Елімізде азық-түлік инфляциясы өсіп, өткен айда 11,6%-ке жеткен Былтырғы жылмен салыстырғанда күнбағыс майы, жұмыртқа, қант бағасы айтарлықтай қымбаттады. Ет бағасы да көтерілген. Мысалы, бір келі…
Елімізде азық-түлік инфляциясы өсіп, өткен айда 11,6%-ке жеткен
Былтырғы жылмен салыстырғанда күнбағыс майы, жұмыртқа, қант бағасы айтарлықтай қымбаттады. Ет бағасы да көтерілген. Мысалы, бір келі жылқы етін Керекуден 2100 тг аласыз, Қостанайдағы баға 2300 тг барады. Елордадағы бағасы да 2300 тг. Ақтөбеде 2400 тг. Жылқының етін Қызылордадан 2500 тг алуға болады. Ал Алматыдағы баға 2500 тг басталады.
Ұлттық банк сарапшылары бұған әлемдік нарықтағы ахуал себеп дейді. Ал азық-түлік емес, өзге тауарлар инфляциясы 5,2%-ке дейін баяулады. Дәрі-дәрмек құны бір қалыпта. Дегенмен, киім-кешек, аяқ киім және құрылыс материалдары қымбаттаған. Ал жылдық инфляция 7,4% деңгейінде сақталды.
Мұнай құнының құбылуы да бағаныңөсіміне әсер етуде. Өткен аптада мұнай құны 9%-ке құлдырап кетті. Brent маркалы өнім ақпаннан бері алғаш рет барреліне 62 доллардан төмендеген. Баға әлі де құбылып тұр. Бұған Еуропадағы қауіпті індеттің үшінші толқыны, сондай-ақ жаңа локдаун мен вакциналаудың баяу жүруі себеп болған. Мысалы, Goldman Sachs сарапшыларының пікірінше, бағаның түсуі алдағы уақытта қарқын алмайды. Күзге қарай ОПЕК + қатысушылары қара алтын өндірісін тәулігіне үш миллион баррельге дейін жеткізуі мүмкін. Яғни, дамушы елдердің валюталарын нығайтуға мүмкіндік бар. Теңгенің келешегінен үміттіміз. Дегенмен, қазіргі көрсеткіш мәз емес. Ұлттық банктің департамент директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, доллардың күрт нығаюы теңгенің әлсіреуіне алып келген. Қаржылық реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Ұлттық банк теңгенің шектен тыс ауытқуын тежеу үшін шаралар қабылдауға дайын деді.