражат тапшылығы сезіледі. Бұдан басқа, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның тәжірибесіне талдау жасайтын болсақ (сенаторлар осындай талдау жүргізді), ол даму институтынан шаруаларға қаражатты қайтару үшін ақылға қонымсыз қатаң талаптар қойып отырған кезекті банкке айналғаны көрінеді.
Біздің шығарған қорытындымыз – саланы субсидиялау тетіктері түпкілікті қайта қарауды талап етеді.

Мал шаруашылығы

Парламенттік тыңдауға дайындық барысында біз мал шаруашылығы және ет-сүт кешенінің өкілдерімен бірнеше кездесу өткіздік.
sheep
Ең бірінші және басты проблема: мемлекеттік бағдарламалардың ұзақтығы, айналым қаражатының тапшылығы және кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы ұзақ мерзімді жоспар құруға және инвестиция­лар салуға кедергі келтіріп отыр, ал мемлекет тарапынан саланы жалпы қолдау ДСҰ шеңберіндегі келісімдерде рұқсат берілген деңгейден анағұрлым төмен.
Отандық шикізаттың тапшылығы мен сапасының төмендігі, логистикалық шығындардың жоғарылығы, импорттық қаптама материалдарға, ингредиенттерге, жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектеріне тәуелділік өнім өндірушілер мен өңдеушілерді тығырыққа тіреп отыр.
Реттеуші органдардың әрекеттері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін кедергі келтіретін жағдайлар да орын алып отыр, олар көбінесе игі мақсат көздегенімен, диқандарға залал келтіріп жатады.
Осы жылы мал терісін экспорттауға қойылған бір ғана шектеу елімізде жүздеген тері жинау орталықтарының жабылуына алып келді, мемлекет  экспорттан түсетін қомақты валюталық түсімнен тыс қалды.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің өз шешімдерін, нарықтағы іс-қимылдарды еш талқылаусыз әрі дайындықсыз кенеттен өзгертуге бейім­дігі туралы құс өсірушілер мен өңдеу­шілер де айтқан болатын. Жұмыртқа өнді­руге берілетін субсидияны алып тас­тау, әсіресе, жем-шөпті, жабдықты, асыл тұқымды құсты, дәрумендер мен вакцинаны шетелден валютаға сатып алып отырған көптеген кәсіпорындарды қиын жағдайға душар етті.
ЕАЭО шеңберіндегі әріптестерімізбен қарым-қатынасты жеке тақырып ретінде қарастыруға болады. Өте қарапайым сұрақ: Ресей және Беларусь мемлекеттері өздерінің ауыл шаруашылығы өнімін өнді­рушілеріне неліктен қолдау көрсетеді, ал біздің мемлекет неге қолдау көрсетпейді? Ресей мен Беларусьтің жұмыртқа шығару саласындағы мемлекеттік қолдауы Қазақ­станға қарағанда анағұрлым жоғары. Яғни Еуразиялық Одаққа ортақ нарықтағы бәсекелестік әлдеқашан мемлекеттік субсидиялар бәсекелестігіне айналған.
Осы бағытта – ұлттық өнім өндіруші мен өнімді экспортқа шығарушының мүдделерін қорғау ісінде біз қатаң әрі дәйекті ұстанымда болуға тиіспіз.

Астықтың жағдайы қандай?

Қазақстан өзінің астық өндірісімен дүние жүзіне әйгілі. 2019 жылы астық дақылдарына ар­нал­ған жалпы егіс алаңы ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық егіс алаңының (22,2 млн га) 80 %-дан астамын (немесе 18,3 млн га) құрады.
Бүгінгі таңда астық дақылдарына ар­налған егіс алаңдары құрамының шамамен 82 %-ын (немесе 14,9 млн га) дәнді да­қылдар, 16%-ын (немесе 2,9 млн га) май­лы дақылдар, сондай-ақ 2 %-ын (немесе 470 мың  га) бұршақ дәнді дақылдар алып жатыр.
Өсімдік шаруашылығын әртарап­тан­дыру бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде бидай сияқты негізгі дақылға арналған егіс алаңы соңғы 10 жылдың ішінде 25%-ға – 14,8 млн гектардан 11,4 млн гектарға дейін қысқартылды. Сонымен бір мезгілде майлы дақылдар алаңы 2,5 есеге, сондай-ақ бұршақдәнді дақылдар алаңы 7 еседен астам ұлғая түсті (65 мың гектардан 470 мың гектарға дейін).
Сонымен қатар өндірілетін астықтың сапасы 10 жыл бұрын болған сапамен салыстырғанда біршама төмен. Егер 2011 жылы жиналған астықтың 88%-ы 3-сыныпқа жатқызылған болса, қазір ондай астықтың үлесі 40-45%-дан аспайды, яғни сапасы 2 есе төмендеген.
Агротехникалық іс-шараларды дұ­рыс жүргізбеу, ауыспалы егістің оң­тай­лылығын сақтамау, минералды тыңайт­қыштарды қолданудан бас тарту, өсім­діктерді қорғауға арналған химиялық зат­тарды және топырақты механикалық өңдеу­дің қарқынды түрлерін сауатсыз пай­далану және тағы басқа көптеген ау­мақ­тарда жердің құнарлылығын күрт тө­мендетіп, оның азып-тозуына алып келді.

Ветеринариялық қадағалау

Әрине отандық АӨК-тің барлық мәсе­лелерін бір мақала аясында қам­ти алмаймыз. Алайда бұл саланың бірнеше негізгі бағыттары бар, олардың жай-күйімен жекелеген өндірістік сегменттердің ғана емес, тұтастай алғанда отандық ауыл шаруашылығының жағдайы мен перспективасы тығыз байланысты.
Оларға ветеринариялық көмек пен осы ғылымның жай-күйі жатады.
Ветеринария қазіргі заманғы мал шаруашылығының өзегі болып табылады. Мал дәрігерлік көмектің сапасы жоғары болмайынша, экспорт та, ішкі нарықтың өніммен қамтамасыз етілуі де болмайды. Бұл айдан анық мәселе, алайда мемлекеттік бағдарламаларда малды немесе жем-шөпті сатып алуға үнемі қаражат бөлінеді, ал ветеринарияны дамыту ісі тыс қала береді. Неліктен бұл салаға қаржы көзделмеген?
Қазіргі кезде Қазақстан Респуб­лика­сының заңнамасында ауыл шаруашылығы жануарларын тиісінше сою талаптарының сақталуы үшін бақылау, қадағалау, сондай-ақ әкімшілік жауаптылық көзделген. Бұдан басқа, «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес экспорттаушыларды (импорттаушыларды) қоса алғанда, жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүргізілуі міндетті.
Алайда ветеринарияда жүргізілген көптеген реформа осы салаға бақылауды едәуір әлсіретіп жіберді. Жануарлар арасындағы қауіпті аурулардың жиілеп кетуі осыған дәлел. Бұл орайда теріс құбылыстардың орын алуына отандық мал дәрігерлерінің құрамы әсер етіп отырғаны жасырын емес. Өңірлерде білікті мамандар жетіспейді.
Соған қарамастан, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және өндірушілер арасында бір-бірімен байланысты ветеринарлық бақылау функциялары үш бөлікке бөлінген. Ол қадағалау мен бақылаудың тиім­ділігін арттыра ма? Ауылдан кел­ген көптеген хаттарға және жер-жер­лердегі кездесулерге қарағанда бірлес­кен үйлесімді тетіктің болмауынан вете­ринарлық қадағалау өкілеттіктерін жамылған, малшыларды тонайтын, алдайтын алаяқтарға жол ашылып отыр.
Ветеринарияның қазіргі жай-күйі бұл саладағы жалпы жағдайды көрсетеді. Бұл саладағы қалыптасқан жүйені өзгерт­пейінше ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес. Біз онсыз да көп уақыты­мызды жоғалтып алдық.

Азық-түлік қауіп­сіз­дігімізді қамтамасыз ете аламыз ба?

Кез келген мемлекет үшін ауыл ша­руа­шы­лығы стратегиялық маңызы бар сала болып табылады. Мемлекеттің азық-түлік қауіпсізідігі ауыл шаруашылығы секторын дамыту сапасы мен деңгейіне тәуелді.
Республикада ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында осы саланы дамытудың үш бірдей бағдарламасы қабылданды: «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы, «Қазақстан Рес­пуб­ликасында агроөнеркәсіптік кешен­ді дамыту жөніндегі 2010-2014 жыл­дарға арналған бағдарлама» және қол­даныстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».
Осы уақыт ішінде АӨК салаларын субсидиялауға шамамен 2 трлн теңге жұмсалды. Бұдан басқа, ұлттық және салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде инвестициялық белсенділік, аграрлық сектордың келешегі бар салаларын дамыту біршама ынталандырылуда.
Бағдарлама көп, бірақ олар жұмыс жасап жатқан жоқ, қазіргідей мемлекеттік субсидиялау жағдайында қоғамның лайықты қайтарым күтуі орынды.
Бағдарламаларды іске асыру кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияларды төменгі салалар арасында бірінен алып біріне беріп, басымдықтарды жиі ауыстырды.
Аса қуатты мемлекеттік қолдауға және инвестициялар тартылғанына қарамастан бүгінгі таңда Қазақстанның агро­өнеркәсіптік кешені жеткілікті қар­қынмен дамымай келеді. Елі­міз­дің ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруа­шылығының үлесі небәрі 4,4 пайызды ғана құрайды, яғни 13 пайызға қысқарды және соңғы он жылда 5 пайыздан аспай отыр. Экспорттың жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығы экспортының үлесі де көп емес, соңғы үш жылдағы көрсеткіш орташа есеппен 4 пайыз ғана.
Статистикалық есептердің әділдігі мен нақтылығы – өз алдына жеке мәселе. Егер экономикалық нәтижеге қол жеткізіп, инвестицияны қайтарғың келсе, біздің статистикаға сеніп қалуға болмайтынын жермен жұмыс жасап жүрген шаруалар бұрыннан-ақ жақсы біледі. Бұл – мүмкін емес. Әкімдіктер орталық органдарға жалған ақпарат береді, соған қарап республикалық органдар нысаналы бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет жобаларына АӨК-тегі жағдай бойынша сенімсіз есеп-қисапты қосады. Мұндай тұйықталған шеңберді бұзу керек. Ауыл шаруашылығына аудит жүргізіп, ақпаратты бұрмалауға және қосып жазуға жол берген статистика үшін жауапкершілікке тарту қажет.
Қазір біз 5 жылдың ішінде агроөнер­кәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөнінде міндет қойдық.
Бірақ біз өзімізге қажет деңгейде жұмыс істемейтін бағдарлама шын­дыққа сәйкес келмейтін (яғни жалған жазбадан тұратын) статистикалық есептілік негізінде жұмыс жасасақ, бұл мақсатқа қол жеткізе аламыз ба?

Мәселені шешу жолдары қандай?

«Қазақстан Республикасының агро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Агробизнес-2020» бағдарламасының жүзеге асу нәтижелері АӨК-ні дамыту бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Өйткені салада өндірістің құлдырауы мен тоқы­рауы анық байқалады, қолда бар ре­сурстар тиімді жұмсалмайды, ал көп­теген шешім экономикалық тұрғыда негізделмеген.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеудің стратегиялық міндеті елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін, ауылшаруашылық шикізаты мен азық-түліктің экспортын арттыратын тиім­­ді және бәсекеге қабілетті ауыл ша­руа­­шылығы өндірісін қалыптастыру болуы тиіс.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуды қамтамасыз ету мақсатында өндірістік, қаржылық, инвестициялық қызметті ынталандыру және нарықты бәсекеге қабілетті  өнімдермен толықтыру мақсатында тауар өндірушілердің дамуына әсер ететін өзара шартты нысандар мен әдістердің жүйесін қамтитын мемлекеттік реттеудің тиімді экономикалық тетігін әзірлеудің қажеттігі туындады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы негізгі басымдық болашақта экспорт нарығына  шыға отырып имортты алмас­тыру болуы тиіс.
Сенаторлар осы өткен тыңдаумен шек­теліп қалмайды – ауылшаруашылық тақырыбы алдағы уақытта да Пар­ламент­тің Жоғарғы палатасының ерекше назарында болады.
Парламент Сенатының жанынан АӨК бойынша мамандандырылған Кеңес құ­рылады, ол консультативтік-кеңестік орган қызметін атқарады. Кеңеске еліміздің ауыл шаруашылығы проблемаларының барлық мәселелері бойынша өте ауқымды кәсіби диалогты қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.
Саланың жағдайына терең ғы­лы­ми-зерттеу жүргізу қажет. Ол ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерге ке­шенді диагностика жасау, ресурс­тарды – кадрларды, құдықтар мен ұңғымаларды, техникаларды түгендеу, сақтау және өт­кізу инфрақұрылымы. Алдыңғы жыл­дар­дағы жіберілген кем­шіліктерді анық­тау. Статистикалық есептіліктің әдіс­те­месін толығымен қайта қарау. Бағдар­лама дұрыс мәліметтерді негізге алуы тиіс. Мұндай зерттеулер тұрақты түрде жүргізіліп, мемлекет тарапынан қаржы­лан­дырылуы керек.Басымдықтары мен мемлекеттік қолдау тетіктері нақты белгіленген, қажетті қаржы ресурстарымен қамта­масыз етілген ұзақ мерзімді тұрақты мем­ле­кет­тік бағдарламаны әзірлеу. Мұндай құ­жат мемлекет қаржыландыратын бар­лық бағдарламалар жазылған заңның мәр­тебесіне ие болуы тиіс. Ол – ережелері екі­ұшты мазмұнда түсіндірілмейтін, егжей-тегжейлі нақтыланған, анық ұғым­дар­ды қамтитын заң. Бұл субсидия­лар беру процесін барынша ашық және айқын етеді.
Мысалы, АҚШ-та мұндай заңды Кон­гресс әр бес жыл сайын қабылдайды!

Даму бағдарламалары өңірдің ерек­шелігіне, оларға қажет мамандармен бай­ланыстырылған болуы керек

Мұндай заңның табысты болуының кепілдемесі – аграрлық саланың мемлекет қаржыландыратын ғалымдармен тығыз ынтымақтастық жасауы және жаңа технологияларды ендіруі болып табылады. Ғылымға қолдау көрсету және жаңа технологияларды ендіру мемлекеттің бас­ты басымдықтарының бірі болуға тиіс. Субсидиялар уақыт талаптарымен байланыстырылуы керек.
Негізгі ресурс – Жерге қол жет­кі­зуді оңайлату жөнінде кешенді мемле­кеттік шаралар қабылдау.
Ауыл шаруашылығы саласын рет­тейтін көптеген заңға тиімді мониторинг жүргізу және бақылау жасау қа­жет. Іс жүзінде жайылымдар туралы, кооперация туралы заңдар және пайдала­нылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою туралы заң нормалары жұмыс істемейді. Біздің алды­мызда осының себептерін анықтау жә­не қажетті түзетулер енгізу міндеті тұр. Мәслихаттар жергілікті жерлерден ұсы­ныстар жинауды ұйымдастырады деген ойдамыз.
Біз заңнамалық тұрғыда фермердің өз пайларымен кооперациядан тез шығуына мүмкіндік беруге тиістіміз.
Елдің барлық өңірлері бойынша мо­ни­торингті дұрыстау керек, жер қоры­на беру үшін пайдаланылмай жатқан жә­не есеп­ке алынбаған жерлерді анықтау қа­­жет.
Барлық деректер цифрландырылып, электронды форматқа көшірілуі және жария­лануы тиіс.
Барлық қолданыстағы инспекцияларға (жер, орман, ветеринариялық, эколо­гия­лық, балық, және т.б.) талдау жасалуы және оларды қайта құру, реформалау жө­нін­дегі шаралар қабылдануы қажет. Олар­дың көпшілігі тиімсіз және ресми түрде жұмыс істейді.
Мемлекеттік инспекцияларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ете отырып, оларды едәуір нығайту қажет деп санай­мын.
Басқа елдердің үлгісі бойынша осы инспекциялардың барлығын біріктіретін (мысалы, Ресей Федерациясында – Рос­при­род­надзор) жеке тәуелсіз құрылым құ­ру туралы мәселе зерделеуді талап етеді.
Жер учаскелері туралы барлық де­ректерді қамтитын Электронды жер кадастрын ендіруді жеделдету керек.
Сенат депутаттары осы мәселені ше­шу үшін қолданыстағы заңнамаға түзе­тулер мен өзгерістер топтамасын енгізуге бастама көтереді.
Өңірлер бөлінісінде жерлерді нақты айқындай отырып, суармалы жерлерді кеңейту бағдарламасын ерекше бақылауға алу керек. Су шаруашылығы, сумен қам­тамасыз ету мәселелері Аймақтарды да­мы­ту бағдарламасының маңызды бөлігі болуы тиіс. Су объектілерін реттеу, ор­талық және жергілікті атқарушы орган­дар­дың арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелері шешуді талап етеді.
Жерді жалға алу құқығы нарықтық қатынастардың толық нысанына айналуы тиіс. Қаржыға, ұзақ мерзімді және арзан кредиттік ресурстарға қол жеткізу бойынша кешенді мемлекеттік шешім қабылдау. Әртүрлі қаржы институттарын тарта отырып, ауыл шаруашылығын қаржы­ландырудың тәсілдері мен тетіктерін қайта қарау қажет деп есептейміз. Жеңілдікпен несиелен, ең алдымен, техниканы жаңартуға, жердің құнар­лы­­лығын арттыруға, заманауи ирри­га­ция­лық жүйелерге, заманауи агро­техни­калық жабдықтарды өндіруге және ауыл шаруашылығы машина­ларын жасауға бағытталуы тиіс.
Са­ланы авто­мат­тандыруға және компьютер­ленді­руге, логистиканы, өнімді жинау, сақтау мен өткізу инфрақұрылымын дамы­туға, отандық вакциналар мен дәрі­лерді шы­ға­ру­ды дамытуға, биокомбинат­тарды салуға бағытталуы керек. Биопре­парат­тарды сатып алу жүйесі жаңа тәсілдерге көшуді талап етеді.
Машина мен жабдық жинау және өндірісті толық оқшаулаудың арасындағы кезеңнің уақытын шектеу қажет. Субсидиялау қағидалары жиі өзгер­тіледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік пала­тасының ақпараты бойынша субсидия­лау қағидалары соңғы 5 жылда 47 рет өзгерген. Субсидиялар уақтылы төлен­бейді. Олар өндірістің тиімділік көрсет­кіштерін ескермей бөлінеді. Субси­дия­ларды беру механизмі айқын емес. Субсидия берудің құқықтық негізі заңда нақты жазылуы тиіс. Осындай маңызды мәселені заң актілері деңгейінде реттеу қателік болды. Осы қателігіміз біз үшін тым қымбатқа түсіп тұр. Суб­сидияларға салық салынбауы керек.
Кредиттер де, субсидиялар да қазіргі заманғы стандарттарға жауап беретін өңдеуші кәсіпорындардың толыққанды жұ­мыс істеуін ынталандыруы тиіс. Сон­дай-ақ ғаламторға қолжетімділігі бар бол­са, өндірісті цифрландыруға көшкен ша­ру­а­шылықтар мен кәсіпорындарға ғана бөлінуі керек.
Әлем нарықтарындағы ауыл шаруа­шы­лығындағы бәсекелестік іс жүзінде «суб­сидиялар қақтығысын» білдіреді. Сон­дықтан субсидияларды көбейте түсу қажет.
Қазақстандықтар – біздің баға жет­пес ұлттық байлығымыз. Агро­өнер­кәсіптік кешендегі кадр тапшылығы туралы бізге жер-жерде айтылып жүр. Егер білімді, кәсіби даярлығы мықты жастар өз болашағын ауылмен байланыстырса, ауылдағы өмірдің деңгейі мен сапасы айтарлықтай жақсарған болар еді. Біз жұмысшы мамандықтарының мәртебесін бұрын-соңды болмаған деңгейге көте­руіміз керек. Агрономдардың, зоотех­ник­тердің, ветеринарлардың, маши­нис­тердің, механизаторлардың, электр маман­дарының, токарьлардың жаңа легі келмейінше, біз аграрлық саланы дамыта алмаймыз.
Бейінді институттардың және кол­ледждердің негізінде ауылдағы мамандар мен фермерлер үшін тұрақты біліктілікті арттыру курстары қажет.
Субсидиялардың берілуін фермер­лердің құзыреттілік деңгейімен, олардың мамандарды тарта білуімен, оларды тұрақты оқытумен байланыстыру кадр­лар дайындау саласын сапалық жағынан жандандыруға септігін тигізеді.
Үздік тәжірибемен бөлісу бойынша салалық орталықтарды құру жөніндегі ұсынысты біз қолдаймыз. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы ауыл шаруашылығына арналған кәсіп­тер­дің тізбесін кеңейтуге тиіс. Бұл бағдар­лама бойынша кемінде 300 маман даярлау қажет.
Аграрлық ЖОО-лар мен колледждер заманауи материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтауды қажет етеді. Мамандарды тиімді даярлау үшін оларға бірігу керек, теориялық сабақтардан гөрі практикалық сабақтардың көбі­рек болуы үшін өз жер телімдері мен ша­руа­шылықтары болуы қажет. Субсидиялар кәсіпкерлерді кадрлар  даярлауға белсенді жәрдемдесуге де ынталандыруға тиіс. Өңір экономикасының қажеттіліктері үшін әкімдіктер жанында кадрларды мақ­сатты даярлау мәселелерін мониторинг­теу және реттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссиялар болуы міндетті.
Өнім өткізетін тұрақты нарықты, ойластырылған мемлекеттік сауда сая­сатын, биржалық сауданы дамытпай аграрлық сектордың орнықты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Жыл сайын бізде ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қымбаттауы мәселесі көтеріледі. Бұл экспортты шек­теуге, тұрақтандыру қорларына және өн­дірушілердің апта сайынғы жәрмең­ке­леріне қарамастан орын алып отыр.
Ауыл шаруашылығында көбіне ұсақ тауар өндірілетінін ескеретін болсақ, өнімдерді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін қойма инфрақұрылымын құруға қаражат қажет. Сонда фермерлер өнім бағасының арзандауына алып келетін қайта өңдеу қажеттігінен қауіптенбейтін болады және біртіндеп өндіріс көлемін ұлғайтады.
Бағаны реттеу тек әлеуметтік маңы­зы бар азық-түліктерге қатысты болуы тиіс. Басқа азық-түліктер бойынша мұн­дай практикадан сауда және импорт сала­сындағы неғұрлым ұтымды саясат есебі­нен біртіндеп бас тарту қажет.
Өндірушілер мен тұтынушылар ара­сындағы делдалдардың санын қысқарту бо­йынша шаралар қабылдауға тиіспіз. Бақылауды күшейту және логистикалық ин­фрақұрылымды дамыту арқылы өнді­ру­шіге тауарды дүкенге дейін ең қысқа жол­мен жеткізуге мүмкіндік туғызу керек.
Еуразиялық тауар биржасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің  мол ассор­тиментін сату мүмкіндігінің болуына қарамастан, көптеген мәміле биржадан тыс өтіп жатыр. Мәмілелердің жариялылығын артты­ру және ұсынымды ұлғайту есебінен не­ғұрлым объективті баға белгілеу процесін дамыту мақсатында тауар өндірушілердің биржаға шығуын ынталандыру шараларын дайындау қажет.
Экспорттық әлеуетті арттыру үшін бізге шетелдерде және бірінші кезекте Қытай мен Ресейде кәсіби сауда өкілдіктері қажет. ҚХР-мен еркін сау­да туралы шарт жасасу, экспортты мем­ле­кеттік қолдау тетіктерін әзірлеу керек.

Ішкі нарықты қорғау

Іс жүзінде барлық елдер өз тауар өндірушілерін қорғау үшін ауыл ша­руа­шылығы өнімдерінің импортына шектеу қою механизмдерін қолданады. Біздің экспорттаушыларымыз бұл практикамен жақсы таныс. ДСҰ-ның ережелеріне қайшы келмейтін барлық ықтимал тетіктерді, оның ішінде тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын пайдалану керек. Ішкі өндірушілер тәртібі және ішкі нарыққа сапасыз тауарлардың енуіне бөгет болатын тауардың сапасына қатысты тосқауылдарға ерекше назар аудару керек. Халықаралық талаптарға сай келетін Өсімдіктер мен жануарлар саулығының стандарттарын бекітетін, олардың сақталуына қатаң бақылау қоятын уақыт жетті. Бұл біздің тауарларымызды бәсекеге қабілетті етеді. Осы мақсаттарда Мемлекеттік бағдарлама фермерлерді қолдайтын ауқымы кең шараларды қарастыруы тиіс.

Жергілікті өзін өзі басқару

Ауылдық жерлердегі өмір сүру сапасын арттыру мәселесі  жергілікті өзін өзі басқару базасында тиімді шешілетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Ауылдық елді мекендердің жұмыс істеуінің жаңа қаржы-экономикалық үлгісі қажет. Өмір сүру сапасы таза ауыз суға, жақсы жолдарға, мектептерге, ауруханаларға, мәдениет және спорт нысандарына қолжетімділікке байланысты. Төртінші деңгейдегі бюджеттің табыс бөлігін арттыру, әкімшілендіру жүйесін жетілдіру, басқарудың қыр-сырына үйрету – осы бағыттағы қажетті қадамдар.
Ауыл шаруашылығындағы басқару мен әкімшілендіру жүйесін тұтастай қайта қарау қажет. Баға индикаторларын түбірімен өзгерту керек. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау. Тек жоғарыда айтылған барлық шара­ларды бекіткеннен кейін саланы мемлекеттік қолдауды күшейту мәселесін қоюға болады.
ДСҰ шеңберінде Қазақстан саланы мемлекеттік қолдау деңгейін ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін жеткізе алады, бірақ қазіргі таңда 5 пайызын ғана пайдаланып отыр. Біздің ЕАЭО бойынша серіктестерімізде ол 10-15 пайызға жеткен (Ресей, Беларусь). Оны ұсыну тетіктері объективті, ынталандырушы, нәтижеге жұмыс істейтін және бақылауда болуы тиіс.

Қорыта келгенде не түйдік?

Ауыл шаруашылығы – тек қана бизнес емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүрімізді, өмір сүру салтымыз бен мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір көзі. Сондықтан біз барлық шешімдерді мұқият саралауға әрі терең ой елегінен өткізуге тиіспіз.

Қазақстан – біздің туған жеріміз. Баршамыз ол үшін ата-бабамыздың және балаларымыздың алдында жауаптымыз.

Біздің ата кәсібіміз – ауыл шаруашылығына өзгерістер қажет. Халқымыз сол оң өзгерістерді күтіп отыр.

Баян Бақкелді