100 мың теңгені де жинақ деп есептейтіндер бар. Ұлттық банк халық арасында жүргізген инфляция туралы пікіртерімнің қорытындысын жариялады Аталмыш пікіртерім 2016 жылдан бері жүргізіліп келе…
100 мың теңгені де жинақ деп есептейтіндер бар. Ұлттық банк халық арасында жүргізген инфляция туралы пікіртерімнің қорытындысын жариялады
Аталмыш пікіртерім 2016 жылдан бері жүргізіліп келе жатыр. Ұлттық банк осы арқылы елдегі инфляциялық болжамдарды өлшеп отырады. Ай сайынғы пікіртерім 1500 респондент қатысатын телефонмен сұхбат жүргізу арқылы ересек тұрғындар арасында жүзеге асырылады. Оған барлық облыс орталықтары, сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Семей сияқты тұрғын саны 250 мың адамнан асатын қалалар кірген.
Сонымен, сауалнамаға қатысушыларға 26 сұрақ қойылған. Оған қатысқандардың 76%-ы мамыр айында отбасының табысы айлықтан түскенін, 34%-ы мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақы, шәкіртақыдан, 9%-ы алимент түріндегі туыстарының көмегінен келгенін айтқан. Пікіртерімде жауап бергендердің 3%-ы отбасылық табыстары өткен айда 40 мың теңгеден аспағанын көрсеткен.
Ең көп белгіленген жауап – 100 мың мен 150 мың теңгенің арасында кіріс келгенін атаған. 150 мың мен 300 мыңның арасында кіріс түсті деген жауапқа 24% дауыс берген. Отбасылық табысы 300 мың теңгеден асты дегендердің үлесі 11% ғана.
Сауалнамаға қатысқандардың 37%-ы соңғы бір жылда отбасылық табысы түсіп кеткенін айтса, 51%-ы өзгеріссіз қалғанын көрсеткен. Тек 11%-ы ғана «жақсарған сияқты» деп жауап берген. Респонденттердің тек 36%-ы ғана алдағы 12 айда жағдайларының жақсаратынына үміт білдірген. 34%-ы бәрі «өзгеріссіз қалатынын» айтса, 16 пайызы отбасылық табыс нашарлауы мүмкін деген болжам айтқан.
Ең сорақысы, жауап берушілердің 75 пайызы дәл қазір ешқандай жинаған ақша қоры жоқ екенін айтқан. Тек 20%-ы ғана ақшалай жинағы бар екенін мәлім еткен. Сол азғантай жинағы бар халықтың 20 пайызы «қиын күндерге қалдырған қорын» қолма-қол ақша түрінде сақтап отырған көрінеді. Депозит пен жылжымайтын мүлікке, құнды қағаздар мен бағалы металдарға, алтынға инвестиция салушылардың үлесі бұдан әлдеқайда төмен. Қолма-қол ақша сақтап отрғандардың 79%-ы қаражатын теңгемен ұстап отырғанын айтқан. Долларға сенетіндердің үлесі – 30%. Еуроа мен рубльге сенетіндердің үлесі – 8 %-дан. Пікіртерімге қатысушылардың 36%-ы соңғы бір жылда жинақтары ұлғайды деп есептейді. 37%-ының жинағы өзгермесе, 22%-ының жинағы азайып кеткен.
Жауап берушілердің ең көп бөлігі немесе 17%-ы 100 мың теңгенің өзін жинақ деп санайтынын айтқан. 11%-ы 300 мың мен 500 мың теңгенің арасындағы ақшаны жинақ деп есептейтінін білдірсе, 11 пайызы 1 млн теңгеден төмен ақшаны жинақ деп қабылдамайтындарын айтқан. Жауап берушілердің тек 2%-ы ғана жинақ деген 1 млрд теңгеден жоғары болу керек деген жауапты таңдаған.
Бір сөзбен айтқанда, шартты жинақтың сомасы ұлғайған сайын оны таңдайтындардың үлесі азайып отырған. Респонденттердің 72%-ы алдағы бір жылда ешандай несие алуды жоспарламайтынын атаған. Тек 18% респондент қана кредит алуға мүмкіндігі бар екенін білдірген.
Сауалнамаға қатысқандардың көбі өткен айда ет пен ет өнімдерінің, сүттің, жеміс-жидек пен көкөністің шұжық пен ірімшік өнімдерінің, өсімдік майы мен нан-тоқаштың, макарон өнімдері мен қант-тұздың қатты өскенін байқадық деген мәлімет берген.