Бұған Ресейдің шектеу шаралары кесірін тигізгелі тұр. Елімізде екінші жыл қатарынан жиһаз қарқынды түрде қымбаттауда. Салалық қауымдастық пен кәсіпкерлер шағым айтып, Үкімет мүшелеріне жүгінді. Олардың…
Бұған Ресейдің шектеу шаралары кесірін тигізгелі тұр. Елімізде екінші жыл қатарынан жиһаз қарқынды түрде қымбаттауда. Салалық қауымдастық пен кәсіпкерлер шағым айтып, Үкімет мүшелеріне жүгінді. Олардың айтуынша, шетелден тасылатын, осы өнімді жасау үшін қажетті материалдар азайып кеткен, ал елге жеткізілгені қымбаттады. Салдарынан, қазақстандықтар енді баға қымбатшылығы сыртында тауар тапшылығына душар болуы ықтимал.
Қынжылтатыны сол, тәуелсіздік жылдарында мемлекет осы салада импорталмастыруға сол бойы қол жеткізе алмады. Сөйтіп, бүгінде бұл индустрия толығымен дерлік шикізат импортына тәуелді. Дайын жиһаздың сан түрі де, сондай-ақ материалдары да негізінен көрші Ресейден, ішінара Беларустен тасылады. Заң бойынша мемлекеттік органдарға шетелдік жиһазды сатып алуға тыйым салынған. Алайда билік алып жатқан «отандық өнімдер» басым көпшілігінде Ресейден әкелініп, еліміздегі цехтарда құрастырыла салады. Енді Ресей Үкіметі өз қаулысымен ДСП, МДФ және басқа да жиһаз жасауда бірінші кезекте керекті материалдарды шетелге сатуға шектеу енгізуде. Себебі, солтүстік көршіде қазіргі кезде «ипотекалық бум» жүріп жатыр.
Бұған қоса, В.Путин биылғы 21 сәуірдегі жолдауында Үкіметке жыл сайын шамамен 120 миллион шаршы метр жаңа баспананы іске қосуды жүктеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы Ресейде 80 млн шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Осының бәрі көршіде жиһазға деген дүрбелеңді сұраныс тудырып отыр. Ресейлік жиһаз фабрикалары толық қуаттылықта жұмыс істеуде. Оларға материалдар жетпей жатыр. Демек, РФ Үкіметінің жаңа қадамы ең алдымен өз фабрикаларын шикізатпен қамтуға бағытталған.
Бұл жағдай осы салада Ресейге қатты тәуелді Қазақстанға қиын тиді. Отандық өндірушілер осыны ескертіп, өткен жылдан бері дабыл қаға бастады. Өздерінде сұраныс ғаламат деңгейге жеткендіктен, былтырғы күзден бері ресейлік біраз жеткізуші қазақстандық нарықтан теріс айналыпты. Ал жеткізілімдерін жалғастырған компаниялар тауар бағасын қымбаттатып жіберген. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтың мәліметінше, материалдар былтырдан бері екі есеге жуық көтеріліп шыға келген. Ары қарай өсуде. Соңғы жылда материалдарды жеткізу орта есеппен 10 мың тоннаға кеміген. Жиһаз жасаушы ірі компаниялардың өзі мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының тапсырыстарын уақытылы орындай алмау тәуекеліне жолыққан. Қ.Ибраевтың мәліметінше, Қазақстан материалдардың төл өндірісін тез арада жолға қоя алмайды. Себебі, сапалы әр көп көлемдегі ағаш та, оны өңдейтін технологиялар да жоқтың қасы. Бұл мәселе кешенді шешілуі керек. Ел Үкіметі қалыптасқан жағдай жөнінде хабардар. Оны шешу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Ресей Федерациясының өз ішкі нарығы үшін ең маңызды тауарлар тізбесін кеңейтіп, олардың экспортына тосқауыл қоюды жоспарлап отырғанын растады. Ол тізім ДСП, ағаш материалдарымен толықпақ. Бірақ әзірге шектеу енгізілмеген. «Бұл қадам оларға ресейлік нарықта туындаған теңгерімсіздікке ден қою үшін қажет. РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі бұл тауарларды аталған тізбеге неге қосатындарын түсіндірді. Себебі, оларда бір жыл ішінде ДСП экспорты 30%-ға өскен, бағасы да 40%-ға шығандап кеткен.
Жалпы, Еуразиялық одақ туралы шарттың 7-қосымшасының 14-бөліміне сәйкес, осындай тізбелерге енгізілген тауарларды үшінші елдерге экспорттауды шектеуге немесе мүлдем тыйым салуға рұқсат етіледі. Ал одақтың өз ішінде тауарлар еркін қозғалуға тиіс. Осылайша, егер Ресей жиһаз жасауға қажетті материалдарды бізге жеткізуге шектеу енгізсе, Қазақстан ол шешімнің ЕАЭО құқығына қайшы екеніне қатысты шағымға және тексерулерге бастамашы болады. Сондай-ақ ресейлік тараппен тиісті кеңес-келіссөздер өткізеді», – деді Б.Сұлтанов.
Министрдің хабарлауынша, таяуда Сауда және интеграция министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін қатыстырып, осы мәселе бойынша жеке кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Оның өтетін күні, уақыты және форматы алда қосымша хабарланады. Әзірше жиһазшыларға нарымызға жеткен материалдарды ұқсатып пайдаланып, қиындықтан шығу жолдарын өз бетінше іздеуге тура келуі мүмкін. Ондай материалдарды Беларустен, Өзбекстаннан көбірек тасу жолдарын қарастыруға болады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде қазір жиһаз қымбаттауда. Ең жоғарғы өсім – Нұр-Сұлтанда: бір жыл ішінде баға бірден 20,5%-ға көтерілген. Одан кейінгі орында – Маңғыстау облысы (10,1%) және Атырау (8,4%) облыстары тұр. Отандық жиһаз өндірісі 2020 жылы 27%-ға құлдырады.
Биыл да өсім күтілмейді. Шикізат пен материалдардың тапшылығы кесірінен қазақстандық нарықтан шетелдік ірі инвесторлар бас тартуда. Мысалы, атақты IKEA Қазақстанды емес, Өзбекстанды таңдады: биылғы ақпанда Ташкент облысының хокимі Даврон Хидоятов ел Президенті Шавкат Мирзиёевке трансұлттық осы компанияның жиһаз өндіру зауытының жобасын таныстырды. Кәсіпорын Шыршықта ашылады. IKEA жобаға 52 млн доллар құймақ. 5,5 гектарды алып жататын алып өндіріс орны 22 айдан кейін іске қосылады деп күтілуде.