Биыл да коронавирус пандемиясы жұмыссыздық деңгейіне әсер етеді. Егер эпидемиологиялық жағдай ушығатын болса елімізде 165 мың азамат жұмыссыз қалуы мүмкін Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті…
Биыл да коронавирус пандемиясы жұмыссыздық деңгейіне әсер етеді. Егер эпидемиологиялық жағдай ушығатын болса елімізде 165 мың азамат жұмыссыз қалуы мүмкін
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Дәулет Арғындықов бірінші жартыжылдықта қанша қазақстандық қандай себептермен жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтты.
«Қазіргі таңда біздің бағалауымыз бойынша 8,7 миллион адамның 4,1 миллионы өз орнында қалады. Бұл – өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін секторлар мен жұмыс түрлері, яғни тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысшылары, дәрігерлер, өндірістік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы. 2,5 миллионға жуық азамат қашықтан жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. Олар – білім саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, кеңсе қызметкерлері және тағы басқа», – деді ол.
Айтуынша, 2 миллион адам тәуекел аймағына кіреді, бірақ бәрі нақты жағдайға байланысты. Бұл, ең алдымен, қызмет көрсету, сауда, көлік салаларының жұмысшылары.
«Біздің бағалауымыз бойынша толық шектеу шаралары енгізілген жағдайда 165 мың адам жұмысынан айырылуы мүмкін», – деп ескертті Арғындықов.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросының (бұдан әрі – ҰСБ) деректері бойынша 2020 жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі 0,1 п.т. артып, 4,9%-ды құрады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (бұдан әрі – ЕРДО) сарапшылары басқа елдердегі осы көрсеткішті талдап, Қазақстанда ол әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі деген қорытындыға келді.
Мәселен, АҚШ – та жұмыссыздық деңгейі соңғы жылы 4,4 п.т.–ға 8,1%-ға дейін, Канадада-9,6%-ға дейін (+3,9 п. т.), Испанияда-15,5% — ға дейін (+1,4 п.т.) өсті. «ТМД-ның басқа елдерін қарастыратын болсақ, оларда жұмыссыздық деңгейінің жылдық «секіруі» байқалатынын атап өтуге болады, мысалы, Арменияда (+4 п.т.), Әзірбайжанда (+2,3 п.т.), Украинада (+1,7 п.т.), Өзбекстанда (+1,6 п.т.)», – деп хабарлады ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаменті директорының орынбасары Әлихан Қарабаев. Оның сөзінше, Қазақстанда жұмыссыздар санының күрт өсуінің болмауына байланысты жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай өскен жоқ – 2020 жылдың қорытындысы бойынша олар тек 8,2 мың адамға көбейді.
Бір жыл ішінде жұмыссыздар санының барынша ұлғаюы орта жастағы (35-44 жас) адамдар арасында 103,8 мың адамнан 109,4 мың адамға дейін, сондай-ақ зейнеткерлік жас алдындағы (55-64 жас) адамдар арасында 49,5 мыңнан 54,9 мыңға дейін байқалды. Бұл ретте 29-34 жас аралығындағы жұмыссыздардың 4,2 мың адамға қысқарғанын атап өту қажет.
Сондай-ақ, жұмыссыздар санының өсуіне карантин кезеңінде жұмыспен қамтылған халықтың бір бөлігінің кәсіпорынның қызметін тоқтата тұру немесе жұмыс берушінің бастамасы бойынша уақытша жұмыспен қамтылмаған деген санатқа ауысуы әсер етті. Яғни, ТЖ кезінде жұмыс істемеуге мәжбүр болған адамдар жұмыссыз емес, жұмыспен қамтылған халықтың құрамында уақытша жұмыспен қамтылмаған болып саналды. Олардың саны 2,3 есеге өсті, 2019 жылғы 129,1 мыңнан 2020 жылы 300,9 мың адамға дейін, өз кезегінде уақытша жұмыспен қамтылмағандардың жылдық ағынының шамамен 60%-ын вахталық әдіспен жұмыс істейтін еңбекшілер, 11%-ын жұмыс берушілері жыл сайынғы еңбек демалыстарына (оның ішінде карантин кезінде) жіберген қызметкерлер құрады. «Жұмыс күшінің негізгі өзгерісі өзін – өзі жұмыспен қамтыған халықтың санының 0,6%-ға – 2019 жылғы 8,78 млн-нан 2020 жылы 8,73 млн-ға дейін төмендеуі есебінен жұмыспен қамтылғандар санының азаюынан туындады, мәселен, бір жыл ішінде олардың саны 2,6% — ға азайды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың құрылымында жылдық мәнде нәтижелі жұмыспен қамтылғандар санының 3,4%-ға қысқарғаны байқалды, ал нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 5,8%-ға өсті», – деп хабарлады сарапшы.
Бұдан басқа, ҰСБ деректері бойынша, экономиканың қалпына келуі аясында 2020 жылдың соңына қарай жалдамалы жұмыскерлердің саны жылдық мәнде 6,69 млн адамға дейін – 2019 жылмен салыстырғанда 5 мың адамға артық өсті. Экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде 2019 жылмен салыстырғанда өзге де қызметтерде, жылжымайтын мүлікпен орындалатын операцияларда, сондай-ақ денсаулық сақтауда жұмыспен қамтылғандар санының өсуі байқалды. «Денсаулық сақтау саласындағы жұмыспен қамтудың артуы пациенттердің көбін емдеу қажеттілігімен түсіндіріледі. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік операциялары саласында нарық өсуде, тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы аударымдарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің пайда болуы нәтижесінде риэлторлардың саны өсуде. Басқа да жеке қызметтерді, атап айтқанда сұлулық салондары қызметтерін ұсыну саласындағы қызметкерлердің өсуі карантиннен кейін оларға деген сұраныстың өсуі аясында заңды», – деп түйіндеді Әлихан Қарабаев.
Жалпы, 2020 жылы дағдарыстың еңбек нарығына әсерін асыра бағалау қиын. Осылайша, шектеу шараларына байланысты көлемдер мен өндірістің төмендеуі байқалған салалар да жұмыспен қамтылғандар санын қысқартуға мәжбүр болды. Ең үлкен құлдырау көлік, өнер және ойын-сауық, әкімшілік және көмекші қызмет көрсету салаларында, сондай-ақ тұру және тамақтану саласында байқалды.
Жұмыссыздық деңгейінің артуы, өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына әсер етуде. Ресми статистикаға сәйкес, биыл елімізде кедейлер саны артты.
2020 жылдың төртінші тоқсанында кірісі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың саны 12%-ға артып, 140,6 мыңға жетті. Аталған шаңырақтарда 858,5 адам өмір сүреді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 20,1% жоғары, деп хабарлады finprom.kz.
Салыстырып көрелік. 2019 жылдың сәйкес кезеңінде мұндай табысы төмен 125,5 мың отбасы тіркелген еді (+10,2%). Соңғы жылдары көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Себебі кедейлік шегіне жеткен 4,6 мың отбасының айлық кірісі азық-түлік себетінің құнына да жетпейді. Жағымсыз көрсеткіш бір жылда 49,5% өскен. Ал, бұл отбасыларда 28 мың адам бар (бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 84,2% жоғары). Аймақтар бойынша кірісі күнкөріс деңгейінен төмен шаңырақтардың 19,9%-ы Түркістан облысында тұрады. Яғни, 27,9 мың отбасы. Өңірде жағымды өзгеріс байқалады, себебі табысы төмен отбасылардың саны 12,2%-ға қысқарған. Алайда кедейлік шегінен төмен өмір сүретін халықтың ең көп үлесі де осы аймақта тіркелді – 10,3%. Бұл ретте орташа республикалық көрсеткіш 4,6%-ды құрады (бір жыл бұрын – 3,8%). Оған қоса аутсайдерлердің алғашқы үштігіне Алматы (15,5 мың отбасы, 2019 жылға қарағанда 2,8 есе көп) және Шығыс Қазақстан облысы (11,6 мың отбасы, 2019 жылға қарағанда 2,2% төмен) кірді. Қарастырылып отырған кезеңде жан басына шаққандағы орташа өмір сүру көрсеткіші – 34 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары. Сонымен бірге, тұтыну үшін пайдаланылған кіріс 65,6 мың теңгені құрап, бір жыл ішінде 8,4%-ға өсті. Ескеретін бір жайт – кірісі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігінде 5 немесе одан көп адамнан тұрады. Мәселен, 2020 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша 768,9 мың адам 5 және одан көп мүшесі бар, 53,3 мың адам – 4 мүшесі бар, 30,8 мың адам – 3 мүшесі бар отбасыларда өмір сүреді.
Елде табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың саны өсіп жатқанда, Қазақстан ең бай адамдар санының артуы бойынша әлемдегі ТОП-10 елдердің қатарына да кірді. Сонымен, Statista.com сайтының хабарлауынша, әлемде коронавирустық пандемияға қарамастан бай адамдардың саны артты. Мәселен, «қалтасының қалыңдығы» 30 млн АҚШ доллары және одан жоғары адамдар саны соңғы бір жылда 2,4%-ға өсіп, қазір 520 мыңнан астам адамды құрады. 2025 жылға қарай олардың саны тағы 27% өседі деп күтілуде. Қазақстанда ең бай адамдардың саны 33%-ға өседі деп болжануда.
Осындай кереғар арифметика…
Денсаулық жағдайымен жұмыстан қол үзіп қалған, вирустың кесірінен кәсібінің нәсібін көре алмай отырғандардың күні не болмақ? Басқа түскенін көріп келеді бұқара.
Не де болса, болашақты уақыт көрсетер.