Шағын және орта бизнес оңалып келеді - Деловая Жизнь Казахстана
vfg Шағын және орта бизнес оңалып келеді
Фото damu.kz
Редактор 22 апреля, 2021 124 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 2 минуты

Шағын және орта бизнес оңалып келеді

Компаниялар саны бір жылда 3,3% артқан 2020 жылы коронавирус пандемиясы елдегі іскерлік белсенділікке және жалпы ҚР экономикасына кері әсерін тигізді 2020 жылғы қаңтардан 2021 жылғы…

Компаниялар саны бір жылда 3,3% артқан 2020 жылы коронавирус пандемиясы елдегі іскерлік белсенділікке және жалпы ҚР экономикасына кері әсерін тигізді

2020 жылғы қаңтардан 2021 жылғы ақпанға дейін елдегі іскерлік белсенділік индексі теріс аймақта болды (50-ден төмен). Ең осал сектор шағын және орта бизнес болды.
Мәселен, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің өнім шығаруы 5,4% төмендеп, 32,7 трлн теңгені құрады. Ал ШОК-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 2,3% қысқарды. 2020 жылдың соңына қарай бұл секторда 3,4 млн адам жұмыспен қамтылды.
Шағын және орта кәсіпкерлікке келтірілген залалды азайту үшін мемлекет қаржылай да, қаржылай емес те қолдау көрсетіп бақты. 2020 жылы салықтық жүктемені айтарлықтай төмендетуге және қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың үш пакеті іске асырылды.
«Бизнестің жол картасы – 2025 бағдарламасы» бойынша ШОК субъектілері үшін субсидиялау мерзімі 5 жылға, кредит мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, салалық шектеулер алып тасталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кредиттеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін, субсидиялау мерзімі – 10 жылға дейін ұлғайды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтіліп, кепілдік беру құралы жақсартылды. Жалпы, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025 бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 трлн теңге сомасына ШОК субъектілерінің 18,9 мың жобасы субсидияланды және кепілдендірілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 440 млрд теңге сомасына 2 мың жоба субсидия алды. Бұдан бөлек, 2020 жылы бизнесті қолдау мақсатында салық заңнамасына бірқатар өзгерістер қабылданды. Оның ішінде мүлік салығын төлеуден босату қамтамасыз етілді.
Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығынан босатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және импорттау үшін ҚҚС ставкалары 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Қабылданған шаралар пандемияның кәсіпкерлер қызметіне теріс әсерін жойды және елдегі ШОК субъектілері санының өсуіне ықпал етті.
Мәселен, 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны өткен жылдың дәл осы күнімен салыстырғанда 3,3%, яғни 1,4 млн-ға артқан. ШОК субъектілерінің жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі 62,8%-ды, шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 21%-ды, шаруа немесе фермер қожалықтары – 16%-ды, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 0,2%-ды құрады.
Биыл «Атамекен» ҰКП 50 мыңнан астам кәсіпкерге қосымша қолдау шараларына қажеттілік туралы сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелерінің негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 4 бағыт: бизнеске жүктемені азайту, қаржыландыруға, сұраныс нарықтарына және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті кеңейту бойынша 24 шарадан тұратын қосымша пакет жасады.
2021 жылы 7 сәуірде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында салықтық ынталандыру және кәсіпкерлердің кредиттері бойынша борыштық жүктемені төмендету жөнінде қосымша қолдау шаралары қабылданатыны туралы мәлімдеді. Жаңартылған жоспарға сәйкес, қолдау шаралары экономиканың ең көп зардап шеккен салаларында ШОК банктік қарыздарын жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыруды қарастырады. Зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлер тобының тізіміне ЭҚЖЖ жаңадан 145 түрі (29-дан 174-ке дейін) қосылды. Бұл 2,2 мың бизнес субъектісін қосымша қолдауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, зардап шеккен салалардағы ШОК субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру шарасы енгізіледі. Бұл норма 500 мың кәсіпкерге әсер етпек. Кейінге қалдыруға жататын салықтар мен төлемдердің болжамды сомасы – 67 млрд теңге.
Сондай-ақ, салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатыла тұрады. Бұл шара 374 млрд теңге берешек сомасымен 90 мың бизнес субъектісін қамтиды.