Биыл 1 шілдеде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді «Мемлекет басшысының тапсырмасымен,…
Биыл 1 шілдеде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, биыл 1 шілдеден бастап, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады. Бұл орайда құралдар мен міндеттер жаңа әдіснамаға сәйкес өзектендіріліп қана қоймай, оған мүлдем жаңа тетіктер мен бизнес-процестер енгізіледі.
Атап айтсақ, бірінші міндет бойынша, жұмыста отырып оқып, практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік жасалады. Электронды еңбек биржасы базасында нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқытудың жалпыұлттық платформасы іске қосылады», – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Екінші бағыт аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау барынша автоматтандырылады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысуды кеңейту үшін өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру шаралары қабылданады. Келесі жылы кредиттеу және гранттық қолдау үшін бизнес-жобаларды іріктеу өңірлердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылады, сондай-ақ кәсіпкерлер палатасының мамандарымен оқудан бастап, кәсіпкер болғанша сүйемелденетін болады.
«Үшінші міндет нысаналы топтарды атаулы түрде қолдауға негізделеді. Бұл орайда олардың қажеттіліктеріне қарай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жекелеген жобаларды іске асырамыз. Жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді электронды форматқа ауыстыру бойынша кешенді шаралар қабылдаймыз. Бұл бағытта ең алдымен еңбек нарығының инфрақұрылымы дамытылып, мобильді және цифрлы жұмыспен қамту орталықтары ашылады. Сондай-ақ, жұмыспен қамту қызметтері онлайн және проактивті түрде, яғни өтініш берусіз кеңінен ұсынылады», — деп түсіндірді Еңбек министрі.
Спикердің айтуынша, ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралар болашақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және нақты ақшалай табыстың 27 пайызға, еңбекақының 304 мың теңгеге дейін өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға және 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендетуге ықпал етеді.
Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын әзірлеп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажеттігін айтқан еді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдауды жоспарлап отыр.