Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегері Сәбит Аймұханұлы Досанов порталымызға қаңтар оқиғасы туралы, билік пен шығармашылық…
Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегері Сәбит Аймұханұлы Досанов порталымызға қаңтар оқиғасы туралы, билік пен шығармашылық интеллигенция байланысы, ұлт болашағы мен жастардың тәрбиесі туралы сұхбат берді. Назарларыңызға ұсынамыз.
— Сәбит Аймұханұлы, біз Сізбен мәңгілік құндылықтар: өнер, шығармашылық, драматургия жөнінде әңгімелесу үшін кездескіміз келді. Бірақ, сөз басында қаңтардағы жүрек қарытқан қорқынышты жағдайлар жайлы ойыңызды сұрай кетсем деймін. Ел тарихындағы ең қайғылы сәттердің бірін елеусіз қалдыра алмаймыз, әрине. Сіз өз шығармаларыңызда халқымыздың рухын, бітім-болмысын шебер сипаттайсыз, бұл күндері елімізге, халқымызға не болды, жазықсыз жандардың мезгілсіз қазасына себеп болған не нәрсе деп ойлайсыз?
— Қаңтар оқиғасы — еліміздің тарихында мәңгі қалатын қара таңба, қара жол. Сол қара жолдан дара жолға ептеп шығып келе жатқандаймыз. Бұл — бүкілхалықтық трагедия, мемлекеттің трагедиясы. Бейбіт шеруге шыққан ұл-қыздарымыздың заңды әрекеттерін лаңкестер, шетелдік жымысқы топтар пайдаланып кетті, содан оқ атылды, әркімнің жадында жатталар трагедияға ұласып кетті. Сөзбен айту оңай, бірақ шындығында ешқандай сөзге сыймайтын қайғы болды бұл. Қасқырлар жарасын жалап жазады екен, сол ұқсап, біз де көк бөрідей жарамызды жалап жазамыз, басқа амал жоқ. Бейбіт өмірдің әр күнін, әр сәтін бағалау керегін тағы еске салған оқиғалар болды. Тәуелсіздік ұғымының қаншалықты қымбат, нәзік екенін де мықтап түйдік деп ойлаймын. Есті адамның бәріне әсер етті бұл оқиға.
Маған да үлкен ой салып, «Қасіретті, қаралы қаңтар» деген пьесса бастадым. Құдай қаласа, жазып бітемін жақында.
Бұл жағдайда бізді құтқарып тұрған екі жағдай бар. Біріншісі, қазақтың ұйымшылдығы, төзімділігі, толеранттығы. Екіншісі — көш бастаған көсеміміздің салмақты, парасатты саясаткерлігі. Бұл күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің көрегендігі, жедел іс-қимылы халыққа күш беріп, сенім ұялатқаны көңілге медет болды. Соның арқасында әйтеуір арты қайырлы болды, болады да деп сенемін. Біздің халық не көрмеді? Бұл күндер де артта қалар, жара жазылар, бірақ бәрімізге үлкен сабақ болғаны анық.
— Мұндай оқиғалардың орын алуына дүниеқоңыздық, рухани құндылықтарды ұмытып, материалды байлыққа ғана ұмтылу, тойымсыздық себеп болды ма? Жұрт бұрынғыдай көп оқымайды, әсіресе классикалық шығармалар сөрелерде шаң басып тұр, театрға баруды қойдық, бәрінің орнын интернет басты… Білім, өнер, дамуға көңіл бөлінбей, дүние соңынан қуғанымыздың кесірі ме бұл? Жастардың бойындағы мәдениет, сұлулыққа құштарлық, білімпаздық, еңбекқорлық жойылып бара ма? Мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін не істемек керек?
— Өткеннің ащы сабағынан қорытынды шығаруымыз керек. Бірлігімізді, татулығымызды күшейтіп, еңбекқорлығымызды арттыру керек. Қазақ мықты халық, қанатты, талантты, рухты! Бірақ, бізді артқа тартатын төрт кесел бар. Қызғаншақтық, күншілдік, жершілдік, рушылдық деген. Қазақты тұлпар десек, сол тұлпарды тұсап тұрған осы кеселдерді жеңсек, ұлтымыз дүниежүзілік бәйгелерде жеңіп, үнемі алда жүреді. Қазақтың ғасыры туды, аңсаған азаттыққа отыз жыл туды, отызда жөні түзу жігіт орда бұзады. Мемлекетіміз орда бұзуға әбден лайық. Президент Тоқаевтің жасап жатқан реформалары ойға қонады, соларды сәтті орындауға әрқайсымыз көмектесуіміз қажет. Бірлік керек, бірлік болмай тірлік болмайды. Биліктен ғана жақсылық күтпей, төменнен ұсыныстар беру керек, «бір ақыл жақсы, екі ақыл бекем болады» деген бар. Ханда қырық кісінің ақылы болса, халықта мың кісінің ақылы бар, халықтан данышпан ешкім жоқ. Әрине, тәрбиеге де көңіл бөлу керек. Тәрбие басы — талбесік, әр адам өзотбасында дұрыс тәрбие алса, оны ұрпағына берсе, табиғат балансын бұзбайды деп ойлаймын.
— Бұл күндері ел билігі туралы да көп сөз болып жатыр. 12 қаңтарда қазақтың дара ұлдарының бірі, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтің 110-жылдығы өтті. Көпшілік әлеуметтік желіде Димаш атамыздың игі істері, еткен еңбегі туралы естеліктермен бөлісіп жатты. Сіз Димаш Ахметұлымен кездесіп, пікірлескен жансыз. Сол кездесулер туралы айтып беріңізші? Сіздіңше, Қонаевтің феномені неде? Осы уақытқа дейін қадірлі, сыйлы болуының себебі не деп ойлайсыз? Жаңа заманның басшыларына үлгі болар қандай қасиеттерін атар едіңіз?
— Мен пысық болдым, пысық дегенім жұмсартып айтқаным. Орысшасы – нахал. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезімде Қонаевтың қабылдауына кіргім келді. Торғай облысын басқарған Ю.Трофимов деген сұлу жігітке қабылдауға кіргіз деп өтініш жасадым. Ол да «Өзім жасап берейін» деп қашқақтатады. Мен: «Маған ештеңе керек емес. Олжастар, Әнуарлар кіріп, мақтанып жатады. Мен де мақтануым керек, Қонаев туралы жазуым да мүмкін», — дедім. Ол сөйлесіп көруге уәде етті. Бір күні Трофимов хабарласып: «Қонаевпен сөйлестім. Ол кісі сізді теледидардан жиі көретінін айтып: «Сәкен Сейфуллинге ұқсайтын жігіт қой, қабылдаймын» деді», — деп жақсы хабар айтты. Сағат үште қабылдайды деп еді, мен екіде барып алдым. Үш көмекшісі бар. Біріншісі – Дүйсетай Бекежанов. Ол Қонаевтың сеніміне кіріп алған әбден, маған келіп: «Құпия болмаса, не мәселемен келіп едіңіз. Қанша уақыт керек?» — деп сұрады. «Еш құпиясы жоқ. Олжас, Әнуарлар сияқты мақтанайын деп келдім». «Онда мәселеңіз жеңіл екен, он бес минут жететін шығар». «Ал әңгімеміз жарасып кетсе ше?» «Жазушы кісісіз ғой, ол жағын өзіңіз көрерсіз», — деді ол.
Сонда өмірімде бірінші рет патшаның алдында сөйлей алмай қалдым. Мысы басты дерсің, бірақ ол мыс емес еді. Бар болғаны Димаш Ахметұлы менің айтам деп дайындап барған сөзімді айтып қойды. Содан, не істерімді білмей, тосылып қалдым.
– Ол қандай сөздер?
– Кабинетіне кіріп, қал-жағдай сұрасқан соң, Дінмұхаммед Ахметұлы: «Бүгін мен үшін тарихи күн. Өйткені, мен өзіңіздей қазақтың болашақ ұлы жазушысымен кездесіп отырмын. Сол үшін де мен өзімді бақыттымын деп есептеймін», – демесі бар ма?! Ал мен: «Бүгін мен үшін тарихи күн. Өйткені, мен өзіңіздей ел басқарып отырған дара тұлғамен кездесіп отырмын. Сол үшін де бақыттымын», – деп айтамын деп дайындалып барғанмын. Содан қапелімде аузыма басқа сөз түспей аңтарылып қалғаным бар. Екеуара әдебиет туралы біраз әңгімелестік. Ол кісі арасында бірқатар ақын жазушылар туралы сұрады. Әңгімеміздің жарасқаны соншалықты, төрт сағаттың қалай өте шыққанын да аңғармай қалыппыз. Содан кейін мен ыңғайсызданып, қайтуға ниет білдірдім. Димаш Ахметұлы: «Қандай шаруа бар?» – деп сұрады. «Ешқандай шаруа жоқ», – дедім. Шындығында да бірдеңе сұрай келмеген едім. Сөйтсем, ол заманда «патшаның алдына келген адам бір шаруасын бітіріп кетуі керек» деген жазылмаған заң бар екен. Мен оны кейін білдім. Содан шамалы ойланып тұрдым да: «Ақыры айт деп қалдыңыз, бір өтінішімді айтайын», – дедім. Ол кісі: «Айтшы, айтшы», – қарап тұр. Мен: – «Сізді сағынғанда келіп тұрсам бола ма?», – дедім. Ол кісі біраз тұрып қалды да, мені келіп қапсыра құшақтай алды. «Мен сені ақылды жігіт екен деп жүрсем, сен данышпан екенсің ғой», – деді. Осылай басталған кездесуіміз кейін достықтан да жақындау әкелі-балалы қатынасқа ұласты.
Қонаевтің өзі де, сөзі де ірі еді. Халқын сүйді, адал перзент болды. Ел қатарлы, қарапайым өмір сүрді. Материалды байлық жимады, өзіне тиісті жалақыдан артық дәулеті болмады. Қоластындағылардан да соны талап етті. Оның феномені де сол шығар. Адалдықтың ақ туын арқалады, сонысымен қымбат болып қала бермек.
— Біздің елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Шығармашылық интеллигенция да бұл кезеңде ел дамуына үлес қосуы тиіс. Сіздіңше, ақын-жазушылардың, драматургтердің бүгінгі міндеттері қандай?
— Ақын-жазушылар қазір үнсіз, тым енжар болып кетті. Жазушылар Одағында біз жұмыс істегенде күнде бір оқиға, іс-шара, қоғамдық маңызды оқиғаларға үн қосу, билікпен үздіксіз диалог болатын. Одақ дүрілдеп,қайнап тұратын, кісі арылмайтын. Әсіресе, ел басына күн туғанда, сын сағаттарда жазушылар қауымының белсенділігі артушы еді. Халық та зиялы қауымның сөзіне тоқтап, ақылын тыңдаушы еді. Халық пен билік арасында алтын көпір бола білдік, елдің мұңын жеткіздік. Мәселен, 86-ның желтоқсан көтерілісінен кейін көп ұзамай қазақ зиялылары Колбинмен кездесті. Сонда мінберге көтеріліп келе жатқан Сафуан Шаймерденов Колбинге бұрылып қарады да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсеттіңіз. Бірақ, көрермендерге жауап бермес бұрын алдыңыздағы қағазға бір көз жүгіртіп алып, қатты қарқылдап күлдіңіз. Осы сәтте үйде теледидар көріп отырған менің денем түршігіп кетті. Өйткені, бұл күлкілі сұрақ емес еді. Маған осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездескенде байқағаным: көптің алдында неге ыржыңдап күле бересіз?
«Колбин жолдас, жастарға неге осынша қорлық көрсетіледі? Шовинистер, қазақта ұлтшыл адам болған емес. Сенбесеңіз, екеуміз көшеге бірге шығайық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше өзім керосин құйып өртеп жіберейін…», – деді. Бәріміз де оңған сұрақ қоймадық. Сол кездесуге кеудесін көтеріп келген Колбин кездесу соңында басы салбырап шықты. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деген сөзді ту еттік. Зиялы қауым халықтың сеніміне лайық болуы керек. Бүгінгінің зиялыларына осыны айтқым келеді. Оянатын, оятатын сәт туды!
— Білуімше, қазіргі кезде «ХХІ-ғасыр» эпопеясының төртінші томын жазып жатырсыз. Осы еңбегіңіз туралы айтып беріңізші?
— Бұл біткен шаруа, бір томы басылып шықты, келесі екі томы баспада жатыр. Төртіншісін бітірдім жақында. Кеңес одағының бір жақсы жері, жазушыға гонорар төлеумен қатар, кітабын басып беретін еді, қазір енді баспаға ақшаны өзіміз төлеуіміз керек, кітаптарымыз басылуы үшін қаражат керек. Қаражат болмағасын тоқтап тұрғаны болмаса, тарихи эпопеяны жазып бітірдім. Енді драма жазуға күш салып жатырмын. Қаңтар оқиғасына арнап пьесса жазып жатырмын.
— Аға, сіз көпті көрдіңіз, көп білесіз, көп жетістікке қол жеткіздіңіз. Осы күні нені армандайсыз? Әлі де бағындыра алмадым деген, ұмтылатын биігіңіз бар ма?
– Армансыз адам болған ба, әрине, арманым көп менің де. Негізгі үшеуін айтайын. Біріншісі — ел бақытты болмай, ер бақытты болмайды. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің тұғыры қашан да биік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаратқан иеміз жарылқап, халқымызды айтып келмейтін түрлі апаттардан сақтаса екен. Екінші тілегім: еліміз өркениетті, дамыған елдердің қатарында, көш басында болса, Әлемге танымал, өмір сүруге қолайлы болса екен. Үшінші тілегім — сексеннің екісінде болсам да, күнде еңбектенем, жазуымды тастамадым, жұмысым көп әлі де. Алла амандық берсе, тоқсанды да көрсем, бойдағы білімімді халқыма берсем екен деп тілеймін.
— Бұл тілектеріңізге біз де қосыламыз. Лайым, орындала берсін! Аман болыңыз, аға!
Баян Баккелды