Ақпанның басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен болатын. Оған 89 адам қатысты. Атап айтқанда 40 адам – салалық қауымдастықтардың…
Ақпанның басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өткен болатын. Оған 89 адам қатысты. Атап айтқанда 40 адам – салалық қауымдастықтардың басшылары мен өкілдері болса, 36 адам – Өңірлік кеңес мүшелері, өңірлік бизнес өкілдері және 13 – сарапшы, қоғам белсенділері, ҰКП-да аккредиттелмеген қауымдастық өкілдері бар.
Одан бергі уақыт ішінде өңірлік кеңестер мен комитеттер өз алаңдарында отырыстар өткізіп, үміткерлерді айқындады және алдағы съезге ұсыныстар әзірлеп қойды.
Талқылау барысында «Атамекен» қызметін жаңарту жөніндегі жұмыс тобына 17 өңірлік кеңестің әрқайсынан 2 үміткер, 199 қауымдастықтың мүддесіне өкілдік ететін 17 салалық комитеттен 2 үміткер кірді.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша қазір ҰКП-ны трансформациялау бойынша 360 ұсыныс жинақталған. Олар бес негізгі топқа жіктелген. Оның ішінде, ұлттық палатаның құрылымы мен қызметі, қауымдастықтарды аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау, мүшелік жарналар мен ақылы қызметтерді енгізу бойынша ұсыныстар.
«Сондай-ақ, жұмыс тобына кәсіпкерлерден бизнестің 400-ге жуық өзекті мәселелі келді. Оларды қарастырғаннан кейін Съезге шығару жоспарланып отыр. Оның уақыты шамамен 17 наурызға жоспарланған», – деді ҰКП-ның Басқарма төрағасы.
«Атамекен» ҰКП-ны реформалау бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысында бизнес иелері мен салалық ұйым өкілдері бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Шығыс Қазақстан облысының Туристік қауымдастығының төрағасы Асқар Оразбаев «Атамекен» ҰКП-ның сараптамалық қорытындыларды берудегі рөлін күшейту керек деп есептейді.
«Бүгінгі күні сараптамалық қорытындылар кеңес сипаттында беріледі. Оны мемлекеттік органдар үшін міндетті етіп реформалау қажет», – деді спикер.
Ал, Qazaq oner қолөнер шеберлері орталығының жетекшісі Айгүл Жансерікова ҰКП-да шағын бизнеске қарағанда ірі бизнес өкілдерінің мүддесі көбірек қорғалған деп есептейді. Бұл ретте ол шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірнеше ұсынысын ортаға салды. «Регламенттік кеңестер мүшелерін сайлауды енгізу қажет. Әр бірлестіктің жұмысына қарап, белгілі бір мүддені қолдап, тек сынайтын, талқылап, жұмыс істемейтін тиімсіз салалық бірлестіктерді ҰКП құрамынан шығару керек. Тегін бизнес-кеңестер, оқыту бағдарламалары, «Бастау бизнес» өте жақсы жұмыс істейді. Бұл жобаларды одан әрі дамыту керек. Бұған қоса кәсіпкер оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс істемейтін болса, онда ол міндетті түрде жұмыс табуы керек, өйткені оларға мемлекет қаржысы жұмсалды. Гранттардың көлемін ұлғайту, бірақ гранттардың санын азайту және тиімді болу үшін гранттарды бөлуді бақылауды күшейту керек. Оқуды аяқтағаннан кейін сертификаттау мерзімін ұлғайтып, ҰКП-ны цифрландыру», – деп ұсыныстарын тізімдеді орталық басшысы.
«Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының» елордадағы бөлімінің төрағасы Қанат Елеусізов ҰКП-ның заңнамалық қызметтегі ұстанымын күшейту қажет де есептейді. «Бұнымен қатар Өңірлік кеңестің функциялары, құқықтары, міндеттері көрсетілген ережені нақты жазу қажет. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте «Атамекен» ҰКП өкілеттігін күшейту маңызды. Өңірлік кеңестің және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелеріне мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау үшін куәлік жасап беру», – деді спикер. Жиын барысында жалпы саны 300-ден аса ұсыныс айтылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер 25 бағыт бойынша өзекті болып саналатын мәселелердің тізімін жолдаған. Жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысқан сала өкілдері барлық мәселелерді бірнеше топқа бөліп, жіктеп саралауды құп көрді. Кейін әр топтан іріктелген өкілдер ой елегінен өткізілген тұшымды пікірлерді ортаға салмақ.
Сондай-ақ, жақын күндері Абылай Мырзахметов биыл сәуірде ШОБ қызметін жеңілдету үшін «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай қызметі іске қосылатынын хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінде «Атамекен» ҰКП-да реформа жүргізу мәселесі қызу талқыланып жатыр.
«Ол үшін жұмыс тобын құрдық. Оған 90-нан сарапшы, кәсіпкерлер енді. Жергілікті жердегі салалық қауымдастықтар отырысқа қатысып, мәселелерді қызу талқылап жатыр. Олар көптеген ұсыныс айтты. Бұл жұмыс жалғаса береді. Алдағы уақытта төтенше съез өткіземіз», – деді басқарма төрағасы.
Абылай Мырзахметов елдегі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін 2018 жылдан бері ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«…Кәсіпкер шағын бизнес ашу үшін көптеген мемлекеттік органға барып, көп құжат жинайтынын білесіздер. Сондықтан, бұл қызметті кәсіпкерге қалай ыңғайлы етеміз, жұмысты қалай жүйелейміз деп соңғы 2-3 жылда жұмыс істедік… Нәтижесінде, арнайы жоба дайындадық. Осылайша, жұмысты заманауи цифрлық жүйеге көшіретін болдық», – деді басқарма төрағасы.
Ол аталған цифрлық жүйе қалай құрастырылғанына тоқталды.
«Бүгінде ауыл немесе қала тұрғындарының смартфоны бар. Барлығы оны пайдалана алады. Мысалы, Kaspi мобильді қосымшасы арқылы кредит және тағы басқа қызметтерді алып жүрміз. Бүгінде Халыққа қызметкер көрсету орталықтары (ХҚКО) бар. Онда тұрғындар өзіне қажет мемлекеттік қызметті алады немесе онлайн түрде egov арқылы қызметті алуға мүмкіндігі бар. 2 жыл бұрын біз бастама көтердік, оны Мемлекет басшысы қолдады. Енді «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай қызметін іске қосатын болдық», – деді Абылай Мырзахметов.
Оның айтуынша, бүгінде мемлекет кәсіпкерлерге 360-қа жуық қызмет көрсетеді. «Оның ішінде салық, жер, лицензия алу және және тағы басқа қызмет бар. Сондай-ақ кәсіпкерлерге көмек көрсететін мемлекеттік компаниялар бар. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Бәйтерек» холдингі, бұрынғы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі (қазір «Бәйтеректің» құрамында), Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары және тағы басқа арқылы.
«Жалпы, елде 30-ға жуық квазимемлекеттік оператор бар. Олар кәсіпкерлерге 200-ге жуық қызмет түрін көрсетеді. Бірақ мұның барлығын кәсіпкерлер біле ме деген сұрақ туындайды. Әсіресе, бұл шағын және микро бизнес үшін маңызды», – деді басшы.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы енді аталған қызметті кәсіпкерлер мобильді қосымшаның көмегімен ала алатынын жеткізді.
«Мақсатымыз бір терезе арқылы кәсіпкерлерге қызмет көрсету, яғни Atameken Digital немесе Atameken ID атты мобильді қосымша жасап, кәсіпкерлерге мемлекет көрсететін 360 қызметті бір жерден алуға мүмкіндік жасау. Онда жоғарыда аталған 30 оператордың қандай қызмет көрсетінін бақылауға болады», – деді Абылай Мырзахметов.
Оның пікірінше, бұл кәсіпкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
«Атамекеннің» сарапшылары арқылы сіздерге ақпарат түсінікті тілде беріледі… Мысалы, кәсіпкер бизнес ашуға қорқады. Себебі тиісті қағазды қайдан алу керегін білмейді, заңдарды түсінбейді. Енді бұл мәселені реттеу үшін «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай қызметі іске қосамыз. Оның тұжырымдамасы дайын», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы.
Абылай Мырзахметовтің айтуынша, 2021 жылғы 29 желтоқсанда Үкімет бұл жобаны бекіткен. Биыл сәуірде бірыңғай қызмет іске қосылады.
«Биыл сәуірде «Атамекеннің» цирфлық жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Съезде бұл жоба қолдауға ие болады деген үміттемін. Жоба бір тоқсан бойы пилоттық түрде жүргізіледі, ал 2022 жылдың ортасынан бастап, толық іске қосамыз. Оның аясында 1 млн-нан аса шағын және микро бизнеске қызмет көрсете аламыз», – деді басшы.
Баян Бақкелді