Такси қызметі неге күрт қымбаттады? - Деловая Жизнь Казахстана
yandex-taxi-piggy-bank-funny-expression
Редактор 08 июня, 2021 1309 Көзқарас На прочтение: 4 минуты

Такси қызметі неге күрт қымбаттады?

Қазақстанда такси қызметі қымбаттап, халықтың наразылығын тудыруда. Мамандардың айтуынша, өткен жылы бұл көлік қызметінің тарифі орта есеппен 6,8%-ға көтерілген. Биылғы жыл басталғалы бері өсім жалғасуда….

Қазақстанда такси қызметі қымбаттап, халықтың наразылығын тудыруда. Мамандардың айтуынша, өткен жылы бұл көлік қызметінің тарифі орта есеппен 6,8%-ға көтерілген. Биылғы жыл басталғалы бері өсім жалғасуда.

Жолаушылар тасымалы қызметінің тарифі көтерілгеніне қапаланған қарапайым халық мемлекеттік органдарға хат жазуда, мұң-шағымын әлеуметтік желілерде білдіруде.
Жағдайды карантиндік шаралар одан әрі күрделендірді. Себебі, көптеген қалада, Нұр-Сұлтанның өзінде жексенбі күндері автобустар жүрмейді. Жұмыс күндері де жұртшылық әртүрлі себеппен қоғамдық көліктің қызығын көре алмайды. «Мысалы, бізде №64 бағдардағы автобустар кесте бойынша жүре бермейді. Кейде бірде бір автобусы жолға шықпай қалады. Адамдар амалсыз жұмыстарына таксимен жетеді. Оларды табу да қиын. «Шөлдала» жаққа қатынайтын барлық такси толық: тоқтамай өтіп кетеді. Автобус парктері өзіне-өзі проблема туғызады: кесте бойынша жүрмегендіктен, жұрт асығып, таксимен кетеді. Сондықтан автобустарға аз жолаушы отырады», – дейді жамбылдық Руслан Айдаш.
Елорда тұрғыны Сымбат Айсина бас қалада ауа райы қолайсыз болғанда, такси шақыруға тура келетінін айтады. «Далада ақжауын құйып тұрған. Елорданың ескі орталығындағы «Целинный» шағын ауданынан таяқ тастам жерде, 2 шақырымға жетер-жетпес аумақта орналасқан Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасына жету үшін «Яндекс.Таксимен» көлікке тапсырыс бердім. 1200 теңге сұрайды. Оған кемге келісетіні табылмады. 5 минуттік қана жер! «Индрайверге» жүгіндім, ондағылар 1000-нан кемді азсынды. Такси жүргізушілері қазіргі қиын жағдайды пайдаланып, ашкөз, пайдакүнем болып алды. Айтарға сөз жоқ. Бұларды ешкім қадағаламай, бетімен жіберді», – дейді ол.
Әлеуметтік желіде өз көлігімен жолаушылар таситындарды ақтағандар, жақтағандар болды. «Ұнамаса, жаяу жүр», – дейді Әділет. «Неменеге шағымданасыз?! Көлік сатып алыңыз. Ақшаңыз жетпесе, жаяу немесе автобуспен жүріңіз. Самокат, велосипедті жалға алыңыз. Таксиге балама көп қой», – деп ақыл қосты Арай.
Такси жүргізушілерінің де пікіріне құлақ асып көрдік.
«Әрбір адам дәмді тамақ ішіп, жақсы киім сатып алғысы келеді. Таксишілер адам емес пе? Жанар-жағар май бағасы ғарышқа ұшып барады. Азық-түлік бағасының төмендейтін түрі жоқ. Барлығымыздың бала-шағамыз бар», – дейді елордалық Диас Қаппаров.
Кейбірі тасымал шығынының артқанын алға тартады. «Орта есеппен 1000 теңгеден алсақ, одан бензин шығынын, таксопарк не сервис ставкасын, амортизацияны шегеріп тастасаңыз, таксишінің қолына 500–600 теңгесі ғана түседі», – дейді Айдар Сағатов.
Айбек есімді жүргізуші жолаушылардан кейін көлікті жуу қажет болатынын, оның да бағасы артқанын жеткізді. «Бензин бағасы өсті. Майды, дөңгелектерді ауыстыру, көлікті жөндеу шығындары бар. Жолаушылар тасымалы аста-төк табыс әкелмейді. «Яндекс.Таксиде» тарифті жүргізуші емес, сервис белгілейді: таксист тарифтің қандай екенін жолаушыны апарып тастағаннан кейін біледі», – дейді ол.
Дегенмен, «такси қызметі қомақты табыс әкелмейді» деген пікірді жоққа шығаратын жайттар жетерлік. Мысалы, кейінгі кезде төл машинасы бар мемлекеттік қызметшілердің интернет-агрегаторлар мен автотасымал сервистерінде тіркеліп, сол арқылы жолаушылар тасып, қосымша пайда табуы жағдайлары көбейіп кеткен екен.
Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, шенеуніктерге «педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға» қатаң тыйым салынған. Сондықтан, мемқызмет істері ведомствосынан осы мәселеге қатысты түсініктеме сұраған кадр бөлімдерінің өтініштері қаптады: «Мемлекеттік қызметішілердің «Яндекс.Такси» және «Индрайвер» мобильді қосымшаларына тіркелу арқылы көлік қызметін ұсынуы кәсіпкерлік қызметке жата ма?» деп сұрайды солардың бірі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова оған жол бермеген жөн деген ауанда жауап жолдады.
«Заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілердің кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ. «Автомобиль көлiгi туралы» заңының 1-бабының 25-2) тармақшасына сәйкес таксимен тасымалдаушы – бұл жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға болып табылады. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлік кодекстің 2-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтардың қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған дербес, бастамашыл қызметі де кәсіпкерлік саналады. Осының негізінде, көлік қызметін ұсыну қызметі – кәсіпкерлік қызметке жатады деп пайымдаймыз», – деді агенттік төрайымы.
Қазақстандықтар осы саланың толығымен заңдастырылғанын қалайды. «Егер еліміздегі әрбір таксист салық органында кәсіпкерлігін рәсімдеп, тиісті салықтарды төлесе, ал салонында есептегіш тұрса, тарифі ресми бекітілсе, ешкім де оларға қарсы бір сөз айтпас еді. Сонда «қаласаң пайдалан, қаламасаң жаяу жүр» деп ұялмай айтуына болады. Есептегіште қанша шақырым көрсетілсе, еш даусыз, тарифі бойынша ақысын төлер едік. Ол болмаған соң, қалағанның бәрі таксилететін болып алды. Шақыруыңа кімнің келетінін білмей, қорқасың. Ал бағасы барлық салықты төлеп жүргендей қымбат. Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде жолаушылар тасымалы толығымен өркениетті жолға қойылған, мемлекет бақылауында. Таксишілер сұрайтын құнын ойдан шығара салмайды», – дейді Екібастұздан келген қонақ Людмила Зубкова.
Ал жеке кәсіпкер Арман Әбдіхалық салаға жауапты орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдаған өтінішінде әлгі қосымшаларға қазақстандықтар аударған миллиардтар шетелге – Ресейге кетіп жатқанына және олардың бізге салық төлемейтініне назар аудартты. Бүгінде ішкі нарыққа Қытайдың DiDi сервисі де кіруде.
«Біздің елімізде ІnDriver сияқты сервистерді пайдаланушылар қатары көбейіп, еліміздің біраз қаражаты өзге елдерге кетіп жатыр. Таксишілер бұл халықаралық сервистерге өз табыстарының бір бөлігін береді. Соны мемлекеттік деңгейде реттеген жөн. Тіпті «ДамуМед» секілді барлығына бірдей отандық қосымшаны мемлекеттік деңгейде енгізуге болады. Сонда біраз мәселе шешілер еді. Біріншіден, шетелге кететін қаржы азайтылады. Екіншіден, елімізді осылай жолаушылар мен қол жүгін тасушылардың көбі заңсыз кәсіппен айналысып жүр. Олар күнгейге шығып, кәсібін заңдастырар еді. Олардың әлеуметтік құқығы қорғалар еді. Үшіншіден, такси қызметін пайдалану ісі біршама қауіпсіз бола түседі», – деген ұсыныс айтты бизнесмен.
Елімізге осы саладағы халықаралық ірі интернет-агрегаторлардың келуі – Қазақстандағы жолаушылар мен жүктің қалаішілік және қалааралық тасымал нарығының табысты екенін паш етеді. Демек, одан бюджетті толтыратын қомақты алым-салық жинауға мүмкіндік бар. Салықшылар осы бағытты назардан тыс қалдырған секілді. Ресейлік танымал такси шақыру сервисінің баспасөз қызметінің басшысы Павел Стенников мәселені шешуге болатынына сенімді. «Бұл тұрғыда Қазақстанға қарағанда, Ресей заңнамасы әлдеқайда жетілдірілген. Мысалы, Ресейде «жеке кәсіпкер» немесе салық төлейтін «өзін-өзі жұмыспен қамтушы» ретінде тіркелмеген адам ІnDriver, Yandex.Taxi және басқа сервистер арқылы жеке тасымал қызметімен айналыса алмайды. Оған заңнама рұқсат етпейді. Егер заңды айналып өтсе, құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырайды. Сондықтан амалсыз, бизнесін заңдастырады.
Егер Қазақстан да ұлттық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізсе, агрегаторлар соны орындауға мәжбүр болады. Ал такси қызметімен айналысатындардың бәрі жеке кәсіпкерге айналады. Мысалы, бізде осы заң енгізілгелі, тек Татарстанда ғана кәсіпкер мәртебесіндегі жеке тасымалдаушылар саны бір жылда 10 мың адамға өсіп шыға келді!» – дейді сарапшы. Оның мәліметінше, Ресейде жеке кәсіпкерлікті тез – 1 күн ішінде тіркеуге болады. Сонымен бірге көршіде такси қызметімен айналысатындар лицензиямен жұмыс істейді. Бұл таксишілерді тәртіпке келтіреді, олар қылмыс жасаудан аяғын тартады. Әйтпесе, лицензиясынан айырылады.

Баян Бақкелді