Неге жұрт азық-түлікті несиеге алып отыр?! - Деловая Жизнь Казахстана
golden kartop Неге жұрт азық-түлікті несиеге алып отыр?!
Редактор 17 июня, 2021 978 Көзқарас На прочтение: 5 минут

Неге жұрт азық-түлікті несиеге алып отыр?!

Сәбіздің бір келлісі 553 тг. тұрады. 553 тг., Карл! Оңтүстік Африкада өсіріліп, 15 мың шақырым жол жүріп, мұхит асып келетін бананның құнынан қымбат болды ғой,…

Сәбіздің бір келлісі 553 тг. тұрады. 553 тг., Карл! Оңтүстік Африкада өсіріліп, 15 мың шақырым жол жүріп, мұхит асып келетін бананның құнынан қымбат болды ғой, отандық өніміміз. Неге?! Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан посттар осы тақырыпта

whatsapp image 2021 06 17 at 10.00.31 Неге жұрт азық-түлікті несиеге алып отыр?!
Жөн ғой, халықтың жанайқайы. Расында, о заман да бұ заман, картоп 600, сәбіз 500, пияз 700 тг. тұрады деген сұмдық қой!
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 6,3%-ке өскен. Әсіресе маусым сайын бағасы құбылып тұратын көкөніс, импортқа тәуелді және сыртқы нарықта сұранысқа ие тауарлар қымбаттаған. Статистика бюросының дерегінше, күнбағыс майы, қызылша, картоп пен сәбіздің құны еселеп өскен.
Халық азық-түлікті несиеге алып отыр… Әлем алдында ұялатын жағдай.
Бүгінгі жаңалық:  Елорда әкімдігі жүйелі түрде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізуде.
Жұмыс бірнеше бағытты қамтиды: тұрақтандыру қоры құрылды, «айналым тетігі» жобасы жалғасуда, «форвардтық келісімшарттар» жасалды, жыл сайын маусымдық жәрмеңкелер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесулер өткізіледі және т.б.
Бірінші. «Айналым тетігі» жобасы жалғасуда. Жобаға қатысушылар саны 4 желіден 9 желіге дейін кеңейтілді. Бұдан басқа, сауда желілеріне азық-түлік сатып алуға бөлінетін сома 24 есеге жуықтады, яғни 180 млн теңгеден 4,3 млрд теңгеге дейін (соңғы 4 жылда) ұлғайды. Бұл өнімдерді белгіленген бағамен сатуға мүмкіндік береді: картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, құс еті, сүт, сүзбе және т.б. Мысалы, картоп бағасы 225 теңгеден басталады. «Шарын» көтерме сауда базарында картоп 270 тг/кг бағамен сатылады, «КеңМарт» дүкенінде картоптың бағасы 288 тг/кг, «Ақмол» дүкендер желісінде 320 тг/кг және т.б.
Екінші. Үш фермерлік шаруашылықпен 665 млн теңгеге жуық сомаға «форвардтық келісімшарттар» жасалды. Маусымаралық кезеңде, яғни олардың бағасы өскен кезде көкөніс өнімдері қолайлы бағамен сатылады. Осылайша сатылатын өнімдер тікелей сөрелерге түседі.
Үшінші. Нан бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Ол үшін отандық өндірушілерден ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн .теңге бөлінді. Ұнның бұл мөлшері келесі егін жиналғанға дейін, яғни 2022 жылдың қыркүйегіне дейін жеткілікті болады.
Төртінші. Сәуір айынан бастап Ақмола облысы Целинград ауданының тауар өндірушілерінің және Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлерінің қатысуымен тауар өндірушілер мен көтерме сатушылардың бағалары бойынша демалыс күнгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері (Сауран, 7 және Қосшығұлұлы, 14) өткізіледі. Сонымен қатар жақын арада республика өңірлерінің қатысуымен жәрмеңкелер маусымы ашылады. 14 жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Жәрмеңкелер арқылы азық-түлікті 10-15%-ке төмен бағамен сатып алу жағдайы жасалады.
Бесінші. Жалпы ауданы шамамен 50 мың шаршы метр болатын үш көтерме-тарату орталығын салу үшін инвесторлар жұмылдырылды, нәтижесінде жеке инвестициялар сомасы шамамен 15 млрд теңгені құрайды. Бұл көтерме-тарату орталығында азық-түлікті үлкен көлемде сақтауға мүмкіндік береді.
Бұл тек Нұр-Сұлтанның жағдайы. Өзге өңірлер ше? Аймақтар, ауылдар? Моноқалалар?
Тұрақтандыру қорындағы азық бүкіл елге жете ме? Жеткізіле ме?
Ресми жауап:  Елде азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сауда желілеріне 33 миллиард теңге субсидия бөлінді. Қаржы жергілікті бюджеттен алынған. Алдағы уақытта бұл сумма 50 миллиардқа жеткізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде өңірлік тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар. Бұған қоса 36 тонна тауарды сатып алуға келісім шарт жасалған. Ауылшаруашылық өнімдерін арттырып, ішкі нарықты азық-түлікпен қамту үшін ауылшаруашылық министрлігіне қосымша 30 млрд теңге берілді.
Базардан репортаж. Отандық арна.: картоп бағасы арзандауы тиіс. Көп ұзамай ішкі нарыққа павлодарлық өнім жеткізіледі. Картоппен бірге сәбіздің де бағасы төмендейді.
Бұл елорданың көтерме сауда орыны. Таңсәріден қарбалас. Тікелей өндірушіден әкелінген өнім ең алдымен алыпсатарлардың қолына тиіп жатыр. Олар осы жерден картоп, пияз, сәбізді тонналап әкетеді. Сосын қаладағы бөлшек сауда орындарына жеткізеді.
Үмітжан Елтаев, кәсіпкер: — Біз өзіміз сатып алушымыз, полядан сатып аламыз. Поляда 200-220-дан болып жатыр. Қазір 260-тан сатып жатырмыз. Иә, бізден осы бағада алып, қалаға апарып қосып сатады. Картоптың келісі мұнда 270 теңге. Бір апта бұрын баға екі есе қымбат болатын. Ол кезде өндірушілерде картоп да тапшы еді. Қазір өнім бар. Түркістаннан біраз картоп жеткзілген.
БЛИЦ: — 250 теңгеден бір пакет ғана алдым. Біздің үй жақта 350, мына жерде 250. Разница большая. Ал сәбіздің құны әзірге аспандап тұр. Оған да ішкі нарықтағы тапшылық себеп. Сөреден тек шетелдік өнімді көресіз.
Рауан Мыңбаев, тілші: — Біздегі базардағы өнімнің көбі шетелден әкелінген. Мәселен, мына сәбіз Қырғызстаннан әкелініп жатыр. Келісі 500 теңге. Осыдан-ақ қаладағы қымбатшылықты аңғара беруге болады. Себебі біз тұрған жер көтерме сауда орыны. Осы жерден делдалдар сатып алып кетеді. Қаптап. Оның үстіне тағы баға қосып, дүкендерге, яғни бөлшек сауда орындарына ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөніс мәселесі таяу арада шешімін табады дейді. Елдегі шаруалар алқаптан өнімдерін жинап, көтерме сауда орындарына жеткізуі тиіс.
Сәулет Тұрсынбай, кәсіпкер: — Сәбіз әлі шыққан жоқ. Енді бір жұмада болады. Сол кезде бағасы түседі. Уақытша қымбат еді. Картошка арзандап жатыр мысалы. 1-2 жұмада 150-ге түседі. Жалпы биыл егіншілер біраз қиындыққа тап болды. Шығын көп.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменті директорының орынбасары: — Биыл жағдайда барлық нәрсе қымбаттауда. Электр энергиясы, тасымалдау, тас жолдар да ақылы боп жатыр. Шығындардың көбейгені рас. Қазір алдыңғы 1-2 аптада жағдай тұрақталады деп үміттенеміз. Жауапты мамандар алдағы апта жағдай тұрақталады деп сендірді. Тапшылық тек маусымдық жағдай. Көп ұзамай солтүстік өңірлердің де өнімі келіп жетеді. Сондықтан картоп бағасы 150 теңгеге дейін арзандауы тиіс.
Жалпы, азық-түлік қауіп­сіз­дігін ны­ғайту ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету­дің, экономиканы табысты да­мы­ту­дың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту, ұлттық тұтастығымызды сақтау үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәсе­лелері «Қазақстан Респуб­ли­касының ұлттық қауіпсіздігі ту­­ралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қау­іпсіздігі ұлттық қауіп­сіздігімізді ны­ғай­ту ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.
Канадада халықты азық-түлікпен қам­тамасыз ету үшін «азық-түлік банк­тері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойын­ша жергілікті 450 азық-түлік банкі жұ­мыс істеуде. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнім­дерін алады.
АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибелер қол­да­ны­луда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130 пайыз төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карталар арқылы жүзеге асыры­латын, азықты жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» деген бағдарламаға қа­тыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жу­ығын қамтитын көрінеді.
Еуропалық одақ елдеріне ке­лер бол­сақ, мұнда тағам өнім­дерінің қауіп­сіздігі стан­дарт­та­ры­ның талаптарын сақтау жо­ға­­ры деңгейде жолға қойылған. Қа­зіргі таңда Еуропалық одақ ел­д­ері азық-түліктің мол қорына ие.
Бүгінде 30 мемлекет азық-тү­лік зәру­лігін қатты сезінуде. Сон­дай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшы­рап отырғандардың саны 1 млн адам­ға жуықтайтын көрінеді. Сала­да­ғы осы жағдаяттар әлемдегі саяси-эко­но­микалық, әлеуметтік жағдайдың ауыр­лап кетуіне апарады.
Бұл мәселелерді әрі қарай өрбіте сөй­лесек, азық-түлік тапшылығының бе­лең алуына негізгі себепті ха­лық са­нының өсе түсуімен ғана бай­ла­ныс­­тыра қарастыру біржақты кө­з­қа­растың төңірегінде шиырлатып қоя­ды. Сондықтан осы арада ауыл шаруа­шы­лығы бағытында мүмкіндіктері мол көп­теген елдердің саланы дұрыс игере ал­мауы, аграрлық секторды озық техно­логиямен жабдықтауда кенжелеп келе жатқаны азық-түлік тапшылығының туындауына өзіндік зор әсерін тигізіп отыр­ға­ны қаперде болғаны жөн.
Бүгінде азық-түлік тап­шы­лы­ғы әлем бойынша басты сын-қа­терлердің ал­ғаш­қы үштігі қа­тарына енгізіліп отыр. Бұл не­гіз­сіз емес. Өйткені қазіргі кезде миллиондаған адамның аштыққа ұшы­рап, миллиардқа таяу жан ас-су­дың үнемі жетіспеушілігінен зарда­п ше­гіп отырғаны аталған саладағы түй­т­кіл­дердің аса ма­ңыз­ды екенін көрсетеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған зерттеуге сай, сәуір айында соңғы 7 жылда болмаған қымбатшылық тіркеліпті. Баға әлі де шарықтай береді. Оған шикізат тапшылығы себеп.
Пандемия тұтынушылардың сұранысына ерекше әсер етті. Тасымал шектеулері өндірушілерді де әурелегені анық. Шикізат тапшылығы жаһандағы азық-түлік пен техника құнын аспандатпақ. Мамандар болжамы осындай. Оған сай көлік, тұрмыстық техника, т.б өнім түрлеріне ессіз сұраныстың жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін түсінуге болады. Енді өндірушілер тасымал қиындықтарына тап болмас үшін шикізатты барынша сатып алуға тырысып жатыр.
Дегенмен, қазірдің өзінде мыс, темір, пластик, тіпті картонның жетіспеушілігі орын алған. Кофе мен бидай да азайыпты. Мұндай дүрлікпе жылдың аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Мамандар: «техника мен көлік құны 2023 жылға дейін қымбаттай береді» деп отыр.

Баян Бақкелді