Қазақстандағы баспа нарығы қандай жағдайда? - Деловая Жизнь Казахстана
izdatelstvo Қазақстандағы баспа нарығы қандай жағдайда?
Баян Бақкелді 01 апреля, 2022 940 Бизнес На прочтение: 7 минут

Қазақстандағы баспа нарығы қандай жағдайда?

Баспа өндірісі саласын Үкіметте қарау керек.

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды қалыптастыру кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Таяу жылдары еліміз ғаламат өзгерістер алаңына айналады. Әр түрлі салада өндірістер бой көтеріп, қарқын үдеп, жүйелі түрде өнім өндірумен айналысатын боламыз. Бұл – қуанышты жайт. Себебі, мұнай бағасы құлдырағанда, қаржы дағдарысы қысқанда қалт-құлт етіп күн кешуге тура келді. Бізге тығырықтан шығаратын жалғыз жол – өндіріс, отандық өнім шығару. 

Өнім өндірудің бір саласы – баспа өндірісі. Күнделікті өмірде нан қандай қажет болса, баспа өндірісі де соншалықты қажет. Бұл сала кешегі тарихымызда – соғыс жылдары, ашаршылық жылдары, репрессия жүріп жатқанда да тоқтаған емес. Қазір де, сырт қарағанда үздіксіз жұмыс істеп жатыр.

Бірақ бір ғажабы, бізде баспа өндірісін бар деуге де, жоқ деуге де болады. Мәселен, оқулық кітаптар шығып жатыр. Егер оқулық шықпаса, мектеп, басқа да оқу орындары тоқтайды. Яғни, оқулық кітап өндірісі бар. Сол оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні де рас. Ақын-жазушылар мен ғалымдардың басқа да түрлі тақырыптағы кітаптардың 500, 1000 данамен, мемлекеттік тапсырыспен 2000 данамен шығуы Қазақстандай ел үшін шын мәнінде ұят нәрсе.

Себептер қандай?

Кеңес кезінде поэзия кітабы 30 000, проза 60 000, тіпті «Көшпенділер» 100 000 тиражбен шықты. Рас, ол кезде баспалар көп емес еді. «Жазушы», «Қайнар», «Қазақстан», «Мектеп» деген сияқты бес-алты баспа болды. Сол баспалар 100 000 тиражбен кітап шығарып, бір ауданның табысын беретін. Қазір нарық, тиын есептелетін заман. Атамекенінде сол қазақ тұрып жатыр. Кітапқа деген сұраныс, таралым, сол өндіріс қайда кетті?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономиканың барлық саласы тоқтады. Тек күнделікті өмірге қажетті ғана дүниелер шығарылды. «Кітап өтпейді», «кітап жетпейді» деп  жүріп, кеңес дәуірінен қалған баспа өндірісін де, оқырманды да жоғалтып алдық.

Әрине, «оқырман мүлде жоқ» деп айту қателік болар. Өзіндік нарық дәстүрі бар шаруашылық есептегі кітап өндірісінің кеңестік жүйесі жойылды, халықтың назары күнделікті күнкөріс қамына ауып кетті, оның үстіне ғаламтор заманы да келіп жетті. Қазір баспа өндірісінің әлемде заманға сай, озық технологиясы бар. Америка мен Еуропаның өркениетті елдерінде де кітап дүкендері бар. Бізде де ірі қалаларда кітап дүкендері жоқ емес. Бірақ, нарық талабындағы баспа өндірісі сол күйі толық еңсесін тіктей алмады. Неге? 

«Қазақстанның халқы аз. Сондықтан, кітаптың тиражы аз, ақтамайды» деген пікір бар. «Кітап – тауар, оны сатуымыз керек. Бес-алты жазушы болу керек. Солардың кітабы өте көп тиражбен сатылуы қажет» деген де теория бар. Тағы бір көзқарас – «кітап – идеология, там-тұмдап, бір екі мың данамен шығып тұруы қажет» дейді. Сөйтіп, баспа саласы әлсіреп болса да, өмір сүріп келеді.

Кітап өндірісі – кәсіп

Кореяда ұран болды: «Жапонның мәшинесі артық. Бірақ біздің өз мәшинеміз болу керек. Қытайдың тамағы артық, бірақ өз тамағымызды ішуіміз керек. Батыстың киімі артық, бірақ өз киімімізді киюіміз керек!». Олар осылайша өздерінің өндірістерін дамытты. Осы әдісті қолдануымыз керек.

Үкімет өндірісті мықтап қолға алды. Шағын бизнес, орта бизнес, инновациялық жобалар деген сияқты. Баспа өндірісінде осындай шаралар неге қолданбасқа? Бұл да бір кәсіптің түрі емес пе? Біз неге кітап саудасын ұйымдастыра алмай жатырмыз?

Бізде орыс тіліндегі кітаптарға деген сұраныс керемет. Ресей басылымдарының кітап дүкендерінде сықып тұрғаны осы. Яғни, бұл табиғи, нағыз сұраныс. Ал қазіргі айналысып жүрген шаруамыз, біздегі насихат, біздегі таралым, мемле­кеттік тапсырыс – бәрі жалған көзбояушылық.

«Бізде кітаптар шығып жатыр» деген көзқарас қалыптастыру үшін ұйымдастырылып отыр. Біз даму дәрежеміздің түрлі салалары жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымына есеп береміз. Бұл шаралардың бәрі сол үшін керек. «Қазақстанда сонша кітапхана, мұнша Мәдениет үйі, пәленше мектеп салып отырмыз, осынша кітап шығардық» деген сияқты.

Мәселен, отбасылық кітап. Кез-келген отбасында өзінің отбасылық тарихы жазылған кітап тұрса. Алдымен сол отбасы өзінің ата-бабаларының кім болғанын біледі, туған-туыстарының ішінде өнегелі адамдарды таниды. Мұның несі жаман. Бұл өзімізді өзімізтану үшін, тәрбиелеу үшін керек емес пе? Екінші жағынан жүздеген мың тиражбен кітап шығып, өндіріс дамиды.

Кітап өндірісі – кәсіп. Мен осы кәсіппен айналысқым келеді. Қазіргі жүріп жатқан әдеби процестен хабарым бар. Осы кәсіпті бастау үшін не істеуім керек? Жұрт баспа кітап шығарады деп ойлайды. Баспа – шығармашылық ұйым. Кітаптың шығатын жері – баспаханада. Екеуі бірігіп еңбектенеді де кітап дүние есігін ашады. Қазіргі бас­палар – қуыршақ баспалар. Егер Үкімет қаржы құйылып жатқан «құбырды» жауып қойса, еліміздегі баспалар мен газет журналдардың көбі ертеңдері-ақ жабылып қалады. Тарап кетеді…

Мұндай жағдайдың бәрін озық елдер бір кезде басынан кешірген болар. Онда кітап саудасының биржасы бар. Ол – баспа, жазушылар, оқулық жазатын адамдар, сатушылар, тасушылар – барлығының басы біріккен үлкен қоғам. Ең басты мәселе – кітап бағасы тұрақты. Кітап шыққан күннен бастап үш жылға дейін белгілі бір кітапқа сұраныс қанша артып тұрса да бағасын қымбат қоя алмайсың. Ал кітап өтпей жатса, бағасын төмендете алмайсың. Ол бағаны баспагердің де сатушының да өзгертуге құқы жоқ. Сатушының еңбегі сол бағаның ішінде тұр.

Қазақстан секілді жас мемлекетте баспа өндірісінің барлық саласы шаш етектен зиян болып, сондықтан, бұл салаға шын мәніндегі кәсіпкер аяқ баспай отыр. Бұл саланың идеология болатын себебі – Үкімет қорғамаса, тендер бермесе «Егеменнен» бастап барлығы жабылып қалады. Егер кітаптың бағасы тұрақты болса, осы салаға қатыстыкәсіпкерлердің барлығының пайдасы мен кәсіпкерлер аузынан жырып беретін жарнамаға кететін қаржыға дейін ескерілетін кітап сауда биржасын ұйымдастырсақ деген арман санама сәуле береді де тұрады.

Тағы бір ащы шындық – біздің қолымызды мемлекеттік тапсырыс байлап тұр. Ал мемлекеттік тапсырысты жойсақ, баспа саласында бір күнде 1991 жылдағы жағдайға қайта айналып келеміз. Кітап та, газет те шықпай қалуы мүмкін. 

Мемлекеттік тапсырыс қазіргіден 90 пайызға азаю керек. Мемлекеттік тапсырыстың қарамағында 10 пайыз қалса жеткілікті. Сол 10 пайыз Үкіметтің саясаты, стратегиясы мемлекеттік қауіпсіздікке қажетті деген сияқты әдебиеттер шығуы тиіс. Қалған түрлі тақырыптағы кітаптар, мәселен, Абайдың, Әбіш Кекілбаевтың кітаптары неге мемлекеттік тапсырыспен шығуы керек?

Бизнес өкілдері бұл салаға келмей жатыр. Алайда көптеп шағын кітап дүкендерін ашу керек. Яғни, жергілікті әкімдердің қолдауымен, қадағалауымен ашылуы керек. Оның тетігі жергілікті әкімнің қолында болуы керек. Әзірге бір ауданға бір кітап дүкені жетеді. Сонда кітап халықтың алдына барады. Халық өзіне керекті кітаптарын өзі таңдап алады. Үкімет осы шараны жүзеге асырғанда ғана жыл сайын тендерлерге жұмсалатын қаржы үнемделер еді. Дүкен деген бір-ақ рет қаржы салатын шаруа. Ал еліміздің аудандарында бірде-бір кітап дүкені жоқ! кәсіпкерлердің барлығының пайдасы мен кәсіпкерлер аузынан жырып беретін жарнамаға кететін қаржыға дейін ескерілетін кітап сауда биржасын ұйымдастырсақ деген арман санама сәуле береді де тұрады.

Ал еліміздің аудандарында бірде-бір кітап дүкені жоқ!

Тағы бір ащы шындық – біздің қолымызды мемлекеттік тапсырыс байлап тұр. Ал мемлекеттік тапсырысты жойсақ, баспа саласында бір күнде 1991 жылдағы жағдайға қайта айналып келеміз. Кітап та, газет те шықпай қалуы мүмкін. 

Мемлекеттік тапсырыс қазіргіден 90 пайызға азаю керек. Мемлекеттік тапсырыстың қарамағында 10 пайыз қалса жеткілікті. Сол 10 пайыз Үкіметтің саясаты, стратегиясы мемлекеттік қауіпсіздікке қажетті деген сияқты әдебиеттер шығуы тиіс. Қалған түрлі тақырыптағы кітаптар, мәселен, Абайдың, Әбіш Кекілбаевтың кітаптары неге мемлекеттік тапсырыспен шығуы керек?

Бизнес өкілдері бұл салаға келмей жатыр. Алайда көптеп шағын кітап дүкендерін ашу керек. Яғни, жергілікті әкімдердің қолдауымен, қадағалауымен ашылуы керек. Оның тетігі жергілікті әкімнің қолында болуы керек. Әзірге бір ауданға бір кітап дүкені жетеді. Сонда кітап халықтың алдына барады. Халық өзіне керекті кітаптарын өзі таңдап алады. Үкімет осы шараны жүзеге асырғанда ғана жыл сайын тендерлерге жұмсалатын қаржы үнемделер еді. Дүкен деген бір-ақ рет қаржы салатын шаруа. Ал еліміздің аудандарында бірде-бір кітап дүкені жоқ!

Үкімет баспаларды мемлекеттік тапсырыс деген тегін нәрсеге үйретіп алды. Қазір біздің баспалардың барлығы жыл бойы тендер күтіп, жем күткен балапан құсап аузын ашып отыр. Баспалар ізденуден, жұмыс істеуден қалып бара жатыр. Біз оларды жалқау деуден аулақпыз. Кітап нарығы қалыптаспаса олар қайтеді? Егер баспалардың арасында бәсекелестік тудырамыз десек, алдындағы тегін астауды алып тастауымыз керек. Шет елдердегі кітап биржасы деген сол. Алдымен аздаған тираж шығарылады. Ары қарай өтіп жатса, шығара береді. Кітап нарығы деген сол.

Кітап шығару – баспаның ісі. Баспагер нарықпен бетпе-бет келгенде, өз ақшасына оқулық шығарған кезде оқулықтың сапасы лезде жақсарады. Ал бізде бала кітапты алса да алады, алмаса да алады. Басыңды қатырып қайтесің. Ең арзан авторды, ең арзан шикізат тауып ал да шығара бер.

Кітап оқып өскен буынның көзі тірі әлі. Жекеменшік кәсіп осылай дамыса керек! Аудан орталығындағы дүкен барлық баспамен байланыс орнатады. Яғни, кітап дүкендерін ашу керек! Үкіметтен көмек сұрау керек. Кітап — жартылай кәсіп, жартылай идеология. Үкімет жыл сайын тапсырыспен кітап шығаруға қаржы бөле бергенше көп болып қолға алып, аудан орталықтары мен шағын қалаларда бір рет дүкен ашып берсе және ол дүкен ертең сыраханаға айналып кетпеуін қадағаласа, кітап кең байтақ Қазақстанның барлық аймағына жетеді. Ар жағын әр автор өз бағынан көрмей ме? Сөйтіп көш жүре түзеліп, сұраныс бар кітаптардың тиражы өсіп, баспалар да байымай ма? Нарық сонда қалыптаспай ма? Нарық қалыптасу үшін мемлекеттік тапсырысты, оқулықтарды тегін таратуды жойып, сапалы және арзан жолмен кітап басуды ұйымдастырумен, оны таратумен, сатумен айналысу керек. Дүкен ашу оңай шаруа емес. Үкімет халыққа сиыр сатып алу үшін «сыбаға» деп айдар тағып, ақша беріп еді ғой, сол сияқты баспа ісіне көмек неге болмайды? Жаңағы баспа өндірісін жүргізбей тұрған түйткілдің нүктесі осы емес пе?

Кеңсе тауарлары кәсібіне қарап отырсақ, дүние жүзіндегі ең қымбат тауар бізде екен. Мынау қаламсап, фломастер дегендеріңіздің бәрі біздің мұнайдан шығады екен. Баспахана бояулары, кеңсе тауарлары күнделікті өмірге нан секілді қажет нәрсе. Бұрын бір Алматыда бес дәптер шығаратын зауыт бар еді. Сабан – тегін. Қағаз шығар. Байқап тұрсақ тауардың қанша түрін өзімізде шығарамыз. Жұмыс орындары пайда болады. Жалпы, Қазақстанда кітап сатып алуға қажеттілік жоқ. Оның бәрін Үкімет өз мойнына алып отыр.

Сол оқулық сатып алуға барған адам дүкенде көздің жауын алып тұрған кітап сөрелеріне көзі түседі. Балалар әдебиеті, Абай да, Мұқағали да тұр. Ол Абайды сатып алады. Сонан соң сенің кітабыңды сатып алады, сонан кейін менің кітабымды сатып алады. Сөйтіп дәстүр қалыптасады. Ресейдің кітаптарын қараңызшы! Мыңдаған тақырыппен миллиондаған тиражбен шығып жатыр. Қазақстан қалаларындағы ірі кітап дүкендерін солар жаулап алды. Біз күннен-күнге орыс тілді батыс пен Ресей ақпараттарына тәуелді болып бара жатырмыз. Таяу арада ағылшынша тіліміз шығайын деп тұр. Қалай дегенмен де,  баспа өндірісін нарықтық жолмен қалыптастыру мемлекеттің көмегінсіз жүзеге асуы мүмкін емес.