Асылтұқымды түлік үшін субсидия алған шаруалар сотталды - Деловая Жизнь Казахстана
sign here please e1623113064681 Асылтұқымды түлік үшін субсидия алған шаруалар сотталды
Редактор 08 июня, 2021 561 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 1 минута

Асылтұқымды түлік үшін субсидия алған шаруалар сотталды

Оларға шартты түрдегі жаза тағайындалды Павлодар облысының бес тұрғыны алаяқтыққа барып, жалған құжаттар жасап, мемлекеттен субсидияны негізсіз алғаны үшін жауапкершілікке тартылды. №2 Павлодар қалалық сотының…

Оларға шартты түрдегі жаза тағайындалды

Павлодар облысының бес тұрғыны алаяқтыққа барып, жалған құжаттар жасап, мемлекеттен субсидияны негізсіз алғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
№2 Павлодар қалалық сотының мәліметі бойынша, облыстағы бірнеше шаруашылық басшылары 2018-2019 жылдары асылтұқымды малдарды сатып алып, сол үшін мемлекеттен субсидия алып келген. Ал шынтуайтына келгенде бұл шаруашылықтардағы төрт түліктің саны асылтұқымдылармен толықпаған.
Шаруалар субсидия алу үшін ветеринарлық анықтамалар мен басқа да құжаттардың жалған нұсқасын жасап, мемлекеттік мекемелерге өткізген. Соның нәтижесінде екі шаруашылыққа шамамен 79 млн теңге, тағы екі шаруашылыққа 17,5 млн теңге, енді біріне 15 млн теңге субсидия төленген. Кейін олардың құжаттарды жасап алғаны, шын мәнінде асылтұқымды түліктерді сатып алмағаны әшкере болды. Сот отырысы барысында тек екі тұрғын өз кінәсін мойындап, жасаған әрекеті үшін өкінетінін айтты. Тағы үш адам кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ сот сараптамалары, куәгерлердің сөздері мен нақты дәйектер шаруалардың субсидия алу үшін жалған құжаттар жасағанын дәлелдеп берді. Сот айыпталушылардың бұған дейін жазаға тартылмағанын, шығын көлемін толығымен өтегенін және кәмелеттік жасқа толмаған балаларының барын ескеріп, барлығына шартты түрдегі жазаны қолданды. Нақтысын айтқанда, үш шаруа қожалығының басшысы 5 жылға, бір шаруашылық директоры 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Тағы бір айыпталушының бостандығы екі жылға шектелді. Оларға осы уақыт аралығында қаржылық және коммерциялық ұйымдарға басшылық етуге тыйым салынды.
«Сотталушылар пробациялық бақылауға алынады. Оларға пробация қызметіне ескертпестен тұрғылықты жерін, тұрақты жұмыс орнын ауыстыруға тыйым салынады. Егер құқықбұзушылықтар анықталса, қамауға алынуы мүмкін», – дейді №2 Павлодар қалалық сотының судьясы Лашын Әлиев. Әзірше сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.