20,1 мың шағымның 7,5 мыңы қанағаттандырылған - Деловая Жизнь Казахстана
bek 20,1 мың шағымның 7,5 мыңы қанағаттандырылған
Редактор 03 июня, 2021 594 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 3 минуты

20,1 мың шағымның 7,5 мыңы қанағаттандырылған

Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар 249 млн теңгені өндіріп берген.  Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2020 жыл мен 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыстарын қорытындылады. «Тұтынушылардың құқығын қорғау» деген…

Тұтынушылардың құқығын қорғаушылар 249 млн теңгені өндіріп берген.  Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті 2020 жыл мен 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыстарын қорытындылады.

«Тұтынушылардың құқығын қорғау» деген ұғым біздің елде кәсіподақ қызметі сияқты формалды, шын мәнінде ешбір пәрмені жоқ тетік болып саналады. Екі күннің бірінде сан соғып жатса да, біздің тұтынушылар өз құқығын қорғауға асықпайды. Сыбайлас жемқорлық тұрмыстық деңгейге дейін жетіп, сүйектен өтіп кеткен елде бұдан басқаша болуы да мүмкін емес.
Соңғы жылдары Сауда және интеграция министрлігі Президенттің пәрменімен осы салаға көңіл бөле бастады. Кезінде тұтынушылардың емес, саудадағы ірі ойыншылардың ығына жығыла отырып жазылған заңдардың бүгінгі күннің талаптарымен қабыспайтынын мойындап, заңнамаға түзетулер енгізген болатын. Соның әсерінен бұрын «тұтынушы құқығымен байланыссыз» деп келген біраз даулар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзырына ауысқан. Заңның қаншалықты тиімді түзетілгенін нақты практика көрсетеді.
Комитеттің есебіне зер салсақ, 2020 жылы тұтынушылардан 20 919 шағым түскен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Яғни, заңнамадағы түзетулер тұтынушы құқығына қатысты қызметтердің жұмысын белсендірген. Ал енді сол белсенділіктің нәтижесі қандай? Қаралған 20 919 шағымның 7380-і қанағаттандырылған. Яғни сапасыз тауар немесе қызмет үшін төлеген пұлын кері қайтарып алған. Оның жалпы сомасы – 249 млн теңге. Бірақ комитет барлық шағымдардың жалпы сомасын көрсетпеген. Сондықтан тұтынушылардың құқығын қорғаушылардың жұмысын шағымдар саны бойынша ғана бағалауға тура келеді. Демек, жалпы шағымдардың 40 пайызы бойынша ғана оң шешім қабылданған. Қалған шағымдар бойынша 3863-і салалық мемлекеттік органдарға қайта жолданса,  9577 шағымға түсініктемелер беріп шектелген. 57 шағым иесі арызын орта жолда қайтарып алса, 42-сі келесі жылға қалған.
Тұтынушылардың талабы орындалған шағымдардың сала-салаға бөлсек, мынадай көрініс шығады.  «2020 жылы Комитет соңғы 6 жылда алғаш рет соттарда тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын қорғау практикасын қайта бастады»,– деп жазылған есепте. Әңгіме Алматы түбінде ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін әуе кеңістігінен аластатылған «Бек Эйр» компаниясының тұтынушылары туралы айтылып отыр. Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті жолаушылардың атынан бір жыл ішінде «Бек Эйр» компаниясының үстінен сотқа 4 ұжымдық талап арыз берген. Басқаша айтсақ, осы компаниядан алдын ала билет сатып алып қойған 1740 адамның мүддесі таразыға түскен. Әуе компаниясы билет иелеріне 106,7 млн теңге қарыз болып қалған. «2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша бірінші және екінші сатыдағы соттар комитеттің 2 талап-арызын қанағаттандырып, заңды күшіне енді. Атқару парақтары сот орындаушыларына берілді. Олар заң аясында тұтынушыларға тиесілі ақшаны өндіруге құқылы»,– деп жазады комитет мамандары.
«Бек Эйр» компаниясының тұтынушыларына билет ақшасын қайтару биыл да жалғасты. Бірінші тоқсанда сот қалған талап бойынша да оң шешім шығарып,  әуе компаниясының апелляциялық шағымдары кері қайтарған. Қазір бұл іс бойынша  62 адамның 5 талап-арыз қаралып жатыр. Талап етіп отырған ақша көлемі — 3,5 млн теңге. 2020 жылғы қарашадан бастап Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне мемлекеттік бақылау функциялары берілді. Соның арқасында 2020 жылдың екі айында комитеттің 7 аумақтық департаменті орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 9 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Комитет өкілдері негізгі шағымдар шағын және микробизнес нысандарының әрекетіне байланысты түсетінін айтады. Бірақ қазір оларды тексеруге мораторий жарияланғандықтан, ортаға комитет мамандары киліге алмай отыр.
Бұл мораторий 2023 жылға дейін жалғасады. Тәбеттің ас келгенде ашылатыны сияқты, заңдағы қалтарыс пен бұлтарыстарды Тұтынушылардың құқығын қорғауға жауапты органдар жұмыс қызған сайын жиі байқайтын болған. Олай дейтініміз, биыл да заңнамаға түзетулер пакетін әзірлеп жатыр.
«2021 жылдың басында комитет «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға түзетулердің  екінші пакетін әзірлеуге кірісті. Осыған байланысты 30 қаңтарда жұмыс тобы құрылды және жаңа құқықтық нормаларды әзірлеу жөніндегі тиісті жол картасы қабылданды. Атап айтқанда, бір қауымдастыққа шоғырландыру арқылы тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін институционалдық күшейту көзделіп отыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу арқылы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтпекпіз. Сондай-ақ, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне тұтынушыға өтелетін айыппұл сомасынан сыйақы алу арқылы қаржыландыруды ұсынылып отыр. Бұл қоғамдық бірлестіктерін істі нәтижелі жүргізуге деген ынтасын арттырады»,– дейді комитет төрағасының орынбасары Алмас Әбжаппаров. Оның айтуынша, электрондық сауда жылдам дамып келе жатқандықтан, заңнамалық түзетулерде тауарларды қашықтықтан сату тәсілін жетілдіру мәселесі де реттелмек.
Сонымен бірге, ЕАЭО кеңістігінде «Техникалық тұрғыдан күрделі тауар» ұғымын енгізу,  кемшіліктер анықталған кезде «техникалық жағынан күрделі тауарларды» кері қайтару және айырбастау шарттары бекітілмек.
Бұған дейін  қабылданған тұтынушылық шағымдарды қарау жөніндегі үш сатылы тетікті жетілдіре түсу де көзделіп отыр. Биылғы көрсеткіштерге келсек, жыл басынан бері комитетке тұтынушылардан 4 403 шағым келіп түскен. Оның тек 958-і ғана қанағаттандырылып, 313-і тиісті органдарға қайта жолданған. 1998 шағымға  түсініктеме беріліп, 7 шағым тұтынушылардың өтініші негізінде тоқтатылған.  Қалған 65 шағымның тағдыры жыл аяғына дейін шешілуі керек. Аталған шағымдар негізінде 3 айда 23 млн 413 377 теңге тұтынушыға қайтарылған.