Қазақстан – әлемде жалақысы ең төмен елдердің бірі - Деловая Жизнь Казахстана
tenge hand Қазақстан – әлемде жалақысы ең төмен елдердің бірі
Редактор 13 мая, 2021 1200 Көзқарас На прочтение: 4 минуты

Қазақстан – әлемде жалақысы ең төмен елдердің бірі

Қазақстандықтардың жалақысы – әлемдегі ең төмен жалақының бірі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылай деп мәлімдеді Жұмыскерлердің нақты ақшалай табысы номиналды көрсеткіштерден, яғни белгілі…

Қазақстандықтардың жалақысы – әлемдегі ең төмен жалақының бірі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылай деп мәлімдеді

Жұмыскерлердің нақты ақшалай табысы номиналды көрсеткіштерден, яғни белгілі бір кезеңге анықталған саннан орташа есеппен 8%-ке аз. Бұл отандық еңбек нарығының дамуына кедергі келтіретін басты себептердің бірі.
Жалақысы ең төмен салалар: білім беру, ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, өнер және ойын-сауық саласы.
Бірақ, болжамдарға сәйкес, 4 жылдан кейін халықтың ақшалай табысы 27%-ке ұлғаюы тиіс.
Еліміздің өңірлерінде қаржылай жағдай әртүрлі.
Мәселен, солтүстікқазақстандықтар көп жұмыс істесе де айлыққа жарымай отыр. Өңірдегі кедейлік деңгейі еліміз бойынша ең жоғарылар қатарында. 2021 жылдың бірінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 230,8 мың теңгені құрады. Өткен тоқсанда орташа жалақы 233,1 мың теңге, бір жыл бұрын 200,3 мың теңге болды.
Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсуі 7,4%-ды құрады. Бұл кәсіпкерлікпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы көрсеткіш.
Тек төрт өңірде орташа айлық жалақы орташа республикалық мәннен жоғары. Атырау облысы көш бастап тұр (орташа жалақы – 405,8 мың теңге). Одан кейінгі орындарға Маңғыстау облысы (344,3 мың теңге), Нұр-сұлтан (307,5 мың теңге) және Алматы (268,5 мың теңге) қалалары орналасқан. Қалған өңірлерде орташа айлық жалақы орташа республикалық мәннен төмен.
Ең төменгі орташа жалақы Оңтүстік Қазақстан облысында (166,7 мың теңге). Бұл  — ел бойынша орташа көрсеткіштен 27,8%-ға, ал жетекші Атырау облысына қарағанда 2,4 есе аз. 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен өтелген сағаттардың ең көп саны жалақысы ең жоғары Атырау облысына тиесілі (457,6 сағат немесе орта есеппен 1 айда 152,5 сағат). Бір қызығы, екінші орында айлық жалақысы ең аз Солтүстік Қазақстан облысы тұр (447,7 сағат немесе орта есеппен 1 айда 149,2 сағат). Салыстыру үшін: Маңғыстау облысында 2021 жылдың бірінші тоқсанында бір қызметкерге есептегенде жұмыс істеген уақыты 447,3 сағатты немесе орта есеппен 1 айда 149,1 сағатты құрады. Ал орташа айлық жалақы бойынша облыс екінші орында.
Бұл ретте 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарының бірі үдемелі, жан-жақты және орнықты экономикалық өсуге, толық және өнімді жұмыспен қамтуға және баршаға лайықты жұмыс істеуге жәрдемдесу екенін ұмытпау керек. Сонымен қатар, іс жүзінде орташа жалақы өңірлерде айтарлықтай өзгеріп отырады.
Бұдан бөлек, жұмыс істеген уақыты бойынша ТОП-3 өңірге жалақысы ең жоғары екі облыстан басқа, ел бойынша ең төмен айлық алатын облыс кіреді.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 2020 жылы ҚР бойынша 5,3%-ды құрады.
Ең жоғары жалақы алатын ТОП-3-тің екі өңірінде табысы төмен халықтың үлесі ел бойынша орташа көрсеткіштен едәуір төмен: Нұр-Сұлтанда (барлығы 1,5%) және Атырау облысында (3%). Алайда Маңғыстау облысының көрсеткіші керісінше республикалық орташа мәннен жоғары (5,7%). Жалақысы ең төмен өңірлер арасында табысы төмен халықтың үлесі мынадай: Шымкентте – 5% (орташа республикалық деңгейден төмен), Жамбыл облысында – 5,8%, Солтүстік Қазақстан облысында – 6,7%.
Еңбегі еленіп, қабілеті қадірленбеген кадрлар Қазақстаннан «қашып» жатыр. Олар лайықты жалақы алып, сапалы өмір сүру үшін шекара асуға мәжбүр.
Отбасы қамы үшін атамекенінен алыстаған азаматтар «Қазақстанда әлеуметтік жағдай жақсы» деген статистердің сөзіне әбден «тойғандарын» айтады.
Алматы қаласының тұрғыны Дидар Әлпиев (сұхбат берушінің өтініші бойынша, кейіпкердің аты-жөні өзгертілді – автор) Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге аттанғанға дейін екінші деңгейлі банктердің бірінде бас директордың орынбасары қызметін атқарды. Әжептәуір лауазым иесі болғанына қарамастан, оның айлығы шайлығына жетпеді. Мардымсыз жалақымен бала-шағасын асырай алмайтынын түсінген азамат жұмыстан өз еркімен кетіп, Оңтүстік Кореяны бетке алды. Осы турасында ол: «Шетелге кетудегі басты мақсатым – әлеуметтік жағдайымды жақсартып, тұрмысымды түзеу болды. Жасыратыны жоқ, Оңтүстік Кореяда, банкир емес, құрылысшы болдым. Жататын жерім, ішетін тамағым жұмыс беруші есебінен өтелді. Күніне 60 мың теңге жалақыға жұмыс істедім. Бес күн сайын қолыма біздің ақшаға айналдырғанда 300 мың теңге алып тұрдым. Түсінгенім, Қазақстанда банкир болғанша, Кореяда құрылысшы болған жақсы», – деді.
Кейіпкеріміз Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүріп, Ақтөбедегі апасының ұзатуын жасаған, әкесіне автосалоннан көлік сатып әперген, өзіне 3 бөлмелі үй алған. «Оңтүстік Кореядан келген соң шаңырақ көтердім. Тойымды несиесіз, шетелде тапқан табысымен өткіздім. Тойдан соң банкке менеджер болып жұмысқа орналастым. Сөйтіп баяғы қоңыр тірлікке, «ақша жетпейді» деген ұғымға қайта оралдым. Шынымды айтсам, мұндайға енді көндіге алмаймын. Қазір Оңтүстік Кореяға жұбайыммен бірге кетудің амалын қарастырып жатырмын. Мүмкіндік пайда болған күні елден кетеміз. Басқа амалымыз жоқ. Азын-аулақ ақшаға күшімді, қабілетімді, жастық шағымды жұмсағым келмейді», – деді Дидар.
Ол отандық статистердің: «2021 жылдың I тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 230 800 теңгені құрады» деген дерегіне не күлерін, не жыларын білмейтінін жеткізді.
«Бұл қайдан алынған дерек, айдан алынған ба? Орташа жалақымыз осындай болса, жан бағу үшін шетелге шықпас едік қой. Үкімет халыққа жағдай жасай алмаса, тым құрығанда жүйкесін жұқартпасыншы. Орташа айлық жалақы 230 800 теңге. Күлейін бе, жылайын ба?», – деп кейіді Дидар Әлпиев. Оның айтуынша, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақал өзектілігін әлдеқашан жойған. Кімге, қай жерде жақсы, сол жерде өмір сүреді, сол жерде еңбек етеді.
Алайда мұның екінші жағы бар. «Ел азаматтары жайлы жағдай үшін үдере көшіп, шетелге сабыла беретін болса, Қазақстандағы адам капиталының сапасы кемиді. Шетелге шыққан озық ойлы адамдар елге оралмай, сол жақта қалып қояды. Мұның салдары өте ауыр болады», – деді Дидар.
Біле жүріңіз, 2010-2020 жылдар аралығында ел аумағынан мамандардың жылыстауы 4,5 есе ұлғайды. 2010 жылы шетелге 2,5 мың адам, ал 2020 жылы 11,2 мың адам кетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстаннан кетушілердің саны, келушілердің санынан бірнеше есе жоғары. «Жыл сайын техникалық мамандық иелерінің – 29%-ы, экономика саласы өкілдерінің – 15%-ы, педагогтардың – 11% және басқа мамандықты меңгерген адамдардың шамамен – 29%-ы ел аумағынан тыс жерге кетіп жатыр», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ашық дереккөздердегі сандарды сөйлетсек, 2020 жылы пандемияға Қарамастан ел аумағынан кеткен жоғары білікті мамандардың үлесі  2019 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға артық болды. Нақтыласақ, осыдан 2 жыл бұрын шетелге кеткен кәсіби мамандар 50,6%-ды, бір жыл бұрын 54,3%-ды құрады.
2019 жылға қарағанда 2020 жылы Қазақстаннан кеткен медицина қызметкерлерінің саны 3 есе, педагогтардың үлесі 4 есе, техникалық мамандардың үлесі 5 есе көп екені анықталды. Бұған қазақстандықтардың өмір сүру сапасының төмендігі мен ертеңгі күнге деген сенімінің жоқтығы, ипотеканың қолжетімсіздігі, баспананың болмауы және жалақының аздығы себеп болды.

Баян Бақкелді