Ұлттық қордың шығыны түсімінен 3 есе көп - Деловая Жизнь Казахстана
natbak Ұлттық қордың шығыны түсімінен 3 есе көп
Редактор 27 мая, 2021 747 Блог «Налоги Алматы» На прочтение: 2 минуты

Ұлттық қордың шығыны түсімінен 3 есе көп

Ұлттық банк 2020 жылдың есебін жариялады.  Былтыр Үкімет Ұлттық қордан 4,8 трлн теңге алған. Соның әсерінен қордың түсімі үш есе азайды Ұлттық банк 2020 жылды…

Ұлттық банк 2020 жылдың есебін жариялады.  Былтыр Үкімет Ұлттық қордан 4,8 трлн теңге алған. Соның әсерінен қордың түсімі үш есе азайды

Ұлттық банк 2020 жылды Ұлттық қордағы активтерді қалай басқарғаны туралы есеп жариялады. Пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланып, экономика тығырыққа тірелгенде Ұлттық қордың аузындағы тиек ағытылғаны белгілі. Бір жылда келешек ұрпақтың несібесінен 4,8 трлн теңге алыппыз. Бұл жайтқа өткен жылдың ауыр болғанын, пандемия мұнайдан түсетін табысты кеміткенін ескеріп көз жұмып қарауға болатын еді. Бірақ соңғы жылдары Үкімет қит етсе, Ұлттық қорға қол салатын жаман әдет тауып алды. 2019 жылы қордан 3,1 трлн теңгенің алынғаны соған дәлел. Үкіметтің ресми сайты ол кезде Ұлттық қордан алған 3,1 трлн теңгенің түгелдей халықты әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалғанын айтты.
Үкіметтің баспасөз қызметінің биыл 10 ақпанында жариялаған мәліметі бойынша, 2020 жылы әлеуметтік төлемдерге 3 трлн 434,7 млрд теңге жұмсалған. Әлеуметтік төлем 4,6 млн адамға тағайындалған. Демек, биыл Ұлттық қордан алынған 4,8 трлн теңгенің 1,3 триллионы басқа салаларға бағытталған.  «Ұлттық қордан бюджетке берілетін түсім 2019 жылғы 3,1 трлн теңгеден 2020 жылы 4,8 трлн теңгеге дейін 55,4%-ға ұлғайды»,– деп жазылған Ұлттық банк есебінде. Болашақтың қорынан алынған қаражат 55 пайыз артса, қорға түсетін түсім одан үш еседен астам кем болған. Мұны ақшаға шақсақ, 1,6 трлн теңгенің шамасында деген сөз. Оның себебін Ұлттық банк мұнай секторындағы кәсіпорындардан түсетін тікелей салықтың 50,6%-ға төмендеуіне байланысты деп отыр. Оның ішінде корпорациялық табыс салығы 65,4%-ға, жасалған келісімшарттар негізінде Қазақстанның өнімді бөлу үлесінің 34,4%-ға азаюы тіркелген. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы 21,9%-ға, экспортталатын шикі мұнайға рента салығы 62,8%-ға төмендеген.
Тек Ұлттық қорды басқарудан түскен кіріс өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан. «Есепті кезеңде Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін басқару процесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырды. Ұлттық банк басқармасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 56 қаулысымен Ұлттық қордың жинақ портфеліндегі «Дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары» мандаты үшін эталондық портфельдің жаңа құрамы бекітілді. Осылайша, 2020 жылдың мамыр айынан бастап АҚШ долларының үлесі 62,50%-ға дейін ұлғайып, Корея вонындағы облигациялардың үлесі 0%-ға, еурооблигациялар 12,50%-ға дейін төмендеді. 2020 жылғы тамызда Қытай юанінде портфель пайда болды. Оның нарықтық құны 2020 жылдың соңында шамамен 416 млн АҚШ доллары немесе жинақ портфелінің 0,76% сомасына тең болды. Сонымен қатар, нарықтағы белгісіздік жағдайында Ұлттық қордың тәуекелі төмен активтерінің үлесін сақтау үшін инвестициялық операцияларды жүзеге асыру қағидаларына 5 млрд АҚШ доллары сомасында тұрақтандыру портфелінің азаймайтын көлемі белгіленді»,– деп жазады Ұлттық банк сарапшылары.
COVID-19 пандемиясынан туындайтын инвестициялау тәуекелін барынша азайту үшін Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасын жаңа стратегияға сәйкестендіру мерзімі 2022 жылдың соңына дейін, яғни, тағы бір жылға шегерілген. Ұлттық қор активтерінің құнды күйінде сақтау үшін банк саласын реттеуші орган 600,732,1 унция  немесе 18,7 тонна алтын сатып алған. Соның әсерінен Ұлттық қордағы алтын портфелінің нарықтық құны 2020 жылғы 31 желтоқсанда 2,4 млрд АҚШ долларыне тең болған. Бұл – барлық жинақ портфелінің 4,41%-ы деген сөз. «Ұлттық қор портфелінің жалпы нарықтық құны 2020 жылдың қорытындысы бойынша 61,4 млрд АҚШ доллары болды. Оның ішінде валюталық портфель көлемі – 58,7 млрд АҚШ долларына тең. Валюталық портфельдің құрамындағы тұрақтандыру нарықтық құны 4,3 млрд доллар болса (7,25%),  жинақ портфельдерінің нарықтағы құны 54,5 млрд долларға жетті (92,75%). 2020 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ұлттық қордың кірістілігі 103,44% болды»,– делінген Ұлттық банк есебінде. Ұлттық қордағы дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларының құрамы мынадай: 1) Сыртқы басқарудағы дамушы елдердің мемлекеттік облигациялар портфелі. Активтерді басқару нәтижесі бойынша кірістілік 5,85%-ды құрады, ал бенчмарктың кірістілігі 5,71% болды. 2) Ұлттық Банктің дербес басқаруындағы Қытай юаніндегі портфель. Құрылған сәттен бастап (2020 жылғы тамыз) 2020 жылдың соңына дейін Қытай юаніндегі портфельдің кірістілігі 6,02%-ды құрады. Бұл портфель үшін Бенчмарк көзделмеген. 3) «Инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар» мандатын басқару нәтижесі бойынша кірістілік 13,04%-ды құрады, ал бенчмарктің кірістілігі 8,82% болды. 4) «Жаһандық акциялар» мандатын басқару нәтижесі бойынша кірістілік 13,67%-ды  құрады, ал бенчмарктің кірістілігі 16,42% болды. 5) «Активтерді жаһандық тактикалық бөлу» мандатын басқару нәтижесі бойынша кірістілік 7,36%-ды құрады.